Версия для печати

#17 Шымкент трансплантология орталығына айналды Избранное

Среда, 08 Сентябрь 2021 04:15 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1366 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Денсаулық сақтау – қоғамның әлеуметтік өмірінің ең маңызды саласы. Елімізде Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде денсаулық сақтау саласы жетілдіріліп, жаңадан аурухана мен емханалар салынды, заманауи жабдықтармен қамтылу көрсеткіші өсті, дәрігерлер шет елде тәжірибе алмасты. Соның ішінде отандық медицинаның қол жеткізген жетістіктерінің бірі – транспланталогия саласы қарқынды дамыды. Ал Шымкентте ағза алмастыру отасы алғаш рет 2013 жылы қолға алынды. Міне, содан бері, республикадағы маңызды үшінші қалада 172 бүйрек, 24 бауыр алмастыру отасы жасалды.

744

 

Жылына 300-дей ота жасалады

Осыдан бір ғасыр бұрын бір адамның бауыр, бүйрек не жүрегін екінші науқас адамға алмастыру арқылы өмірін сақтап, ұзартуға болады дегенді айтса, ешкім сенбес еді. Десе де, 1904 жылы әлемдік медицина тарихындағы төңкеріс бұл сөзді жоққа шығарып, АҚШ-тағы Чикаго университетінің клиникасында шетелдік хирургтер бүйрек алмастыру отасын жасады. Сөйтіп өткен ғасырдан бері әлем ғалымдарының ізденісінің нәтижесінде ағза алмастырудағы тың жаңалықтар адамзатты жылдан жылға таңқалдырып келеді.
Кәсіби шебер, кәнігі қазақстандық хирургтер ағза алмастыру отасын кеңес дәуірі кезінен қолға алды. 1978 жылы Алматыдағы А.Н. Сызғанов атындағы Хирургия ғылыми орталығында хирургтер бүйрек алмастыру отасын сәтті өткізді. Одан кейін 1997 жылы аталған институтта науқастың бауыры алмастырылды.
Осылайша, қазақстандық хирургтер Орталық Азия мемлекеттері арасында алғаш рет бауыр, бүйрек, жүрек, сүйек кемігін алмастыру оталарын сәтті іске асырып, үлкен табыстарға қол жеткізді. Тәуелсіздік алған жылдардан кейін мемлекет медицина саласының жақсаруына мейлінше қолдау жасап, саланың дамуы, материалдық техникалық базаның заман талабына қарай жабдықталуы мен шетелдік дәрігерлермен тәжірибе алмасудың нәтижесі болар Қазақстанда 11 трансплантация орталығы жұмыс істеген. Ресми деректерге сүйенсек, жыл сайын елімізде 300-дей ағза алмастыру операциясы жүргізіледі. 2012 жылдан бері республикада 1,5 мың ота жасалып, дәлірек айтқанда – 1500-ден астам бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе және бірлі-жарым ұйқы безін алмастыру отасы сәтті өткен.
Қазіргі таңда елімізде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында ғана хирургтер трансплантация орталықтарында ағза алмастыру отасын жасайды.

Донор сыйлаған өмір

Шымкенттік Райхан Бекмұрзаеваға (суретте) 2012 жылы бауыр циррозы диагнозы қойылады. Жанына шипа іздеген келіншек табанынан тозып, бармаған ауруханасы қалмайды. Бойын дерт меңдеген сырқат кесірінен көрер таңды көзімен атырып, шарасыз күй кешеді. Аз ғана ғұмыры қалды деген сөз болашақты одан сайын бұлыңғыр етті де қойды. Соңғы үмітімен қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында жатқанда дәрігерлерден Шымкентте ағза алмастыру отасының қолға алынып жатқанынан хабардар болады.

