Версия для печати

«ӨЗДЕРІҢ БОЛСАҢ ЖАНЫНДА, ЕЛ ІШІ ЖОМАРТ, ЕҢСЕЛІ» Избранное

Пятница, 01 Октябрь 2021 04:38 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1431 раз
Оцените материал
(0 голосов)

1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Негізінен бұл күн – аға ұрпақтың қоғам өміріне қосқан үлесіне шынайы ризашылық білдіретін және қамқорлық көрсететін ерекше мейірімге толы күн. Болашақ жастар мен орта буын өкілінің қазыналы қарттардан алар тағылымы мол.

917

 

– Жалпы қазақ табиғатынан үлкенді қадір тұтып, құрметтеген халық. Сондықтан да қазақ қоғамында қарияларға деген қамқорлық қашан да ерекше болған, - дейді Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова. – Бүгінде елімізде қарт адамдарға деген ықылас жыл сайын артып, мемлекет тарапынан оларға көрсетілетін көмектің көлемі де ұлғайып келеді. Әрбір азаматтың қартайған кезіндегі өмірін лайықты ету – мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі. Мегаполистегі зейнеткерлерге, жалғызбасты жандарға, мүгедектерге, қамқорлық пен күтiмдi қажет ететiн азаматтарға жылдағы бағыт бойынша ерекше көңiл бөлінеді. Осы ретте, үлкенге құрмет көрсетуде шымкенттіктер салтынан жаңылған емес.
Балмаржан Полатқызының айтуынша, қазіргі таңда мегаполисте 82 мыңнан астам зейнеткер бар. Оның 15-і Ұлы Отан соғысының ардагері, 2962-сі тылда қажырлы және мінсіз әскери қызметі үшін марапатталған ардагерлер. Үлкендердің кейінгіге берер тәлім-тағлымының біздер үшін орны бөлек. Мұнымен қоса, 1941-1945 жылдар аралығында тылда еңбек еткен ардагерлер де назардан тыс қалған емес. Олардың денсаулығына аса мән беріліп, түрлі шаралар елімізде тұрақты ұйымдастырылып келеді.

– Ардагерлерге мереке мен атаулы күндерге арналған бір реттік және ай сайынғы (әлеуметтік көмектің 13 түріне) көмек көрсетіледі. Бюджеттен Шымкент қаласы мәслихатының 2019 жылғы 29 наурыздағы №47/369-6с шешімі негізінде 21-23 наурызда (Наурыз мейрамы) 175 қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 14 585 теңгеден, ал «7 мамыр – Отан қорғаушы күніне» орай: Ауғанстанға жіберілген әскери міндеттілер, 1986-1987 жылдары Чернобыль АЭС-індегі апаттың зардаптарын жоюға қатысқан, Семей полигонынан зардап шеккен 2 120 азаматқа (105 012 теңгеден), 9 мамыр «Ұлы Отан соғысының Жеңіс күніне» орай Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне біржолғы 360 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде яғни, 21 адамға 1 млн.теңгеден және 3417 тыл еңбеккеріне (35004 теңгеден), «31 мамыр – Саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күнiне» мүгедектігі бар немесе зейнеткерлер болып табылатын саяси қуғын-сүргiн құрбандарына, саяси қуғын-сүргiннен зардап шеккен 1306 адамға (14 585 теңгеден), 80 жастан асқан жалғызілікті қарттарға ай сайын 129 адамға 2 АЕК-тен (5834 теңгеден) әлеуметтік көмек төленуде. Мәслихаттың шешіміне сәйкес, зейнет жасындағы азаматтарды санаторлық-емдеумен қамтамасыз ету мақсатында 6174 ардагер мен зейнеткер 3 санаторлық-курорттық мекемелерге, атап айтсақ, «Денсаулық», Түлкібас ауданындағы «Ақсу-Жабағылы», Тараз қаласындағы «Айша бибі» шипажайларына жолдануда.
Бұдан бөлек, қаламызда зейнет жасына жеткен азаматтарға «Асыл Жүрек» әлеуметтік-медициналық орталығы» КММ-і жартылай стационарлық жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуде. «Асыл жүрек» орталығы 2019 жылдың наурыз айында ашылған. Мұнда күніне 4 сағат медициналық және арнаулы әлеуметтік қызметтер алады.
– Орталық екі ауысымда жұмыс жасап, бір ауысымда 80 адамға дейін қызмет көрсетеді. Орталықтың негізгі мақсаты – азаматтарға денсаулық жағдайына байланысты белсенді өмір сүруін қалыптастыру. Бұл жерде медициналық қызметтің бірнеше түрі көрсетіледі. Сонымен қатар емдік дене шынықтырудан бастап йога, би, бильярд, үстел теннисі, тренажерлық жаттығулардан өтеді. Күн тәртібіне сәйкес осы жаттығулардың арасында компьютерлік сауаттылық курстары, тілдер курсы (қазақ тілі, латын әліпбиі, ағылшын тілі) бар. Кәсіби деңгейін көтеру мақсатында еңбек терапиясына қатысады. Қызмет алушыларға кино, сенсорлық бөлме, кітапханада демалуға да мүмкіндіктер қарастырылған. Сонымен қатар, психолог-маманынан кеңес алып, психологиялық тренингтерге қатысады және музыкалық жетекші маман өз деңгейінде жұмыс атқаруда, - деді ол.

