Версия для печати

#21 Шымкент – отандық анимация жүрегі Избранное

Среда, 22 Сентябрь 2021 03:35 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1642 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Анимация — идеология құралы. Ертеректе ата-әжелеріміз ұлттық салт-сананы қиял-ғажайып ертегілермен баланың бойына сіңіріп отырса, техника қарыштап дамыған дәуірде бұл қызмет мультфильмдер мен балалар фильмінің еншісіне өтті. 50 жылдан аса тарихы бар қазақ анимациясының төл туындысы — «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі. Ал, отандық анимация дегенде бұл саланың ұлттық нақышта дамуына өлшеусіз үлес қосып, қолтаңбасын қалдырған режиссер-аниматор Әмен Қайдаровты атамау мүмкін емес. Бүгінде Әмен ақсақалдың батасын алған ізбасарлары үшінші мегаполисті отандық анимация жүрегіне айналдырып отыр.

806

 

«Жебеден» «енші» алған студиялар

Оңтүстік өңірдегі анимация орталығының іргетасын қалаушылардың бірі — Керімбек Ниязбаев.
— 1999 жылы «Жебенің» тұсауын кестік. Талантты суретшілер Бегім Қаламұлы, Мақсұт Жәрімбетов сынды азаматтардың басын қостық. Анимацияға келгенге дейін жарнама өнімдерін жасап, сөзжұмбақ газеттерін шығардық. 2001 жылы қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында «Жаңа ғасыр жарнамасы» деген байқау өтті. Онда жүлделі бірінші орынды алған соң, бағымызды анимация саласында сынауға бет бұрдық. Сөйтіп, сол жылы «Алдаркөсе мен шайтандар» анимациялық фильмін жасауға кірістік. Қаржылық келеңсіздіктерге байланысты мультфильмді 2004 жылы аяқтадық. Алайда, анимациядағы алғашқы өніміміз болған соң, Әмен Қайдаров ағамызға көрсетіп, кәсіби маманның батасын алуды жөн санадық. Ноутбугімізді арқалап, Алматыдағы Өнер академиясына келіп, Әмен ағамен жолықтық. Жұмысымыздың сапасына, оның маңызына риза болған ағамыз «Ізбасарларым, бар екенсіңдер ғой» деп көзіне жас алып, батасын берді,- дейді К.Ниязбаев өткен күндер еншісінде қалған еңбекті күндерді еске алып.
Сол жылдары «Жебе» студиясы «Шәкен жұлдыздары» халықаралық фестиваліне қатысып, кейіннен Белоруссияның «Анимаёвка» халықаралық байқауына шақырту алған. Орта Азия елдерінен алғаш болып қатысқан жебеліктер бұл фестивальде «Ұлттық фольклорды насихаттағаны үшін» номинациясымен марапатталады.

807


2006 жылы облыс басшылығына Ө.Шөкеев келген тұста Шымкенттің иммиджін көтеру мақсатында облыс зиялыларының ұсынысы қаралыпты. Осы кезде «Жебе» студиясы «Алтын жебе» халықаралық анимация фестивалін ұйымдастыру жөнінде ұсыныс тастап, бұл бастама 2007 жылы жүзеге асқан. Тыңнан түрен салған бастамаға 20 мемлекеттің анимациялық туындысы қатысып, республиканың 50 суретші-аниматоры мен 10 мемлекеттің кәсіби мамандары шақырылған.
— Фестивальге Франция, Украина, Ресейдің кіл мықты мамандары қатысты. 2010 жылы фестиваль екінші рет ұйымдастырылды. Бұл жолы фестивальдің форматын өзгертіп,
Қазақстанды әлем анимациясын дамытуға үлес қосып жатқан ел ретінде көрсетуді мақсат тұттық. Осы жолы «Walt Disney» компаниясын жиырма жыл басқарған Уильям Бил Деннис те келді. Уильямды қазақтың әлем анимациясының орталығына айналғысы келетін ақ пейілі таңғалдырды. Біздің анимациялық өнімдерді халықаралық деңгейде талдап, сарапқа салып, апта бойы тәжірибе алмасуымыз, тек жүлде бөлісетін өзге халықаралық фестивальдерден оқ бойы озық етіп көрсетті, - дейді «Жебе» студиясының директоры К.Ниязбаев.
Бүгінде «Жебе» студиясы түсірген «Құтқарушы Ақылбек» мультсериалының 3 бөлімі «Балапан» арнасынан көрсетіліп жүр. Биыл тағы 6 сериясы бүлдіршіндерге жол тартпақ. Сондай-ақ, «Қыз Жібек» толық метражды анимациялық фильмі өндірісте. Айта кетейік, бұған дейін жебеліктердің «Қазақфильммен» бірлесіп жасаған «Айгүл», «Бағдаршамның хикаялары», «Сақ» студиясымен бірлескен «Қанатты барыс» сынды бірқатар туындылары жас көрермендердің көзайымына айналған.
Тәуелсіздіктің 30 жылында мегаполисте үш анимациялық студия қалыптасты. Алғашқысы – «Жебе» студиясы болса, екіншісі 2006 жылы одан бөлініп шыққан «Анимастер» студиясы. Үшіншісі — 2008 жылы бөлек отау тіккен «Сақ» студиясы.
М. Жәрімбетов жетекшілік ететін «Анимастер» студиясы көптеген отандық мультфильмнің жарыққа шығуына өзіндік үлесін қосуда. Сондай-ақ, «Алақай» балалар анимация студиясын қалыптастырып, жас аниматорларды тәрбиелеп келеді. Олардың авторлық туындыларын халықаралық фестивальдерге қатыстырып, анимация әлемінде тәуелсіз елдің жаңа буынын қалыптастыруда.