745


Сол уақыттары «Роща» аталып жүрген ауруханаға мән-жайды білуге келген Райхан бауырды алмастыруға болатынын естиді. Бірақ донор керек. Арысы Мәскеуден берісі елімізден шарқ ұрып донор іздеп жүргенде арада бір жарым жылдай уақыт кетеді. Бауырына бауырын бөліп беруге Райханның туған сіңілісі шешім қабылдайды. Сөйтіп, 2014 жылы Шымкентте алғаш рет жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының базасында білікті хирург Мәди Қожаұлының жетекшілігімен, жергілікті дәрігерлер беларусьтік трансплантологтармен бірлесе 34 жастағы Райхан Бекмұрзаеваның бауырын алмастырды. Ота 16 сағатқа созылды. Беларусь елінен алты, жергілікті жеті дәрігер жасаған ота сәтті.
– Бірінші болу қашанда қорқынышты. Дәрігерлердің біліктілігіне сендім. Бірінші Алла, екінші дәрігерлердің көмегімен дертімнен айықтым. Жалпы ағза алмастыру өте күрделі процесс екен. Мұнда дәрігерлердің үлкен еңбегі жатыр. Себебі, донор – сіңілім болса, мен – реципиент. Екеумізді де мамандар қарапайым тілмен айтқанда тырнақтың түбінен, шаштың ұшына дейін емдеп, отадан кейін ешбір асқынусыз аяқтан тік тұрғызды, міне содан бері жеті жыл өтті. Әлі күнге дейін ай сайын дәрігерлік тексерістен өтіп тұрамын. Алдымен Шымкенттің медицинасына үлкен жаңалық енгізіп, трансплантология саласының негізін қалап кеткен Мәди Биғалиевтің еңбегін баса айтқым келеді. Қаншама адамға өмір сыйлап кетті. Сол жылдарда еңбек еткен дәрігер Ерден Қаратаев, қазір ай сайын денсаулығымызды қадағалап отыратын Сәбит Байтеміров, Рахымжан Үмбетжанов, Ұлжан Мұқанова, Дәурен Қабыловқа алғысым шексіз, - дейді Райхан.
Райхан Бекмұрзаева үшінші мегаполисте бауыр трансплантациясынан кейін өмірге сәби әкелген жалғыз пациент. Бұл Тәуелсіз қазақ еліндегі республикалық маңызға ие үшінші қала дәрігерлерінің біліктігі мен медицинасының дамуын көрсетеді. Өйткені дертіне шипа іздеген шетелдіктердің өзі Шымкенттің медицинасына иек арта бастады.

Шымкент медицинасының жаңа дәуірі

Шымкентте қалалық №1 клиникалық аурухананың базасында 2013 жылдан күні бүгінге дейін трансплантолог-дәрігерлер 172 бүйрек, 24 бауыр алмастыру отасын сәтті жасап, бүгін не ертең өмірмен қоштасады деген осыншама науқастың жанына араша түсті.
2012 жылы сол кездегі ОҚО денсаулық сақтау басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, 300-ден астам науқас «созылмалы бүйрек ауруларының соңғы стадиясы» диагнозымен бағдарламалық диализге тәуелді болған екен.
– Шымкентте трансплантологиялық орталықтың ашылуына тәуелсіздіктің екінші онжылдығында өңірде бүйрек жетіспеушілігі және бауыр циррозы дертіне шалдыққан науқастардың санының көбеюі себеп болды, - дейді Шымкент қалалық №1 клиникалық аурухананың бас дәрігері, трансплантолог Абылай Донбай.

