ШЫМКЕНТТЕ АПАТТЫ МЕКТЕП ҚАЛМАДЫ Избранное

Среда, 22 Сентябрь 2021 03:32 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1310 раз

– Ағай, сізбен селфи түссем бола ма?
Мұндай сұрақты күтпеген үлкендердің әңгімесі сап тыйылып, қас-қағым сәт үнсіздік орнады. Жан-жағымызда ешкім жоқ сияқты еді... Бастауыш сыныпта оқитын бүлдіршін қыз смартфонын дайындап, қонаққа қиыла қарап тұр.

803

 

– Әрине, қалқам! Келе ғой, – деген Шыңғыс Жұмабекұлы сәл еңкейіп, суретке түсуге ыңғай берді. Сырт-сырт – фотокамера балақай үшін есте қаларлық сәтті таспаға лезде жазып алды.
– Рақмет сізге.
– Бәрекелді. Қазіргі жастар еркін, ашық. Қысылмастан өз ойын айта алады, – деді қала әкімінің бірінші орынбасары Ш.Мұқаннан сұхбат алуға дайындалып тұрған тілші сүйсінісін жасыра алмай. Дәл осы ой сол маңайдағы ересектердің барлығында болғаны даусыз. Мектеп басшылығы ертіп, таныстырып жүрген ағайларын жеке танымаса да мәртебелі қонақ екенін сезіп, суретке түскісі келген балақайға «тіл-көзден сақтасын» тілеcтік.
Мектепті аралап, тыныс-тіршілігімен танысу барысында бұл пікіріміз беки түсті.
1 сыныптың кабинетінде тұрғанымызда бір балақай соңғы партадан адымдап келді де қонақтармен сөйлесіп тұрған ұстазын құшақтай алды:
– Апай, мен далаға шығып келсем бола ма?
– Бара ғой, балам... Осылай енді, еркелейді, – шәкіртінің еркіндігін ақтағандай болған мұғалім қысыла жымиды...
Бұл – Adan мектебіндегі көрініс еді. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан жақында ашылған білім ошағының жұмысымен танысу үшін арнайы атбасын бұрған. Мектеп ғимаратының сыртындағы қоршаудан күзетші қарсы алып, аты-жөнімізді білген соң бақылау-өткізу бекетінен ішке кіргізді. Тәртіп қатаң, мектеп ауласына бөтен адамның кіруіне болмайды. Директор мен орынбасары қарсы алып, ішкі бастап жүрді.
Adan мектебінің негізі 2020 жылы қаланған. Биылғы жаңа оқу маусымында тамыз айында лицензия алып, білім беруді бастап кетті. Бұрынғы Қарағанды экономикалық колледжінің ғимараты қайта жаңартылып, жекеменшік мектепке айналған. Кіреберісте ата-аналарды қызмет көрсету координаторлары қарсы алып, барлық мәліметтерді ұсынады.
Оқу кабинеттерінде әр оқушыға бөлек парта қойылған. Мектеп шәкірттерінің өз формасы бар. Жетекшілердің айтуынша, барлық стандартқа сай жабдықталған білім ошағында, әсіресе, қауіпсіздікке жіті көңіл бөлінген.
– Өткізу бекетінде әр адам Face ID жүйесімен тексеріледі. Яғни, оқушылардың суреті мәліметтер базасына енгізіліп, сол бойынша өтеді. Арнайы құрылғыларға тапсырыс бергенбіз, шетелден келе жатыр. Жалпы, мектеп аумағында, ішінде 63 бейнекамера орнатылған. Таңғы сағат 9-дан кешкі 18:00-ге дейін жұмыс істейміз. 395 оқушының көбісінің ата-анасы ұзартылған күн тобын таңдаған. Түске дейін елімізге ортақ жалпы білім беру стандартына сай сабақтар өтілген соң, оқушылар түс қайта қосымша сабақтар, үйірмелерге қатысып, үй тапсырмасын да мектеп қабырғасында орындайды. Үш мезгіл тамақ қарастырылған. Кешкі 17:30-дан бастап көлікпен үйлеріне жеткізіп саламыз. Пандемияға байланысты биыл басты назарды білім мен тәрбие беруге арнап отырмыз, – дейді Adan мектебінің директоры Асылбек Башенов.
Асылбек Құтжанұлының айтуынша, қазір мектепте 54 адам жұмыс істейді. Жалпы, 600 балаға шақталған білім ошағында алдағы уақытта 60 адам істейді деп жоспарланған. Биыл 1-4 сыныптар оқуда, алдағы уақытта 5-11 сыныптарды қабылдауға лицензия алуды жоспарлап отыр.
Жалпы, соңғы жылдары шымкенттік ата-аналардың жекеменшік мектептерді таңдауы үрдіске айналып келеді.
– Шымкент қаласындағы білім беру мекемелері желісін дамыту үшін қала әкімі Мұрат Әйтеновтің бекітуімен 5 жылдық бағдарлама қабылданған. Соның аясында Шымкентте 2025 жылға дейін 72 мектеп салу жоспарланды. Жыл соңына дейін қалада 28 мектептің құрылысы жүреді деп күтілсе, 1 қыркүйекте 23 мектеп пайдалануға берілді. Соның ішінде 19-ы – жекеменшік мектеп. Солардың бірі – біз жұмысымен таныстан Adan мектебі. Алғашқы жылы 400-ге жуық баланы қабылдап, оқыту жақсы көрсеткіш деп ойлаймын. Мұндай мектептердің айырмашылығы – қосымша білім беру, ұзартылған сыныптар деген сияқты қосымша қызметтер ұсына алады. Бүгінгі таңда Шымкенттегі үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға дейін қысқарды. Жалғыз апатты мектеп бар еді, оның орнына су жаңа ғимарат салынды. Жалпы, Шымкентте демографиялық және миграциялық әсерге байланысты оқушы саны көбеюде. Сол үшін қаламызға мектеп қажет. Кәсіпкерлер білім ошақтарын салуға инвестиция құюы – құптарлық іс, – деді Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан.
Шыңғыс Жұмабекұлы бұл күні тағы бір әлеуметтік мекемеге барды. Қалалық №2 аурухана 17 қыркүйектен бастап қалыпты тәртіпке көшкен. Ал бұған дейін, дәлірек айтқанда, 10 шілдеден бастап коронавирус індетіне шалдыққан науқастарды емдеу орталығы ретінде жұмыс істеп келген болатын.

805


– Бүгінгі таңда Шымкент қаласындағы эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келе жатыр. Дегенмен, әрдайым дайындықты пысықтап отыру қажет. Жазда болған жағдай денсаулығымызды күтуге, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеу дұрыс екенін көрсетті. Ал ендігі кезекте жоспарлы түрде емделетін науқастарға да көңіл бөліп, тиісті жұмыс атқарылу керек, – деді
Шыңғыс Жұмабекұлы.
Соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған ауруханада жансақтау бөлімі, КТ жасау кабинеттері мен түрлі зертханалар қарастырылған. Қазір аурухана жоспарлы түрде науқастарды қабылдауда. Мұнда жеткізілген пациенттер алдымен ковид инфенкциясына анализ тапсырып, нәтижесі дайын болғанша арнайы аймақта болады.
Айта кетейік, шаһарда вакцинациялау 90%-дан асты.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.