Аға буын өкілдері алдымен Әл-Фараби аудандық ардагерлер кеңесінің күрделі жөндеуден өтіп, жаңаша кейіпке енген кеңсесін аралап көрді.
Аудан әкімі Рашид Мыңбаев ардагерлерге ақ жол тіледі, ал Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен кезінде бірге оқып, студенттік өмірдің нанын бөліп жеген курстасы, бүгінде ардақты ардагер Әмидулла Ермағамбетов бата берді. Ары қарай Әл-Фараби аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамудин Рысбай бастаған, құрамында тыл ардагерлері, бастауыш ардагерлер ұйымының төрағалары мен төрайымдары, өзге белсенді аға буын өкілдері бар 40-қа жуық адам түркі жұртының төрін бетке алды.
Шымкенттік ардагерлер түрленген Түркістанды тамашалауды кесенеден бастады. Алдымен осында жерленген ғұлама Қожа Ахмет Ясауи және қазақтың хандарының, би-шешендерінің, өзге де игі жақсыларының рухына арнап, дұға бағыштады. Сосын арнайы гид ардагерлерге кесенедегі әр бөлменің, ондағы құнды жәдігерлердің тарихын егжей-тегжей таныстырды.
Түркістан облыс орталығы атанғалы бері Қожа Ахмет Ясауи кенесінің айнала-төңірегі де жасыл желекке жаңаша бөленіп, өзге де тиісті жұмыстар атқарылып, ерекше шырайлана түскен. Ардагерлер аумағы ат шаптырым жерде орналасқан айтулы тарихи кешенді өз беттерінше аралап тамашалады.
Қорыта айтқанда Шымкенттен барған аға буын өкілдері еліміздің ғана емес, жалпы Түркі әлемінің мәдени-рухани орталығынан үшінші мегаполиске ерекше әсермен, көтеріңкі көңіл-күйде оралды. Ардагерлер өздерін осылай елеп-ескеріп, қасиетті қалаға арнайы саяхатты ұйымдастырушыларға бірауыздан ризашылықтарын білдірді.