Отандық анимациядағы «Сақ» дәуірі

Отандық анимацияда 20 жылға жуық, ал жеке студия ретінде 15 жылдай тәжірибесі бар шығармашылық топ бүгінге дейін 50-ге жуық қысқаметражды мультфильм, бірнеше деректі және көркем фильм шығарып үлгерді. «Сақ» қоржынындағы «Момын мен қарақшылар», «Толағай», «Маймақ қаз», «Мұңлық-Зарлық», «Сапа олимпиадасы», «Қанатты барыс», «Қазақстан бренді», «Қазақ елі» атты мультфильмдері және «Алтын балық туралы», «Операция Ш», «Жаңа жылдық қалыңдық», «Томпақ», «Қалқанқұлақ» телехикаясы мен «Көне жетігеннің сыры» көркем фильмдері көрермендердің жоғары бағасына ие.

808

 

— Кеңес дәуірінен бастап қазақ анимация саласының кенже қалып келе жатқандығы баршаға аян. Біз Әмен ағамыздың қолтаңбасы бар «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан» мультфильмдерін көріп өстік. Еліміз Тәуелсіздік алып, шығармашылығымызға еркіндік берген кезде өңірдегі суретші жігіттер бірігіп, мәдениетіміздің осы бір кенже қалған саласын көтеруге ат салысайық деп шештік, - дейді «Сақ» киностудиясының директоры Нұриддин Паттеев.
Студияның «Сақ» аталуының өзіндік себебі бар. Н.Паттеевтің айтуынша, бірінші себеп – өнеріміздің дамыған, өркендеген кезі Сақ дәуірінен бастау алса, екінші қырынан, «САҚ» – «Сапалы Анимациялық Қойылым» деген ұғымды білдіреді екен.
— 2007-2008 жылдары «Сапа олимпиадасы» анимациялық фильмін жасадық. Өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын дәріптейтін бұл туынды облыс әкімінің қолдауымен жарыққа шыққан еді. Мультфильм Елбасы Н.Назарбаевтың көңілінен шығып, біздің ұжым жігіттерін Голливудқа «Walt Disney» компаниясының жұмысымен танысып, тәжірибе алмасуға жіберді. 2018 жылы «Төле би» фильмі түсірілсе,
2019-2020 жылдары «Көне құмыраның сыры» мультфильмі, «Әл-Фараби» телехикаясы жарыққа шықты. Ел тарихынан сыр шертетін бұл туындылардың жарыққа шығуына қолдау көрсеткен сол кезеңдердегі облыс, қала басшыларын ерекше атаған жөн. Елімізде осындай идеологияны дамытуға мән беретін елжанды азаматтардың бары қуантады. Мәселен, мультфильмді Қытай, Ресей сынды дамыған елдер идеология құралы ретінде мойындаған. Ол елдерде бұл салаға бөлінетін қаржы да орасан. Балаларды отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеуде анимациялық фильмдердің рөлі зор, – дейді «Сақ» киностудиясының режиссер-сценарисі Батырхан Дәуренбеков.
Кәсіби деңгейі жоғары режиссерлер, аниматорлар және суретшілерден құралған ұжымның шығармашылығы Қазақстан және шет елдерде кеңінен танылып, өз бағасын алуда. «Сақ» киностудиясының Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» студиясының тапсырысымен жасаған «Қошқар мен теке» туындысы да бүгінде жас көрермендердің көзайымына айналып отыр. Қытайдың Хонжу қаласында өткен анимациялық фестивальде «Қошқар мен теке» мультфильмі «Отансүйгіштікке тәрбиелеу» және «Ұлттық ерекшелік» деген екі бірдей номинацияны иемденіп қайтқан.
