«Жарыққа жүрсең, көлеңкең ілеседі» Избранное

Среда, 15 Сентябрь 2021 04:44 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 273 раз

Әрбір қарияның сөзі –дана, ісі – ғибрат, өзі шежірелі кітап сынды... Осындай көненің көзі, ақылдың кені болып, ұрпағына өнегесін айтып отыратын ақсақалдардың орны қашан да ерек. Мәуелі бәйтеректей тамырын тереңнен тартып, немере-шөбере сүйіп отырған Жүзбай қарияның әулеті — Шымкенттегі мерейлі отбасылардың бірі.

730

 

Жүзбай қария – Бәйдібек ауданының тумасы.
— Мен 1946 жылы қазіргі Қарауылтөбенің етегінде, Көкөзектің бойында дүниеге келіппін. Әкем Мырзаш Шаянның бойында құрылған алғашқы колхоз «Ортақшылдың» төрағасы болған. Мен әкемнің 53 жасында көрген ұлымын. Алдымда үлкен шешеміз Тотыдан Күлпан есімді әпкем бар еді. Ал, Есенкүл шешемнен Ұлпан, Зұлпыхар есімді бауырларым ерді, - деп қария туған жері жайлы еске алды.
Ж.Мырзашұлы 10 жылдық мектепті бітіріп, қалаға оқуға кетпекке бел буған кезде әкесі Мырзаш «Балам, жасым 70-тен асты. Тілімді алсаң алыстан оқу іздемей, мына қарашаңыраққа ие бол» деп аманаттайды.
– Әкемнің сөзінен аттамай, орталықтағы 4 айлық шопырлықты оқытатын курсқа барып, ауылға жұмысқа орналастым. Кейінірек, 1980 жылы тиянақты еңбегім бағаланып, совхоздың завхозы (кеңшарда шаруашылық меңгерушісі) болдым. Кейін 1992-2002 жылдар аралығында ауыл төрағасы қызметін атқардым, -дейді еңбек жолын ел ішінде бастаған Жүзбай ақсақал.
1969 жылы жолдасы Сайназар Нұсқабаевтың қарындасы Нұрпатша есімді арумен бас қосып, шаңырақ көтерген. Бүгінде үйелмелі-сүйелмелі 6 ұл, 4 қыз өсіріп, «ұлын ұяға, қызын қияға қондырған» үлкен әулетке айналған. Олардан тараған 28 немере, 12 жиеннен 11 шөбере сүйіп, алақанынан май жалап отыр.
– Тұңғышымыз Майра – мейірбике, Ләбуда – мұғалім, ұлдың үлкені Бауыржан мен Рақымжан Шымкенттегі педагогикалық институттың математика факультетінде оқыды. Ал, Нұржан өнер жолын таңдады. Осыдан соң, мен де әкем сияқты төртінші ұлым Мәлікті қалаға жібермей, аудан орталығындағы училищеге оқыттым. Ақлима мен Шолпан педагогика саласына бет бұрса, ортаншы ұл Бижан мен кенже ұл Жомарт жастайынан кәсіпкерлікпен айналысты. Бүгінде әр ұлдың өзі кәсібі бар, - дейді қария.
Қария қолындағы барын ұлдарына үлестіріп, 2005 жылы ұлы Рақымжанмен бірге Меккеге алғашқы қажылық сапарын жасаған. Кейін 2014 жылы Меккеге Нұрпатша апамызбен бірге сапарлапты. Осы екі қажылық сапардың аралығында, шамамен 10 жыл бұрын Шымкенттегі «Ақжайық» шағын ауданына көшіп келіп, үй салған. Бүгінде қарашаңырақта ұлы Мәлік отыр. Келіні Назгүл – Нұрпатша анамыздың өнегесін алған ибалы жан. Қазаны оттан түспейтін қарашаңырақтағы әр қуаныштың ұйытқысы да осы Мәлік пен Назгүл.
Жүзбай қария игі істерден де құр алақан емес. Ауылда жүргенде Президент әкімшілігіне дейін хат жолдап, елдің мұң-мұқтажын жеткізіп, ауылдағы газ, су, жол мәселелерінің шешілуіне мұрындық болыпты. Қажылық сапардан соң, ұлдарының басын қосып, ауылдан және қаладан мешіт салған.
– Дүние деген адамның көлеңкесі іспетті. Көлеңкені қанша қусаң да жете алмайтының сияқты, дүниені де қуып жету мүмкін емес. Ал, жарыққа қарай жүрсең, қуған көлеңкең сенің артыңнан ілеседі. Менің өмір мектебінен түйген түйінім осы. Мешіт – Алланың жердегі үйі. Сондықтан мешіт салғанда оны жекешелендіріп алу деген мәселені құптамадым. Сөйтіп, екі мешітті де Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының қарамағына өткіздік. Шымкенттегі мешітке көпшіліктің қолдауымен сахаба Халифа Омардың аты берілді, - дейді Жүзбай ақсақал.
Ата тәрбиесін көріп, өсиет сөзін естіп, қасиетін бойына сіңірген бала түбінде жаман болмасы анық. Қазыналы қария бүгінде бар күш жігерін салиқалы да саналы ұрпақ тәрбиелеуге жұмсап отыр. Қос бәйтеректей қарияларымыз мерейлі әулеттің тірегіне айналған.

Замира АЛДАБЕРГЕНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.