746


– Сол жылдарда өңірдің денсаулық сақтау саласының алдында бүйрек жетіспеушілігі мен бауыр циррозына шалдыққан науқастардың өлім-жітім санын азайту, мүгедектер санын кеміту, олардың өмір жасын ұзарту мәселесі тұрды. Тығырақтан шығар жол – медицинадағы күрделі ағза алмастыру саласын қолға алу. Ал трансплантация – адам өмірін ұзартады, сырқатқа дертінен айығып, толыққынды өмір сүру қуанышын сыйлайды. 2012 жылы ОҚО денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен, тәжірибелі хирург, Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының бас дәрігері Мәди Биғалиевтің жетекшілігімен ағза алмастыру отасына дайындық басталады. Алдымен жергілікті мамандар Оңтүстік Кореяның Анам клиникасының дәрігерлерімен тәжірибе алмасады. 2013 жылы Анам госпиталінің трансплантология бөлімінің меңгерушісі, профессор Пак Кван Тэ өңірге келіп, кореялықтармен бірлесе Шымкентте жасалған алғашқы бүйрек алмастыру отасы сәтті өтті. 2014 жылы Белоруссияның Минск қаласының бас трансплантологы Олег Руммомен жергілікті дәрігерлер бауыр алмастыру отасын жасады. Бүгінде клиника мамандары озық тәжірибе жинап, өз бетінше трансплантация жасауға машықтанды, - дейді Абылай Донбай.
Органдарды трансплантациялау техникалық тұрғыдан күрделі әрі мамандардың кәсібилігін талап етеді. Аурухананың анестезиолог-дәрігері Қырғызбай Айтуов ағза алмастыру отасының барлығына атсалысқан бірден-бір тәжірибелі маман.
– Ағза алмастыру операциясы командалық жұмыс. Бір отаға трансплантолог, хирург, анестезиолог, реаниматолог, гепатолог, трансфузиологтардан бөлек зертхана, МРТ, КТ, УДЗ мамандары да қатысады. Олардың әрқайсысы отаға сақадай сай тұруы қажет. Дәрігерлерден құралған бір команда донардың денсаулығына, екіншісі реципиентке жауапты болады. Шымкенттегі алғашқы бүйрек трансплантациясы біз ойлағаннан да жақсы өтті. Кореялық дәрігерлерді қосқанда 15-16 маман қатыстық. Ол 2013 жылы болатын. Ол азаматтың есімі - Асқар Август. Міне, қаламызда трансплантацияны қолға алғалы 10 жылға жуықтап отыр. Қазір мамандарымыз өз бетінше бүйрек, бауыр алмастыру оталарын жасауды толыққынды игерді, - дейді Қырғызбай Айтуов.
Иә, бүгінде шымкенттік трансплантолог мамандар республикада кәсібилігі жағынан алда келеді. Солардың бірі – Абылай Донбай. Ол Қазақстанда бауыр алмастыру отасын жасайтын санаулы маманның бірі. Алтын қолды хирург 600-ден аса науқасқа операция жасаған. Хирургия бағытына инновациялық технологияларды ендіріп, трансплантология саласын дамытуда. Өзі басқарып отырған ауруханадағы білікті мамандармен бірге Абылай Әбдіжаппарұлы 2019 жылы бауыр трансплантациясы отасын 5 сағат 48 минутта жасап, қазақстандық рекордты жаңартты.

Түйін.

Шымкент медицинасының тағы бір жетістігі – шет елдіктердің ағза алмастыруда шымкенттік дәрігерлеріне сенім артуы. Орталықта 23 шетелдік азаматқа ота жасалып, ем алушылардың ішінде денсаулық сақтау саласы дамыған Германия, Канада, Израиль және Румыния елдерінің азаматтары да бар.
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары шыңғыс Жұмабекұлы: «№1 қалалық клиникалық аурухана ендігі жерде Қазақстанда жасалатын трансплантацияның басым бөлігін жасап жатса, таңғалмаңыз. Адам өз мүшелерін көліктің бөлшектері сияқты ауыстырып жүре беретін ғылыми-фантастикалық болашақ алыс емес. Егер сол рас болса, Шымкент көш бастайды. Органдарын ауыстырғысы келетіндер бүкіл Қазақстаннан Шымкентке ағылатын болады» деп атап өткен болатын.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылында денсаулық сақтау саласындағы реформалар осындай мүмкіндіктерге жол ашты. Бұған дейін халық бұрын күрделі ота түрлерін жасату үшін шетел асып ем іздейтін болса, енді республикадағы үшінші мегаполистегі трансплантациялық орталық әлемнің үздік медициналық мекемелерімен бәсекеге түсуге қауқарлы.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.