Версия для печати

САЛҒЫРТТЫҚ ПЕН ҮРЕЙ қоғамның басты проблемасына айналып отыр Избранное

Среда, 08 Сентябрь 2021 04:12 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1239 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Саяси немесе экономикалық қатерлерді алдын ала болжау мүмкін болса да, биологиялық қауіптің қайдан төнетін дөп басып айту өте қиын. Бұған әлемді шарпыған коронавирус пандемиясы дәлел. Бұл дерт дамыған елдердің өзінің денсаулық сақтау саласына ауыр салмақ түсіріп, экономикасын тығырыққа тіреп тастады. Осындай қиын жағдайда Шымкент қаласында эпидемиологиялық ахуал біршама тұрақтанып келе жатқаны қуантады.
Алайда, өкінішке қарай сақтық шараларын жасамайтын жандар арамызда әлі де көп. Дәрігерлер мұны халық арасында насихаттың аздығы мен медициналық сауаттың төмендігінен деп отыр. Тақырыпты тарқатар болсақ.

743

 

Реанимацияда кімдер жатыр?

Науқастардың жағдайын білу үшін Шымкенттегі №14 емдеу орталығымен байланысып, анестезиолог-реаниматолог дәрігер Арман Пірәлиевпен тілдесудің сәті түсті.
— Бір жарым жылдан бері осы емдеу орталығында жұмыс істеп келемін. Реанимацияға түсетін тұрғындардың басым бөлігі – ауру әбден асқынған кезде келгендер. Олардың шамамен 90-95 пайызы жауапкершіліктің төмендігінен немесе өз денсаулығына салғырт қарағандықтан ауруын асқындырып алады. Науқастар арасында аурудың алғашқы симптомдары пайда болғанда елемей немесе түрлі халық емін жасап асқындырып, реанимацияға түскенге дейін кемі 4-5 күн уақытты өткізіп алатындар да бар, - дейді Арман Русланұлы.
Биыл дәрігерлер пандемияның Дельта штамымен күресіп жатыр. Олардың айтуынша, ковидтің бұл түрі өте жедел дамып, 2-3 күнде дерт науқасты меңдеп алады екен. Ал, кейбір адамдар таратқан «бұл ауру қолдан жасалған» дейтін қауесеттің салдарынан емдеу мекемелері медициналық тұрғыда қанша дайын болса да, пациенттің өмірі үшін күрестің қиындай түскенін айтады.
– Өткен жылға қарағанда салыстырмалы түрде дайындығымыз жақсы. Қазір науқастардың жағдайын анықтау үшін ПТР тест, компьютерлік томография, рентген, түрлі анализдік талдамалар бәрі қолжетімді. Емдеу процесі барысында ковидтің симптомсыз түрі жеңіл өтіп жатады. Ал, симптомды түріне шалдыққандарда дене қызуының көтерілуі, буындардың қақсауы, жөтел байқалады. Дерттің симптомды түрінің жұғу ықтималдығы симптомсыз түріне қарағанда өте жоғары, -дейді А.Пірәлиев.
