Инвестиция – инфрақұрылымды дамытуға

Пятница, 15 Октябрь 2021 00:00 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 919 раз

Мегаполис тұрғындары көбейген сайын инфрақұрылымға түсер жүк те арта түседі. Инженерлік желілердің сапасы мен өткізу қабілеті халықтың тұрмыстық қажеттіліктерін өтуге тікелей әсер етеді. Сондықтан, жауапты мекемелер инженерлік желілерді жаңартуды үнемі басты назарда ұстап келеді.

Қомақты қаржы талап ететін осындай мақсаттарға орай шымкенттік «Су ресурстары – Маркетинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде инвестициялық бағдарламалар қабылданып, тиісті жұмыс атқарылуда. Жуырда ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қалалық департаментінің мамандары, қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдеріне бағдарлама аясында атқарылып жатқан жұмыс барысы таныстырылды.

 

vodo 3

 

Алғашқы нысан – Рысқұлов даңғылы бойындағы су құбыры болды. Алыстан қарағанда мұнда адам құшағы жетпейтін құбыр алмастыру емес, жай ғана, мысалы, есептегіш құралын жөндеу жұмысы жүріп жатқандай көрінеді. Әдеттегідей бірнеше техника жоқ, ұзыннан-ұзақ жер қазылмаған. Бір бригада ғана жүр. Жақын келгенде ғана диаметрі 500 мм құбырдың баяу қозғалып, көлденең қазылған траншеяға «жұтылып» бара жатқанын көрдік. Бұл – мекеме соңғы жылдары қолданып жүрген жаңа әдіс.

– Біздің мекеме бірнеше жылдан бері озық технологиялы көлденең бұрғылау әдісін қолданып келеді. Соның нәтижесінде сол маңдағы ешқандай инфрақұрылым мен қоршаған ортаға зиян келмейді. Арнайы техниканың көмегімен мына бастан құбырды ақырындап тартып алып, траншеяға «жатқызамыз», – дейді «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС бас директорының экономика және маркетинг бойынша орынбасары Жанатбек Тұрдалиев. – Бұл – жалпы ұзындығы 4950 метрлік су құбыры. Самал-1 және Самал-2 ш/аудандарындағы 7800 тұрғын үй мен әлеуметтік, коммерциялық нысанды сумен қамтамасыз етеді. Соңғы жылдары суға деген сұраныс көбеюде. Соған орай біз су беруді көбейткенде құбырдағы судың қысымы артады. Соның салдарынан бұрынғы болат су құбырының қабілеті жетпей, апатты жағдай көбейген еді. Сондықтан, алып суаққыны шұғыл түрде алмастырып жатырмыз.

 

vodo 2

 

Құбыр Рысқұлов көшесінен бастап Әл-Фараби көшесіне дейін тарылады. Мамандар бұл нысан келесі жылға өтпелі деп отыр. Нысан аяқталған соң бұл желінің суды өткізу қабілеті тәулігіне 6700 текше метрге жетпек.

Бұдан кейін қала сыртындағы коллектор басына бардық. Бұл – Шымкенттегі кәріз жүйесінің жиналып, бір құбырға топтасатын тұсы. Көшемен-көше, үйме-үй жылғалап аққан шайынды судың көлемі жинала келе тұтас каналға жетеқабыл болады. Оған жауын-шашынды қосыңыз. Осы табиғи құбылыс коллекторды жаңарту қажеттілігін көрсетіп беріпті.

 

vodo 1

 

– 2021 жылғы инвестициялық бағдарлама аясында атқарылып жатқан жұмыстың бірі – осы қалалық шайынды су тазарту қондырғысына баратын коллектор. Мұнда көлемі 1400 мм бұрынғы екі коллекторды алмастырып жатырмыз. Себебі, шайын суды өткізу қабілеті төмендеген. Оның үстіне биылғы көктемдегі нөсер жаңбырдың салдарынан коллекторға су толып, осы жерде тасыды. Су қабылдау камерасына дейін тасып, келеңсіз жағдайға дейін барды. Бұл жер бұрын ашық қанал болатын. Енді орнына жабық, заманауи жабдықтарды қолдана отырып, жаңа коллектор желісін тартып жатырмыз. Жұмысты жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді Жанабек Тұрдалиев.

 

vodo 1

 

Жаңа коллектордың өткізгіштігі – тәулігіне 120 мың текше метр. Диаметрі 2000 мм екі құбыр арнайы технологиямен біріктіріліп, жер астына көмілуде.

Монополияларды реттеу департаменті мамандарының мәліметінше, «Су арнасы – Маркетинг» ЖШС-нің 2016-2020 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасына жалпы 17 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі таңда мекеме өкілдері нақты 19 млрд теңгенің жұмысын атқарып, жоспарды артығымен орындадық деп мәлімдеді. Ұзақ мерзімді бағдарлама аясында 142 шақырым су құбыры, 30 шақырым кәріз жүйесі ауыстырылды. Түрлі мақсаттағы 84 нысан, су қабылдағыш бүгінгі таңдағы санитарлық-экологи талаптарға сай жаңадан құрылып, қайта жаңартылған. Бес жылда мыңға жуық заманауи цифрлы технология енгізілді. Соның нәтижесінде өндірістік көрсеткіштер жақсарып, шайынды су тазарту қондырғысының көлемі тәулігіне 50 мың текше метрге көбейген. Заманауи, автоматтандырылған жүйені енгізу нәтижесінде су шығыны төмендеді, су жүйелерінің тозу көрсеткіші 60 пайыздан 47 пайызға кеміген.

– Біздің мақсатымыз – тұтынушыларға тарифті төлеу арқылы ақшаның қайда және қалай жұмсалып жатқанын көрсету. Жаңарту жұмыстарының нәтижесінде құбырлармен су өткізу көлемі артады. Инвестициялық бағдарлама аясында биыл 3 млрд теңгенің жұмысы орындалды. Бағдарлама нәтижесінде тұрғындарға сапалы қызмет көрсетілуде, нормативтік-техникалық ысырап көлемі – 2 пайызға, құбыр тозу көрсеткіші 5 пайызға азайды, – дейді ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қалалық департаментінің басшысы Дархан Қайыңбердиев.

«Су арнасының» мамандары алдағы уақытта қаладағы кәріз жүйелерінің ең проблемалы учаскелерін жаңартуды жоспарлап отыр.

Последнее изменение Пятница, 22 Октябрь 2021 04:16
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.