911


Балмаржан Полатқызы аталған орталықта наурыз айынан бастап физиотерапия кабинеті ашылғанын жеткізді. Мекемеде көпфункционалды «Полимаг» қондырғысы іске қосылған.
– Бұл аппараттың ерекшелігі бірнеше сырқаттарға таптырмас ем. Әсіресе коронавирус инфекциясының асқынуларынан кейінгі болған жағдайларға әсері зор, қанды сұйылтып, қан айналымын жақсартады. Аталған орталыққа келу үшін жеке кәулік пен зейнет кітапшасының көшірмесі, медициналық картаны толтырып, ХҚКО арқылы өтінім береді. Өтінім негізінде жолдама қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы тарапынан беріледі. Жыл басынан бері 235 зейнеткер 2 ай көлемінде арнаулы әлеуметтік қызмет алды (жылдық көлемі – 740 адам). Алдағы уақытта орталықтың қала аудандарында бөлімшелерін ашу жоспарлануда, - дейді басқарма басшысы.
Бұл – мемлекетіміздің қарттарға, айрықша қолдау күтетін жандарға деген шынайы қамқорлығының жарқын көрінісі. Иә, олар жүріп өткен жол біздің қоғамымыздың сан қилы кезеңдерімен тұстас келді. Қарттарымыз соның қай-қайсысында да алдыңғы қатарда жүріп, шама-шарқынша үлес қосып, шаһардың дамып-өркендеуіне үлес қосты. Бүгінде мерейлі күнде тағлымды тәрбие беріп, ізгі дәстүрлер сабақтастығын жалғастырып келе жатқан қарттарды мақтан тұтып, қоғам назарына ұсынып, өз еңбегі үшін лайықты марапаттап, сый-сияпат көрсетудің еш сөкеттігі жоқ.
– Қарттарға қамқорлық – біздің халқымыздың дәстүрінде дәріптеліп, салты мен санасына берік орныққан қасиет. «Ата қайратты болса, бала ғибратты болады» деген сөз бекер айтылмаған. Елдің берекесі мен жас ұрпақтың өнегесіне әр уақыт қолдау көрсетіп, ел келешегінің жарқын жолын жарасымды жалғап келеді. Қарт дегеніміз – ағып жатқан дария, теңіз іспеттес. Қариялар – халқымыздың өткені мен бүгінін жалғайтын алтын көпір, тұнып тұрған шежіре, кемел тарихымыз. «Қарты бар елдің қазынасы бар», – деген аталы сөз осыдан қалса керек. Аудандағы майдангерлер ансамблі, әжелер ансамблі әр уақыт өнерімен халық ықыласына бөленіп келеді. Сондықтан, біз қай кезде болсын ардагерлерімізді ардақ тұтамыз, оларды қамқорлыққа алуды өзіміздің перзенттік парызымыз деп білеміз. Халықаралық қарттар күні мерекесімен ақ жаулықты әжелер мен қарияларымызды шын жүректен құттықтаймын! – деп мерекеге орай ізгі лебізін жолдады.

910


Тәуелсіздік пен береке – бірліктің несібесі бұйырған, тарихы терең, тағылымы мол халықтың ұрпағымыз. Олай болса, мұның бәрі аға буынның жемісті еңбегі екендігі айдан анық. Біз ақсақалынан бата алған, ақ жаулықты аналарын төрге оздырған батыр елдің ізбасарымыз. Олар қиын-қыстау заманда ел үшін аянбай еңбек етіп, балаларын өсіріп, білім беріп, жетілдірді. Даралық пен даналықты бойларына жинаған перзенттері әр түрлі салада қызмет етсе де, туған жері мен елі үшін еңбек еткен зейнеткерлер, қаланың өркендеуіне елеулі үлес қосқан еңбек ардагерлері де бар. Қашанда қариялардың көкірегі өсиетке толы. Көргені көп адамдардың ақылын тыңдап, сөзін санаға түйіп жүргеннен ешкім жаман болмаған. Жалпақ жұртты құрметтеу, туған өлкенің тарихын танудан, адамдарын ардақтаудан басталатынын ұмытпаған ләзім.