Версия для печати

«Шаһарда әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің қоры жеткілікті» Избранное

Среда, 22 Сентябрь 2021 03:44 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1554 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Ауыл шаруашылығы саласы – елдің экономикасын өрге сүйрейтін басты күш. Сондықтан Қазақстанда соңғы жылдары агросаланы дамытуға барлық мүмкіндіктер қарастырылуда. Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаев биылғы кезекті Жолдауында саланы дамытуда жауаптыларға біраз тапсырмалар жүктеді. Үшінші мегаполисте Президенттің берген тапсырмаларының орындалуы жайында Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар ҚАНЫБЕКОВПЕН сұхбаттастық.

810

 

— Асқар Сәкенұлы, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында агроөнеркәсіп кешеніндегі қордаланған проблеманың бірі азық-түлік бағасы мен оны бөліп-таратудың тиімсіздігі деп атап өтті. Сонымен бірге көтерме тарату орталықтарын құру бойынша берілген тапсырманың орындалу жайын тілге тиек етті...

— Қаламызда көтерме тарату орталықтарын құру бойынша нақты жұмыстар қолға алынған. Соның бірі Шымкент қаласын Орталық Азия аумағында ірі көліктік-логистикалық хабы ретінде қалыптастыру мақсатында 2015 жылы 92 гектар жерге көлік-логистикалық аймағы құрылған болатын. Аталған аймақта қазіргі күні үлкен жобалар іске асырылуда, атап айтқанда, олар – «Kazakhstan Logistic group» ЖШС, «Зерде» ҒӨБ» және «Continental Logistics Shymkent». Аймақта құрғақ және климаттық қоймалар, контейнерлік алаң, темір жол тұйығы, әкімшілік тұрмыстық кешен, сондай-ақ кедендік рәсімдеу орталығы жұмыс істейді. Келешекте осындай тағы бір көтерме-тарату орталығын салу жоспарлануда.
Бұдан бөлек, қала тұрғындары үшін әр түрлі тауарларды қолайлы бағада сатып алу үшін 11 мың шаршы метрді құрайтын «GraMaD» сауда орталығында көтерме-тарату орталығы ашылды. Ол қаладағы 1700-ден астам сауда орындарын азық-түлік, жеміс-көкөністермен қамтамасыз етіп келеді.
Сонымен қатар, қала аумағында жалпы сыйымдылығы 108 мың шаршы метр болатын 14 сақтау қоймасы орналасқан. Оның ішінде 6 климаттық және 8 құрғақ сақтау қоймасы бар.

— Сонымен бірге Президент Жолдауда «Жемшөп дайындауға қажетті жер көлемін кеңейу және егіс алқабына әр жылы әртүрлі дақыл егуді бақылауға алған жөн» екенін айтты. Бұл тапсырманың аясында қандай жұмыстар қолға алынды?

809

— Ең бірінші, ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарына әртараптандыру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ оның тиімділігі мен озық технологияларды ендіру бойынша ғылыми-зерттеу институттары өкілдерінің қатысуымен шаруаларға түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Және осы тақырыпқа байланысты семинарлар өткізуді жоспарлап отырмыз.
Жоспар бойынша басқарма тарапынан әртараптандыру бағдарламасын іске асыру нәтижесінде жыл сайын егіс алқаптарын 0,7-ден 1,0 мың гектарға дейін арттыруды да көздеп отырмыз.
2018-2020 жылдар кезеңінде ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқаптары 3,6 мың гектарға артып, 29,3 мың гектарды құраған болатын. Соның ішінде мал азықтық дақылдар 700 гектарға артқан.
Бүгінде мал шаруашылығын жем-шөппен қамтамасыз етуде «Шымкент қаласы бойынша 2021-2022 жылдарға арналған жем-шөп дайындау» іс-шара жоспары бекітілді. Осының аясында бүгінгі таңда мал азықтық дақылдарын ұлғайту жұмыстары жүргізіліп келеді.
Қала бойынша мал азығына қажетті жем-шөп 358,5 мың тоннаны құрайды. Жыл сайын өзімізде 186,4 мың тоннасы дайындалады. Яғни қазір жергілікті шаруалар арқылы қажеттіліктің 52 пайызы қамтамасыз етілуде.
Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер ірі қара, қой, жылқының аналық басына сатып алатын жемшөп құнын арзандату мақсатында қарастырылған 148,0 млн. теңге биыл жыл соңына дейін жергілікті бюджет есебінен қосымша 100 млн. теңгеге толығатын болады.
Қалада жайылым жерлер аз екені рас. Осы мәселені шешу үшін келесі жылдан бастап озық технологияның көмегімен гидропоника әдісі шаруашылықтарға ендіріледі. Тарқатып айтқанда, жабық кеңістікте 2 келі астық дәнін сеуіп, 7 күнде 12 келіге дейін мал азықтық дақылын алуға болады. Бұл әдіс арқылы алынған мал азықтық дақылдарының құнарлылығы артып, өнімділік те арта түспек.

— Ветеринария саласын реформалаудан нендей жаңалықтар күтуге болады?

