Жыл сайын ұстаздардың кәсіби мерекесі қарсаңында ұйымдастырылатын байқауға Шымкент қаласынан 21 мұғалім қатысқан. Республикалық кезеңде бақ сынаған ұстаздар сайыстың қалалық кезеңінде 75 мұғалім ішінен топ жарған.
Республикалық ақтық сында олардың үшеуі үздік атанды. Олар №122 «Ақжар» мектебінің тарих пәні мұғалімі – Шолпан Бегманова, М.Х.Дулати атындағы мамандандырылған №8 гимназияның математика пәні мұғалімі – Татьяна Харченко, №1 дарынды балаларға арналған ІТ лицей-интернатының биология пәні мұғалімі – Асел Тұрышова.
Конкурс «Педагог мәртебесі туралы» Заңына сәйкес, педагогтердің іс-тәжірибесін насихаттау, мұғалімнің қоғамдық негізгі бейнесін қалыптастыру, қала мұғалімдерінің белсенділігін, дербестігін, креативтігін, шығармашылық ізденістігін көтеру, нәтижеге бағытталған тиімді технология мен оқыту әдістерін іздеуге бағытталған.
Жеңімпаздарды анықтауда қатысушылардың кәсіби қызметтегі жетістіктері мен өз өңіріндегі білім беруді дамытуға қосқан үлесі, оқушыларының жетістіктері және білім беру ісіндегі соңғы технологияларды қолдануы ескеріледі.
Айта кетсек, қаладағы сараптау комиссиясының құрамында «Nur Otan» партиясы мен Адалдық алаңы өкілдері, ЖОО, педагогтардың шеберлік орталығы және «Өрлеу» орталығының қызметкерлері болған. Ал қалада үздік болған 21 ұстазға жергілікті бюджеттен 300 АЕК көлемінде сыйақы табысталады.