#6 ШЫМКЕНТ – мәдени астана Избранное

Пятница, 06 Август 2021 03:50 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 882 раз

2019 жылдың 9 желтоқсаны. Осы күні Беларусь Республикасының Брест қаласында «ТМД елдерінің 2020 жылғы мәдени астанасы» мәртебесі Шымкент қаласына ресми түрде берілді. UNESCO қаламыздың тарихы кемінде 2 200 жылдан сыр шертетінін ресми мәлімдеді. Осылайша, 2020 жыл көне Шымкент үшін 2200 жылдық тарихпен һәм ТМД елдерінің мәдени астанасы атанғанымен елдің есінде қалды.

652

 

Өнерлілер ордасы

Шымшаһардың «ТМД елдерінің 2020 жылғы мәдени астанасы» атануы біз үшін қандай жоғары мәртебе болса, оның жауапкершілігі де сондай ересен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Шырайлы Шымкент шаһары Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің мәдени астанасы ретінде баршаға танылды. Бұл – қала тұрғындары және бүкіл Қазақстан халқы үшін зор жетістік. Осы игі бастама төл мәдениетіміз бен өнерімізді танытып, қазақтың салт-дәстүрін насихаттауға мол мүмкіндік берді. Сондай-ақ, рухани құндылықтары сабақтас халықтар арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға жол ашты», - деген сөзі көп нәрсені аңғартып тұр. Республикамызда бізге дейін 2012 жылы Нұр-Сұлтан, 2014 жылы Алматы қаласы ТМД-ның мәдени астанасы статусына ие болған-ды. Біз, шымкенттіктер, мәдени астана мәртебесіне қалай қол жеткіздік?

Тәуелсіздіктің 30 жылында Шымшаһардың мәдени көкжиегі жыл санап кеңейіп, дамудың даңғыл жолына түсті. Егемендік алған 1991 жылы қалада 2-3 театр ғана болса, бүгінгі таңда 6 бірдей театр мегаполис мәдениетін қалыптастыруға барын салып келеді.

Тәуелсіздік жылдары қаладағы театрлардың ұжымдары Ресей, Түркия, Өзбекстан, Қызғызстан мемлекеттеріндегі театр фестивальдеріне қатысып, жүлделі орындарға ие болып, лауреат атанды. Атап айтқанда, «Шымкент-Цирк» мекемесінің өнерпаздары Индия, Мысыр, Қытай, Түркия, Ресей, Қырғызстанда өнер көрсетіп, еліміздің, қаламыздың атын шығарып жүр. Мекеме директоры Нұрлан Ыдырысов мәдениет саласында 39 жылдан бері еңбек етіп келеді. Егемендік жылдардағы мәдениеттің тарихи куәгері облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығында оператор, әдіскер, көркемдік жетекші, сосын басшылық қызметіне дейін сатылап өскен. Өнердің өз адамы 90 жылдардағы сахнаны былай еске алады: «Ол уақытта қала бюджеті бір орталықтан тарайтын. Орталықтандырылған бюджет болғандықтан, материалдық-техникалық базаға, музыкалық аппаратураға қаржы жетіспейтін. Қазіргідей проекция мен LED экран жоқ. Бутафор суретшілер ұрандарды қолмен жазады, сосын оны қолмен іліп, безендіреміз. Оның бәрі өте қиын. Адамның еңбегі орасан еді. Қазір тәуелсіздігіміз жыл өткен сайын жемісін беріп келе жатыр. Цифрландырылған радиомикрофон, проектр, LED экран пайда болды», - дейді ол.
Биылғы жылдың наурыз айында сахналанған премьералық «Домалақ ана» қойылымында LED экран қолданылуы шаһар мәдениетінің опера жанры үшін тың жаңалық болғаны сөзсіз. Бұл бір ғана мысал. Черчилль айтты делінетін атақты тәмсіл бар. Соғыс басталып, қаржы министрі оның алдына келіп «Қазынаны қару-жарақтың пайдасына қысқарту керек» дегенде, Черчилль: «Біз нені қысқартамыз?», - дейді. Министр мәдениетті қаржыландыруды 70% -ға дейін қысқартуды ұсынады. Черчилль: «Онда біз не үшін күресіп жүрміз?» деген екен. Сол айтпақшы, еліміз тәуелсіздігінің 30 жылында мәдениетті қаржыландыру еселеп артты. Қала мәдениетінің бюджеті 1991 жылы 420,8 млн теңгеден 2021 жылы 4,8 млрд теңгеге, яғни10 есеге дейін өсіпті. Жалпы, тәуелсіздігіміздің 30 жылында мәдениет саласында материалдық-техникалық база нығая түсуіне де сол қаржылай қолдау себеп болғаны түсінікті.
Республика көлемінде қалалық мәдениет үйінің танымал «Қазына» ұлттық би ансамблі де тәуелсіздік жылдары Бельгия, Жапония, Грузия, Австрия, Болгария, Түркия, Албания, Македония, Ресей, Өзбекстанда өнер көрсетіп, жүлдері орындарға ие болып, лауреат атанып келеді.
«Айгөлек» пен «Ақмаржан», «Достық», «Қазына» би ұжымдары мен Дәрібаевтар ансамблі, Гүлнәр Сиқымбаева, Нышан Төлегенов, Құралай Сәтмұхамбетова, Құрманбай Шойынбаевтар 90 жылдары Шымкент өнерін республикалық, халықаралық додаларда көкке көтерген-ді. Сол бір мәдени қанат жаю бүгінгі мәдени астананың өнер сабақтастығына жетелеп алып келді.