— Иә, ветеринария жүйесіне жаңашылдық қажет екені анық. Сондықтан Мемлекет басшысы бұл саланы реформалауда нақты тапсырмалар жүктеді. Қазіргі таңда саланы цифрландыру, мәлімет жинау және оны автоматтандыру, маман даярлау және олардың жалақысын көбейту шараларын қарастыру көзделуде.
Атап айтқанда, алдағы уақытта қазіргі қолданыстағы «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» ақпараттық жүйесі жетілдіріледі, ауыл шаруашылығы жануарларының санына қарай ветеринар дәрігерлерге республикалық деңгейде бірыңғай жүктеме нормативтері бекітіледі. Сондай-ақ мамандардың біліктілігін көтеру курстары ұйымдастырылып, аса қауіпті инфекциялық ошақтар пайда болғанда жедел әрекет ету үшін озық заманауи технологиялармен жабдықталады деп күтілуде. Арнайы жол талғамайтын автокөліктермен қамту және ветеринар мамандардың еңбек зияндылығына байланысты мәселен, тірі вакцинамен айналысу, қан және патологиялық материалдар алу және тағы басқа жұмыстарға қарай үстемақы төленеді.
Әлбетте ветеринария саласында қордаланған мәселе көп. «Дәрігер адамды, ветеринар бүкіл адамзатты емдейді» деген тәмсіл бар. Сондықтан бұл салада ігерілеушілік болады деген сенімдемін.

— Саланы цифрландыру әсіресе шаруаларға қажетті субсидия рәсімдеуді қаншалықты жеңілдетті?

–Цифрландырудың тиімділігін уақыт көрсетіп жатыр. Бүгінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің субсидиялауға арналған www.qoldau.kz электрондық сайты жұмыс істеп тұр. Мәселен, портал арқылы аванстық төлеммен субсидия алу үшін Қағиданың №2 қосымшасына сәйкес, кредиттік комитеттің оң шешімінің қаржы институты растаған көшірмесін, жылыжай кешенінің жабдықтарын жеткізуге және орнату туралы келісімшарт көшірмесі және қаржы ұйымының субсидия алу туралы хабарлама хат көшірмесін тіркей отырып өтінім тапсырады.
Енді жылыжай кешенін салу және кеңейтуге арналған №12 паспорты бойынша жобаның жобалау-сметалық құжаттамасы талап етілмейді.
Бұл ретте жоғарыда аталған мәселені шешу үшін аванстық субсидиялау мүмкіндігін анықтап беру туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне арнайы хат жолданды.

— Асқар Сәкенұлы, шаруашылық жүргізуде қол байлайтын кедергілер бар. Атап айтсақ, шымкенттік шаруалардың қолындағы техникасының жағдайы қандай күйде?

— Сұрағыңыз орынды. Бұл – өте өзекті мәселе. Шымкент қаласы бойынша ауыл шаруашылығы техникалары мен агрегаттар саны 7 214 дананы құраса, оның ішінде 2,5 мыңнан астамы трактор. Олардың 76,8 пайызы тозған. 122 дана комбайнның 74,6 пайызы ескірген. Мұнан бөлек, агросалада 2,2 мыңнан астам түрлі экскаватор мен жүк тиегіш техникалар қызмет көрсетеді.
Биылғы жылдың басынан бері шаруалар тарапынан 7 жаңа трактор сатып алынды. Олар Жапония, Қытай және Беларуссиядан әкелінсе, 4 данасы өзімізде шығарылған жаңа техникалар.
Жаңартылған техникалар үлесін арттыру үшін сатып алынған ауыл шаруашылығы машиналары мен қондырғыларына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Мәселен, сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бағдарламасы бойынша қаржы ұйымдарынан несиеге алған жағдайда сыйақы мөлшерлемесінің 10% субсидияланады. Сондай-ақ инвестициялық субсидиялау бағдарламасына сәйкес «5 гектардан басталатын қарқынды алма бағын отырғызу» жобасы барысында «Трактор, бақ бүріккіш, аспалы культиватор, шөп шабатын, жеміс жинайтын машина, кесуге арналған жабдық, тыңайытқыш енгізуге арналған құрылғы сатып алынса, аталған техника құнының 25 пайызына субсидия төленеді.
Инвестор өз қаражаты есебінен ауыл шаруашылығы техникасын, машиналары мен жабдықтарын сатып алса, шығынның 25% субсидияланады.

— Қазақстан агроөнеркәсіптік кешендегі әлеуеті жоғары мемлекет ретінде есептеледі. Осы ретте үшінші мегаполистің әлеуеті қандай, қаланың агроөндіріс қуаты халықты толық асырауға жете ме?

– Азық-түлік тауарларының тұтыну нормасына сәйкес, Шымкент қаласының халқы бір жылда бірінші сұрыпты ұннан – 14 256 тонна, қалыпты бөлке наннан – 77 529 тонна, рожкиден – 4 825 тонна, қарақұмық жармасынан – 2 193 тонна, күріш – 9 321 тонна, картоп – 104 177 тонна, сәбіз, пияз – 21 932 тонна, қырыққабаттан – 14 913 тонна, шекерден – 19 739 тонна, күнбағыс майынан – 7 676 тонна, сиыр етінен – 16 449 тонна, тауық етінен – 5 483 тонна, айран, сүттен – 92 663 тонна, жұмыртқадан – 155 717 200 дана, тұздан – 2 401 тонна және сүзбеден – 5 373 тонна тұтынады.
Жалпы мегополис өзін-өзі бірінші сұрыпты ұн, рожки, күнбағыс майы және тауық жұмыртқасымен 100 пайызға қамтамасыз ете алады. Ал сүт өнімдерімен – 50 пайызға, тауық етімен – 41 пайызға, сиыр етімен – 65 пайызға және көкөніс өнімдерімен – 10-15 пайызға қамтамасыз етуге қауқарлы.
Сонымен қатар, тұз, қарақұмық жармасы, күріш және шекер секілді азық-түлік тауарларының қаламызда өндірілмеуіне байланысты олар көршілес облыстардан және шет мемлекеттерден тасымалдануда.
Шаһарда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қоры, тауар өндірушілерді, қоймалар мен сауда нысандарын қосқанда жеткілікті және де тапшылық бойынша ешқандай қауіп жоқ екенін айтқым келеді.

— Әңгімеңізге рахмет!