Агросалада тың жобалар қолға алынды Избранное

Среда, 01 Сентябрь 2021 04:33 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1487 раз

Үшінші мегаполисте көкөніс-бақша дақылдарының көшеттерін жабық және ашық топырақта отырғызатын отандық Рпм-2kz үлгісіндегі машина құрастыру жобасы қолға алынбақ. Шаһардың агросаласында жаңа техникалар және бақша өнімдерін егуде жаңа технологияларды енгізудегі жаңалықтармен қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы мамандары бөліскен болатын.

708

 

Қаламыздағы «Karlskrona fd lc» ЖШС зауытында көкөніс-бақша дақылдарының көшеттерін жабық және ашық топырақта отырғызатын Рпм-2kz үлгісіндегі машина құрастырылады. Аталмыш жобаның мақсаты – Шымкентте агроөндірістік кешенді дамыту үшін көшет отырғызу машинасының өнеркәсіптік және шағын сериялы өндірісін іске асыру, - деді қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Әбунасыр Жанбатыров.
– Осы техника арқылы келешекте көкөніс-бақша дақылдарының егіс көлемі мен түсімділігі артады деп болжанып отыр. Сонымен қатар жалдамалы жұмысшылар саны мен уақыт үнемделіп, шығын көлемі азаяды. Бұл жобаның тағы бір ерекшелігі көкөніс-бақша шаруашылығында еңбек өнімділігін 2,5-3 есе арттыруға мүмкіндік туады. Бұған қосымша егіс алаңы да 2-3 есеге ұлғаяды. Яғни 2,5 мың гектардан 4-5 мың гектарға дейін артады, - дейді Әбунасыр Шарифуллаұлы.
Басқарма берген мәліметке сүйенсек, мегаполис жасыл белдеуінің сұр топырақтарында сәбіз өсірудің тарақты технологиясын енгізу бойынша да жұмыстар жүргізілуде.
Асханалық сәбіз әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қатарына кіреді. Сондай-ақ бұл дақыл дәрілік мақсаттарда және парфюмерия саласында кеңінен қолданылады. Сәбіз жыл бойы тұтынылатын ағза үшін маңызды көкөністің бір түрі. Бүгінгі таңда Шымкент қаласының ішкі нарықтағы сәбізге сұранысының 50-60 пайызы Өзбекстаннан келетін импорт арқылы қамтамасыз етіледі. Осы жобаның нәтижесінде отандық кәсіпкерлер қаланың күзгі-қысқы кезеңдегі қажеттілігін 12 пайызға төмендетеді. Сәбіз өсірудің тарақты технологиясы жүзеге асырылған жағдайда оның құны нарықтық бағадан 20 пайызға арзандайды деген болжам бар. Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы мамандары қала сыртында орналасқан үйіргелік жерлерде шаруаларға сәбіз өсіру, оны күтіп-баптаудың технологиялары түсіндіріліп жатқанын және оның қыр-сырын тәжірибелік негізде байқап көретінін атап өтті.
Бұдан бөлек қалада әмбебап көпфункционалды аспалы құралдың тәжірибелік үлгісі жасалуда. Осындай жобалардың көмегімен әкімдік мегаполистің агроөндірістік кешенін ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласына қарай бұруды көздеп отыр.
Жоғарыда аталған техниканың артықшылығын маман былай түсіндірді. Ең біріншіден, шаруашылықта қолданылатын техникалардың саны қысқарады, металл шығыны бір құралға 700-800 келіге, ал ауаға тарайтын зиянды газдар 2-3 есе азаяды екен. Мұнымен қоса агрегаттардың өндірістік қуаты 50 пайызға, егістікті сапалы дайындау есебінен өнімділік 10-15 пайызға дейін артпақ. Құрылғыны басқа пішінге қайта өзгерту бар-жоғы 10-15 минут қана уақытты алады.

709


Бұдан бөлек мегаполис іргесінде бақша құлпынайы өндірісінің инновациялық әдістері жүзеге асырылады.
Әлбетте жидек шаруашылығы ауыл шаруашылығының маңызды саласы болып саналады. Саланы дамытудағы негізгі мақсат – халықты жоғары сапалы дәрумендік өніммен қамтамасыз ету. Шымкентте жидек дақылдарының егістік көлемі 20 гектардан астам жерді алып жатыр. Қазіргі уақытта жидек дақылдары өндірісінің 70-90 пайызы жеке қосалқы шаруашылықтарда шоғырланған. Алайда, оларда заманауи технологиялар қолданылмауына байланысты халықты жидектермен толық қамтамасыз ете алмай отыр.
Жоғарыда аталған жобаны қолға алған агроөнеркәсіптік кешен субъектісінде тамшылатып суаратын құлпынай плантациясы бар. Сонымен қатар, көшеттерді мұздатқышта сақтауға және жылдың кез келген уақытында ашық және жабық топыраққа отырғызуға болатын технологияларды пайдаланады.
Қалада тағы бір ауыл шаруашылығы бойынша инновациялық жоба іске асырылмақ. Ол экологиялық таза кептірілген жемістер (жүзім, өрік, алма, алмұрт) өндірісі.
–Аталмыш технологияның басты ерекшелігі онда жемістерді кептіру процесінде химиялық консерванттар мен реагенттер пайдаланылмайды. Шымкенттегі ауыл шаруашылығы кооперативтері мен жеке қосалқы шаруашылықтарға жаңа технологияны енгізу мен тарату арқылы кептірілген жемістердің кең ассортиментін өндіруге мүмкіндік туады. Және өзара бәсекелестіктің арқасында нарықта сапалы өнімдер пайда болады. «Made in Kazakhstan» маркасымен бренд өнімдер шығару, оларды экспорттау экономикалық өсімге жол ашады. Солардың ішінде кептірілген жемістердің әлеуметтік-экономикалық маңыздылығын да атап өткен жөн. Сондай-ақ, бұл жобаның халықты қосымша жұмыспен қамтамасыз етуге ықпалы зор, - деді
Ә.Жанбатыров.
Қазіргі таңда қалада ауыл шаруашылығын дамытуда ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түліктермен молықтыру, еңбек өнімділігін арттыру, экспорт көлемін ұлғайту мәселесі тұр. Олай болса, агросаладағы тың жобалар – өнімділікті арттыратынына сенім мол.