Сондай-ақ, республика дәрігерлері науқастарға белгілі бір емдеу тағайындамасы негізінде көмек көрсетіп отырғанымен, қажет жағдайда әр науқастың денсаулығына қарай өзгерістер енгізілетінін алға тартады. Сондай-ақ, науқастардың өкпені жасанды желдендіру (ИВЛ) аппаратын қолданудан қорықпауға шақырады. Себебі, көптеген науқас үрейге бой алдырып, аппартты қолдануға қарсылық көрсетіп жатады екен. Өкпені жасанды желдендіру аппаратының ағзаға тигізетін көмегін дәрігер Арман Русланұлы былай түсіндірді:
«Пневмония дертіне шалдыққан науқастың әуелі өкпесі зақымданады. Өкпе зақымданған кезде қан айналу процесінің жұмысы нашарлап, ми қан тамырларына да әсерін тигізеді. Салдарынан қанның ұйып қалу қаупі күшейеді. Яғни, өкпенің шамамен 60-70 пайыздан астам бөлігі зақымданған кезде, қалған сау 30 пайыз бөлігі ағзаны толық оттегімен қамтамасыз ете алмайды. Ми қан тамырларына оттегі жетіспеуінің салдарынан науқастың басқа да органдарының жұмысы нашарлауы мүмкін. Сол үшін әр науқастың қанның газдық құрамына талдама жасалып, оттегі мөлшерін төмен болған жағдайда өкпені жасанды желдендіру аппаратына қосуға тура келеді. Бүгінде сатурация деген сөз науқастардың бәріне таныс. Алайда оның нақты түсіне бермейді. Қан айналымы жүректен басталып, тамырлармен ағзаның шеткі нүктелеріне оттегі жеткізеді. Кері қарай ағзадағы шлактарды жинап, қайта жүрекке жетеді. Міне осы процесс сатурация деп аталады. Яғни өкпенің көп бөлігі зақымданған кезде ағзадағы оттегі мөлшері азайып, шеткі нүктелерге оттегі тапшылығы сезіле бастағанда, сатурация төмендей береді. Сатурация деңгейі шектен тыс төмендеген жағдайда, ми қан тамырларына оттегі жетіспеуі салдарынан гипоксияға ұшырап, науқас ақыл-есін жоғалтуы немесе өз әрекетіне жауап бере алмайтын күйге түсуі мүмкін. Осындай жағдайдың алдын алу үшін талдамаларға сүйене отырып, ем жасаймыз».
Дәрігерлер сондай-ақ, елдегі эпидемиялық ахуал реттелгеннен кейін тұрғындарды оңалту жұмыстарын қолға алу қажет екенін ескертеді. Себебі, ковид дертінің емі ауруханадағы 14 күнмен шектелмейді. Ол кезде дерттің дендеп кетуімен күрессе, ауруханадан кейін кемі
4-6 ай аралығында оңалту жұмыстары жүргізілуі тиіс. Себебі, пневмониядан кейін өкпенің зақымданған бөлігінде фиброз қалып қоймауы үшін тыныс жолдарының түрлі гимнастикасын жасап, дәрігерлердің нұсқауымен дәрумендер қабылдап, ағзаға қажетті ресурстарды жинау қажет.
– Тұрғындар жалған ақпаратқа көп сенеді. Бұл олардың медициналық сауатының төмендігі мен пандемияға қатысты елдегі ақпараттық насихаттың аздығынан деп білемін. Мәселен, теларналар, әлеуметтік желілер арқылы күн сайын ковид туралы сауатты жасалған, арнайы роликтер беріліп, жағдай түсіндіріліп отырса, пандемияның таралуы бәсеңдеп, науқастардың ем-дом шараларына деген көзқарасы да өзгерер еді, - дейді Арман Русланұлы.

