250 МЫҢ ТҰРҒЫН САПАЛЫ ЭЛЕКТР ЖАРЫҒЫМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛДІ Избранное

Среда, 01 Сентябрь 2021 04:45 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1183 раз

Шымкентте ірі стратегиялық нысан ел игілігіне пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде қаладағы инфрақұрылым сапасы жақсаратын болады. Атап айтқанда 250 мың тұрғын сапалы электр жарығымен қамтамасыз етіледі. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Бозарық қосалқы станциясын салтанатты жағдайда іске қосып, көпшілік күткен нысанның енді ел игілігі үшін пайдаланатынын жеткізді. Салтанатты жиынға басқарма басшылығы мен энергетика саласының ардагерлері қатысты.

715

 

– Қала тұрғындарын 30 тамыз – Конституция күнімен құттықтаймын! Мереке күні Бозарық қосалқы станциясын іске қосқалы отырмыз. Шаһар инфрақұрылымы үшін маңызды бұл нысан Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылды. Қаладағы электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселесін алдағы уақытта толық шешеміз. Шымкент ірі өндірістік орталық ретінде дамып келеді. Осы орайда Бозарық станциясы стратегиялық нысан ретінде электр қуаты жетіспеушілігі мәселесін шешуде сеп болады. Қала аумағына кіретін 81 елдімекендегі электр энергиясымен қамту сапасын жақсартады. Осы құрылыстың басы-қасында жүріп, еңбегі сіңген баршаңызға алғыс айтамын. Ел қуаты артып, Шымкент қаласы дами берсін! – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Қала әкімі бұдан кейін арнайы тетікті басып, қосалқы станцияның жұмысын іске қосты. Бұған дейін бірнеше тәулікке созылған сынақ жұмыстары кезінде станциядағы трансформаторлар мен агрегаттарға жоғары кернеулі электр қуаты берілді.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Конституциясы күні қарсаңында ел игілігіне берілген бұл электр станциясының құрылысы 2015 жылы басталған. Алдағы уақытта мұнда 5 қосалқы станция қосылып, электр энергиясын алады. Олардың арасында «Нұрсәт», «Астана-1» және «Астана-2» қосалқы станцияларындағы жұмыстар аяқталуға таяу. Ал «1-М-1» станциясындағы құрылыс қарқынды жалғасып, «Ынтымақ» қосылқа станциясының жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Нәтижесінде қаланың солтүстік бөлігінде орналасқан Асар-2, Тұран, Ынтымақ-2, Солтүстік саяжай, Батыс, Бозарық, Қайнарбұлақ, Шымкент сити, Достық және Нұрсәт – барлығы 10 шағынаудандағы 250 мыңға жуық тұрғынды сапалы электр қуатымен қамтуға мүмкіндік туады.
Р.s. Бұрын Бозарық тұрғындарының жекеменшік әрі тозығы жеткен трансформаторға күні қарап, бір күн жанып, екі күн сөнетін энергия тапшылығын тартып келген. Енді Бозарық қосалқы станциясы аумақтағы басқа да елдімекендерге жарық нұрын шашады.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.