Кітапханалар жаңа форматта

Шымкенттің 30 жылдағы мәдени дамуы туралы сөз қозғалғанда қала кітапханаларының модернизациядан өтіп, комьюнити орталықтарға айналғанын мақтанышпен айтамыз. Тәуелсіздік алған жылдары елдегі экономикалық ахуалға байланысты қала кітапханаларының қорын толықтыруға қаржы тиісті мөлшерде бөлінбеген. 2021 жылы жергілікті бюджеттен кітап алуға 26 млн. 257 мың теңге бөлініп, қор толыққан. Қазіргі уақытта қаладағы 42 кітапхананың қоры 1 млн. 291 мың 623 данаға жетті.

653


Қазіргі технологияның дамыған заманында адамдардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру – өзекті мәселе. Бүгінде елімізде кітап оқу ісіне мемлекеттік және қоғамдық қолдау көрсетілуде. Шымкенттік кітапханалардың тұтас эволюциясына куә болып отырғанымыз тәуелсіздігіміздің жемісі дер едік. Жалпы Шымкент қаласында кітапханалар жеткілікті. Алайда басым бөлігі қаланың орталықтарында орналасқан. Шалғайдағы елдімекендерде жоқтың қасы. Осыған байланысты ендігі кезекте шағынаудандар мен елді мекендердегі лайықты мекемелерден кітапхана филиалдары ашылмақ. Шаһар басшысы Мұрат
Әйтеновтің басшылығымен кітапханаларды дамытудың жаңа тұжырымдамасы мақұлданған. Оған сәйкес дәстүрлі кітапхана ұғымының аясы кеңейе түсті. Мұнда далада әңгімелесіп, ойнауға арналған орын жабдықталған. Жұмыс уақыты да көпшілікке қолайлы. Заманауи дизайн, жаңа технологиялар мен концептуалды толықтырулар енгізілген.
Қайта жаңғыртудан өткен Абай атындағы қалалық орталық кітапханасының тарихы терең. Мекеменің 23 филиалы, 500 мыңнан астам кітап қоры бар. Тарихи маңызы бар кітапханадан 1925-1955 жылғы тарихи кітаптарды, оның ішінде Достоевскийдің кітаптарын, қолжазбаларды кездестіруге болады. Бұл жердің де басты артықшылығы барлығы еркін форматта ұйымдастырылған. Жаңа жұмыс жүйесі, кофехана, сондай-ақ, ғимарат сыртындағы «Абай» муралы, бәрі-бәрі өзгеше стиль, жаңа реңк.
Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы да модернизациядан өткізіліп, бүгінде мүлде басқа кейіпке енген. Оған дейін «Отырар» атын иемденген орталық заман талабына сай оқырмандарға қызмет көрсету ісінің озық жетістіктеріне қол жеткізіп отыр. Кітапхананың залдары ұлы ойшылдың зерттеген ғылыми бағыттарына арнап жабдықталды. Атап айтқанда, ақыл-ой ғылымдары, музыка, жаратылыстану, тіл ғылымдары, логика, құқықтану ілімдері бойынша безендірілді. Мамандар кітапханаларды модернизациядан өткізу арқылы оқырмандар саны 4 есеге дейін көбейетінін алға тартады.
Еліміз бойынша алғашқы отбасылық кітапхана Шымкентте биылғы Наурыз мерекесінің қарсаңында пайдалануға берілді. Аталған кітапхананың ерекшелігі сол, отбасымен бірге тиімді уақыт өткізуге және балалар демалысы үшін қолайлы жағдай жасалған, яғни «үй үлгісіндегі» жаңа форматтағы кітапхана деуге болады. Мұнда әдеттегі оқу орындары шеңберінен шығып, үйірме жұмыстарын жүргізуге, іс-шаралар өткізуге, коворкинг, қауымдастықтар мен клубтарды дамыту мүмкіндігі бар комьюнити орталық болып саналады. Дегенмен, бұрынғыша оқу мен жұмыс істеу үшін ыңғайлы орын болып қала береді.
Яғни, тұрғындар бұл жерге тек кітап оқу үшін емес, шахмат, тоғызқұмалақ ойнап, әңгіме-дүкен құра алады. Кітапханаға қалай барсам болады деп сұрай қалсаңыз, Забадам шағын ауданының әрбір тұрғыны ойланбастан жөн сілтейді. Өйткені кітапхана ғимараты алыстан көз тартады. Отбасылық орында жайланып отырып, кітап оқуға бар жағдай жасалған. Жұмсақ жиһаз, жанға жайлы әуен, айнала толы кітап... Жоба авторы Кристина Бекмурзаеваның айтуынша, жеке тұрғын үй секторында да осындай қызықты әрі креативті орындар жасауға болады. Тар әрі ескі оқу залдарының заманауи демалыс орнына айналған. Бұл жергілікті тұрғындарды әр нәрсеге тың көзқараспен қарауға үйретеді.