«Әр палатаның өз «мінезі» бар»

Науқастың тез сауығып кетуіне оның психологиялық жағдайы да тікелей әсер етеді. Бүгінде Шымкенттегі емдеу орталықтарында пандемияға шалдыққан науқастармен жұмыс істеуге психолог-дәрігерлер де жұмылдырылған. «Жақсы сөз – жарымы ырыс» демекші, психолог дәрігерлер науқастардың ішкі үрейін, олардың емге қарсылықтарын жеңуге көмектесіп, нәтижелі ем-дом жасауына мүмкіндік туғызуда.
– Менің дәрігер ретінде байқағаным, салқын қанды, бойын үрей билемеген, психосоматикалық жағдайы қалыпты адамдардың басым көпшілігі ковид дертімен ауырған жоқ десек болады. Ауырса да, симптомсыз түрімен жеңіл жазылып кетті. Ал, керісінше, ренжігіш, өкпелегіш, сезімтал, үрейге бой алдырған адамдардың арасында пандемияға шалдыққан, тіпті әлсізденіп, дерті асқынып кеткендер кездесті. Яғни, адам көңілін таза ұстап, санасын игеріп, қорқынышын жеңсе, тез шипа қонып, ем-домның нәтижесі байқалады. Алайда, ауруханада бір палатада, әрекетсіз жату адамдарды түрлі ойға жетелеп, жан-жағындағы негативті хабарлардан көңілі түсіп кетеді. Науқастың көңілі түскен кезде иммунитеті әлсіреп, аурудың асқынуына әкеледі. Мәселен, бір топ адамның ішінде біреуі «ана жақтан өрт шықты» деп айғайласа, қасындағы адамдар өртті көрмесе де еріп кете береді. Міне, бұл – коллективті таным. Ауруханада да дәл солай. Егер палатадағы бір лидерлік қасиеті бар науқас негативті ақпарат таратса, ішкі түйсігі әлсіз адамдар сол негативті бойына сіңіріп, әлсірей түседі. Тіптен, жұмыс барысында әр палатаның өз «мінезі» бар екенін байқауға болады. Бір палатаға оптимистер жиналып қалады. Олармен жұмыс істеу де жеңіл. Ем де тез қонады. Келесі бір палатада ренжігіш, өкпелі адамдар болады. Олармен топтық жұмыс нәтиже бермей жатса, әрқайсысымен жеке жұмыс істеуге тура келеді, -дейді 14 емдеу орталығының психолог-дәрігері Гүлжамал Абсатова.
Мамандардың айтуынша, орталықтардағы науқастармен жұмыс істеген кезде 90-95 пайызы өз келісімімен психологтың көмегіне жүгінетіндіктен, маманмен бірер пікірлесуден кейін көңілі көтеріліп, ішкі үрейінің басылғанын, көзқарасының өзгергенін байқауға болады екен. Ал, қалған 5 пайызын бойын әбден үрей билеген, пессимистік көзқарастан ауруға жеңілген науқастар құрайды. Орталық дәрігерлері науқастардың тән саулығы үшін арпалысып жатқанда, психологтар жан саулығы үшін күресіп жүргенін айтады. «Мен жазылмаймын» деген стереотипті сіңіріп алған жандармен де жеке жұмыс істеген кезде беті бері қарап, ем қона бастайды екен.
–Психолог жеке қабылдау өткізген кезде күніне 3-4 пациенттен артық қабылдамайды. Себебі, түрлі проблеманың шешімін іздеп, психологтың алдына келген науқас бейне бір шұңқырдың ішінен шыға алмай отырған жан секілді болады. Оны ол шұңқырдан шығару үшін ұзақ уақыт жұмыс істеуге, әңгімелесуге тура келеді. Ал, ауруханадағы науқастар жардан құлап бара жатқан адамдар секілді. Оларды дер кезінде жардан құлатпай, құтқарып, қауіпсіз аумаққа алып шыққандай уақытында көмек қолын созып, жанын емдеуге көмектесеміз. Қысқа мерзімнің ішінде-ақ беті бері қарап, оларға ем қона бастайды, -дейді Гүлжамал Елубайқызы.
Орталық психологтары әр күнін ауру қатты меңдеп кеткен, емдеуші дәрігерлердің кеңесіне құлақ аспай, агрессивті әрекеттерге баратын науқастармен жұмыс істеумен бастайды. Ашуға бой алдырған науқастардың арасында дәрігерлерге, медбикелер мен санитарлардың жұмысына кедергі келтіріп жататыны да кездеседі екен.
– Ауыр халдегі науқастардың жағдайы реттелген соң, әр палатаны аралап, жағдайы қалыпты науқастармен жұмыс жүргізіледі. Олардың ішкі үрейін жеңуге көмектесіп, түрлі жаттығулар жасаймыз. Қоғамдағы ең қауіпті дүние – қауесет пен жалған ақпарат. Бүгінде адамдар жағымды жаңалыққа қарағанда, жалған ақпаратты жиі таратады. Тіптен, жалған ақпаратты таратуға маманданып алғандай. Бұл да болса қоғамның позитивті жаңалықтарға назар аударғысы келмейтінін көрсетеді. Мәселен, орталықтан 100 науқас жазылып, ауруын жеңіп шыққаны жайлы ақпарат көп тарамайды. Керісінше қатты нашарлаған науқас жайлы немесе қайғылы оқиғалар тез таралып кетеді, -дейді Г.Абсатова.
№14 емдеу орталығының қос маманы елдегі эпидахуалды жүйелеуге әсер етіп жатқан кедергілерді атап өтті. Әуелі, азаматтардың өз денсаулығына деген жауапкершілігінің төмендігі мен дерт жөнінде насихаттың аздығы салдарын тигізіп отырса, екінші, науқастардың ем қабылдап, қайта қатарға қосылуына олардың ішкі танымының әлсіздігі мен бойын билеген үрей кері әсер етуде. Жаныңыз да, тәніңіз де сау болсын десеңіз, мамандардың кеңесіне құлақ асып, өз денсаулығыңызды қорғаны болыңыз.

Замира АЛДАБЕРГЕНОВА.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.