«Алғашқы жұмыс орны»: жұмыссыздарға жаңа мүмкіндік Избранное

Среда, 04 Август 2021 05:08 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2860 раз

Үшінші мегаполисте Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы аясында «Алғашқы жұмыс орны» жобасы басталды. Жаңа бағдарламаның артықшылығы қандай? Оған кімдер және қалай қатысуға болады? Сауалдарға қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Жаннат ОСПАНХАНОВА жауап берді.

631

 

– Қаламызда жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту шаралары жүйелі жүргізілуде, - деді Жаннат Бахытжанқызы. – Әсіресе, жас мамандар университетті немесе колледжді бітіргеннен кейін бірден жұмыс таба алмай бос жүріп қалатыны белгілі. Өйткені, жұмыс берушілер әдетте тәжірибесі бар кадрларға басымдық жасайды. Ал мектеп бітіріп, жоғары оқу орындарына түсе алмай қалғандардың жағдайы одан да қиын екені айтпаса да түсінікті. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін елімізде жаңа бағдарлама өз жұмысын бастады. Бұл жоба алғаш рет жұмыс іздеп жүрген түлектер, жиырма тоғыз жастан аспаған жұмыссыздар, оның ішінде жұмыс тәжірибесі жоқ NEET санатындағы жастарды қамтиды.

635


Жаннат Оспанханова аталған бағдарламада жұмыс беруші тұрақты жұмыс орынға 24 айдан кем емес мерзімге жұмысқа орналастыратынын айтады. «Алғашқы жұмыс орны» жобасының талабына сәйкес, жұмыс беруші, сондай-ақ, жұмыспен қамту орталығымен жас маманды кем дегенде 2 жылға тұрақты жұмысқа қалдыру жөнінде келісім жасайды. Сонымен бірге, жұмыс істеген бірінші жылы мемлекет қызметкердің ай сайынғы жалақысына 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде субсидия береді. Одан кейінгі 12 айда жалақыны жұмыс беруші төлейді. Бұл ретте жас маманның себепсіз жұмысынан босап қалмауын орталық өз бақылауында ұстайды. Нәтижесінде жас маман екі жылда тәжірибе жинақтайды. Бұл өз кезегінде жастар арасында жұмыссыздық деңгейін төмендетеді.
– Жаңа бағдарламаны көпшілік «Жастар практикасы» жобасымен шатастырып жатады. Мұндағы айырмашылық «Жастар тәжірибесінде» соңғы үш жылда жоғары оқу орнын тәмамдаған жас түлектерге 6 ай еңбек өтілін жинауға жолдама беріледі. Ондағы бекітілген жалақы мөлшері – 25 АЕК. Ал «Алғашқы жұмыс орны» аты айтып тұрғандай жұмыс тәжірибесі жоқ 29 жасқа дейінгі азаматтарға арналған. Екі бағдарламаның ұқсастығы болғанымен жалақы мөлшері және жұмыспен қамтылу уақыттарында айырмашылық бар. Жаңа жобамен жұмысқа орналасуға көп балалы немесе аз қамтылған отбасы мүшелеріне, еңбекке қабілетті мүгедектер мен техникалық және кәсіптік мамандық иелеріне басымдық беріледі.
Негізінде жұмыссыз адам тұрғылықты мекенжайы бойынша жергілікті жұмыспен қамту орталығына барып тіркелгені тиімді. Ең әуелі орталық лайықты жұмыс іздестіріп, жұмысқа орналасуға жәрдемдеседі. Яғни жұмыспен қамтуға көмектесудің белсенді шаралары жөніндегі көрсетілетін қызметті тегін ұсынады. Жұмыссыз адамға кәсіп түрін таңдау немесе өзгерту, әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жөнінде де тегін кеңес беріледі, - дейді бөлім басшысы.
Жұмыспен қамту орталығында мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде жыл басынан бері 12 654 адам жұмыспен қамту шарасына қатысқан. Оның ішінде, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерге оқытуға 1900 адам жіберіліп, 21 азамат несиеге қол жеткізген. 600 тұрғын мемлекеттік грант алған. Сонымен қатар, 4279 адам бос жұмыс орындарына, 211-і әлеуметтік жұмыс орындарына, 1078-і жастар практикасына, 2825-і ақылы қоғамдық жұмыстарға орналасыпты.
– Биыл «Жастар практикасы» жобасы аясында 2500 маманға жолдама беру жоспарланған. 1000-нан астам жас бүгінде жұмыспен қамту шараларына қатысып отыр. Жаңа бағдарламаға 8 адамнан өтінім түсті. Бұл тиімді жоба деп айтқан болар едім. Алысқа бармай-ақ, өзімді мысалға алсам, дипломды қолыма алып маман атанғанда жұмысқа қалай тұрамын деп біраз есіктің табалдырығын тоздырдым. Жұмыс беруші еңбек өтілі бар кадр іздейтін. Қазір бұл мәселеде мемлекет тарапынан шешім табылып, жұмыссыз жастарға бірқатар қолдау қарастырылған. Бұл жерде жас маман өзіне қажетті жұмыс орнын таңдау құқығына ие. Еңбек нарығында кәсіптік-техникалық мамандықты меңгергендерге сұраныс жоғары. Педагогтер мен мемлекеттік қызмет – екінші орында. Сол себепті болашақ маман иелерін еңбек нарығының сұранысына сай мамандық таңдауы өзекті мәселе, - дейді ол.
Әйгерім Дарханова – орталықтың көмегімен жұмысқа орналасқан жас маманның бірі. Әйгерім өз мамандығымен жұмысқа орналаса алмай жүріп қалғанын айтады. Жаңа бағдарламаның басталғанын естіген ол көп ойланбастан Халықты жұмыспен қамту орталығына өтініш қалдырған. Көп ұзамай оның өтінімі қабылданып, бүгінде жас маман балабақшада бүлдіршіндерге ағылшын тілін меңгеруіне барын салып жүр.
– Замандастарымның көбі мемлекеттік қолдау шараларынан қалыс қалып жүр. Жас мамандарға демеу беретін мемлекеттік бағдарламалар көп. Бастапқыда жалақысы аз болғанымен, тәжірибе жинақтайсың. Қазіргі жұмысым өзіме ұнайды, - дейді жас маман.
Статистикаға сүйенсек, Шымшаһарда 240 мыңға жуық жас болса, олардың арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші 3,8 пайызды құрайды. Жұмыссыздық мәселесін шешуде «Жастар ресурстық орталығының» жанынан құрылған арнайы топ бүгінде жастар арасында мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру жұмыстарын қарқынды жүргізуде.
– Қаладағы төрт аудан мен шалғай тұрғын алаптарда тұратын жастарға «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасын насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Онда орталыққа келген жастарға жұмыспен қамту, тұрғый үй және кәсіпкерлік бойынша мемлекеттік бағдарламаларр туралы кеңестер беріледі, - дейді Жастар ресурстық орталығы «Жастарға қызмет көрсету» бөлімінің басшысы Ботакөз Тұрлыбекқызы.
Бүгінде еңбек етемін деген жандарға мүмкіндік мол. Мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланса болғаны. Абай атамыз «адам бол, мал тап» дейді. Демек мал табу үшін әр жанның ынта-ықыласы ғана мақсатқа жеткізбек.