— Қытайдың анимация саласының белді мамандарының бірі Гуо Джанг есімді кісімен жақын таныстық. Сол кезде ол «Қошқар мен Теке» мультфильмінің идеясын мақтап, қарапайым ғана екі жануар — қошқар мен теке арқылы «Отан» деген ұғымды балалардың санасына жеңіл сіңіру әдісін таба алғанымызды бағалады. Сондай-ақ, «Бұл мультфильмді Америка, Еуропа, Жапон, Қытай елінің ешқайсысымен шатыстыра алмайсың. Өйткені, мультфильмнен Орта Азия, Қазақстанның, даланың иісі аңқып тұр» дегенде кәдімгідей тебіреніп қалдық, - дейді
Б.Дәуренбеков.
Секундына 20-дан астам кадр ауысып отыратын бір анимациялық туындының артында суретші-аниматорлар армиясының ерен еңбегі жатыр.
— «Қанатты барыс» мультфильмін жасау барысында техникалық жағынан дамып, кәсіби деңгейіміз біршама өсті. Одан кейін «Аңқау қасқыр» деген он минуттык жоба жасалды. «Ұмайдың түсі», «Мақта қыз бен мысық» атты әртүрлі стильде түсірілген мультфильмдеріміз де бар. Біз Американың ең үлкен анимациялық студиялары «Walt Disney» мен «Dream Works»-ке барып, тәжірибе алмасып қайттық. Мультфильм жасалатын жаңа бағдарламаларды, жаңа технологияларды меңгердік. «Менеджмент» жағынан біраз тәжірибе жинақтадық. Біздің аниматорларымыз он бес жылдың ішінде өте үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Олардың кәсіби деңгейлерінің өте жоғары екенін көп ортада мойындайды, -дейді Н.Паттеев.
«Сақ» киностудиясының жетістігі де аз емес. Олардың ішіндегі халықаралық деңгейде өз бағасын алған туындыларын атап өтсек. 2016 жылы Барселона қаласында өткен Халықаралық кинофестивальде «Үздік анимациялық фильм» номинациясын иемденген.
2016 жылы «Қазақ елі» туындысы Египеттің Каир қаласында өткен «XX Халықаралық анимациялық фильмдер форумына» қатысып, «Ең үздік толықметражды фильм» жүлдесіне және «Үздік режиссура», «Үздік музыка» номинацияларын қанжығалаған. Бүгінде «Сақ» студиясы жаңа жобаға кірісіп кетті.
— Еліміздегі татулық пен бірлікті насихаттайтын «Айбынды аула» анимациялық фильмін пысықтап жатырмыз. Әр этносты аулада тату-тәтті тіршілік етіп жатқан түрлі үй құстары арқылы көрсетпекпіз. Сондай-ақ, «Балапан» арнасымен «Қошқар мен теке» мультфильмін жалғастыру жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Фильмнің авторлық құқығы «Қазақфильм» киностудиясына тиесілі болғандықтан атауы өзгеруі мүмкін, - дейді Б.Дәуренбеков.

Бүгінде еліміздегі сұранысқа ие, қаралымы жағынан көш бастап тұрған 5 анимациялық туындың үшеуі «Сақ» студиясына тиесілі. Тіпті, «Қалқанқұлақ» балалар фильмінің бір сериясы екі аптада 3 миллион қаралым жинаған. Суретші-аниматорлардың жас буыны да Шымкентте қалыптасуда. Әлемнің танымал суретші-мультипликаторларын таңғалдырған ерекше форматтағы фестиваль да үшінші мегаполисте өткенін ескерсек, «Шымкент — отандық анимация жүрегі» деген атауға әбден лайық.

Замира АЛДАБЕРГЕНОВА

Последнее изменение Среда, 22 Сентябрь 2021 08:51
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.