Тәуелсіздік жылдары 30-дан аса нысан ашылды

1991 жылы қалада 52 мәдениет нысаны болса, 2021 жылы олардың саны 86-ға жетті. Яғни, тәуелсіздік жылдары 30-дан аса мәдениет және өнер нысаны ашылған.
Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі Шымкентте 2001 жылы қарашада Тәуелсіздіктің 10 жылдығы қарсаңында ашылған еді. Республика көлемінде қуғын-сүргін құрбандарына арналған алғашқы мұражай соңғы үлгідегі ерекше сәулеттік дизайнмен салынған. Қызыл, қара, сұр түспен өрнектелген. Музейдің ішкі залы киіз үйдің бейнесін береді, ал сыртқы көрінісі аспаннан түскен найзағайды бейнелейді. Сұр түс НКВД-нің шинелін, яғни киімін меңзесе, қызыл түс жазықсыз төгілген қанды, қара түс еліміздің басына түскен нәбует, қара күнді еске түсіреді. Музейдің екінші қабатындағы «Тағзым» залындағы қара тақтада халық үшін кеудесімен құм сызған, тоталитарлық жүйеге қарсы, оққа кеудесін тосқан алаш азаматтарының тізімі жазылған.

64


2011 жылы Шымкент қаласының әкімшілік іскерлік орталығында бой көтерген сәулетті ғимараттардың бірі – «Көрме» орталығы. Ашылғанына көп болмаса да, орталық халықтың көз қуанышына айналды. Алып нысанның жалпы ауданы 2600 шаршы метрді құрайды. Екі қабаттан тұратын орталық заманауи құрал-жабдықтармен толықтай жабдықталған. Еуропалық үлгімен салынған орталықта көрме және конференция, іскерлік залдар, сондай-ақ қызметкерлерге арналған бірнеше кеңсе бөлмелері бар. Олардың барлығы да жоғары талғаммен безендендірілген. Мұнда апта, кейде күн сайын түрлі тақырыптарға арналған көрмелер өткізіліп тұрады. Әсіресе, ұлттық қолөнер бұйымдарын насихаттау бағыты жақсы жолға қойылған. 2020 жылы «Көрпе Fest»-ке дейін өткізіліп, ел назарын өзімізге аудартып едік.
2014 жылы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы пайдалануға берілді. Мұнда Қазақстандағы бар халықтың әдет-ғұрып және салт-дәстүрінен хабар беретін материалдар қойылған. Сондай-ақ үш зал бар, бірі – конференция залы болып есептелсе, қалған екі залда көрме ұйымдастырылған. Елбасының «Мәңгілік ел» идеясын арқалаған Қазақстанда теңдесі жоқ орталықта ғасырдан ғасырға жеткен рухани байлығымыз бен мәдени мұрамызды кеңінен насихаттауға, толыққанды зерттеуге жол ашылды. Дәстүрге дем, әдепке әр берген орталық ел аумағында бұған дейін салынбаған бірегей нысан. Орталықтың ерекшелігі сол, мұнда қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарына арналған жан-жақты ғылыми зерттеу және әдістемелік жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Таяуда ғана аталған орталықтың ұйымдастыруымен «ShymQala» этноауылында тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай өткен 30 баланың тұсау кесу рәсімі өте әсерлі өтті.
Міне, тәуелсіздіктің 30 жылында қаламыз ғасырлар бойы бүкіл Азияның өнері мен мәдени мұрасы тоғысқан ірі орталыққа айналды. Сол замандардан бері Шымкент тұрғындарының бойында ерекше қасиет қалыптасты. Бұл – мәдениеттілік, іскерлік, қонақжайлылық және өзгеріске деген бейімділік.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.