Санақта бар сан сауал Избранное

Среда, 27 Октябрь 2021 03:45 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1142 раз

Биыл елімізде үшінші мәрте жалпыұлттық санақ өткізіліп отыр. Бұл науқандық шараның ел экономикасымен бірге әлеуетін арттырып, тұрғындардың сапалы өмір сүруіне тигізетін пайдасы зор. Себебі, нақты статистикалық мәліметке сүйене отырып, жоспарлы түрде жұмыс істеуге мүмкіндік туады. Өзгесін айтпағанда, келешекте қанша мектеп, балабақша және маман керек екенін де анықтауға болады. Десе де, дәстүрлі тіркеуге кіріскен интервьюерлер бірқатар кедергілерге тап болып отыр.

150

 

Сіз әлі де онлайн тіркеле аласыз

Бүгінде миллионнан аса тұрғыны бар мегаполисте санақ жүргізу үшін 176 санақ учаскесі құрылып, онда
176 нұсқаушы-бақылаушы мен 1207 интервьюер 1 қазаннан бастап дәстүрлі тіркеуге кірісіп кеткен-ді. Ал, 1 қыркүйектен 15 қазанға дейін респонденттер онлайн тіркелген болатын. Тұрғындардың онлайн тіркелуін қамтамасыз ету үшін қаладағы адамдар көп шоғырланатын орталарда арнайы санақ бұрыштары да ұйымдастырылған. Десек те, санақтың онлайн кезеңінде шымкенттіктер аса белсенділік танытпаған. Оны ҚР Ұлттық статистика бюросының 21 қазандағы ресми мәліметінен байқай аламыз. Онлайн тіркелуде Шығыс Қазақстан облысы
56,7 пайызбен көш бастап тұр.
ҚР Ұлттық статистика бюросы баспасөз қызметінің хабарлауынша,
15 қазанда санақтың онлайн тіркеу кезеңі аяқталған соң, еліміздің барлық өңірлерінен, әсіресе қалалардан онлайн санақ функциясының мерзімін ұзарту туралы көптеген өтініш түскен. Осыған байланысты sanaq.gov.kz сайтында онлайн сауалнама функциясын қайта қосу туралы шешім қабылданған. Яғни, сіз санақ сауалдарына жауап бермеген болсаңыз, әлі де онлайн тіркеле аласыз. Яғни, онлайн өту мүмкіндігі халық санағы аяқталғанға дейін қолжетімді болмақ.

«Тұрғындар алаяқтардан қорқып қалған»

Қарлығаш Әбілқасымова — Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты №52 жалпы орта мектептің мұғалімі. Кәсіби қызметіне қосымша қоғамдық жұмыста да белсенділік танытып, Шымкент қаласы Абай ауданындағы №23 санақ учаскесінде нұсқаушы-бақылаушы қызметін атқарып жүр.
— Біздің №23 санақ учаскесіне Тельман шағынауданындағы 1943 тұрғын үй бекітілген. Бүгінге дейін учаскедегі 7 интервьюер 972 үйді аралап,
4644 респондентті дәстүрлі тіркеді. Ал, онлайн 139 адам тіркелген. Интервьюерлер жеке тұрғын үй секторларын аралағанда түрлі келеңсіздіктерге тап болып жатыр. Әсіресе, алаяқтардан қорқып қалған тұрғындар арасында санақ сауалдарындағы жеке сұрақтарға жауап беруден бас тартып, есігін жауып алатындары да бар. Десек те, қызметімізді растайтын куәлікті көрсетіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы санақ тізіміне алынып отыр, - дейді Қарлығаш Пернеханқызы.
Санақ мамандарының айтуынша, дәстүрлі тіркеу жұмыс күндерінде қолайсыздық тудырады екен. Тұрғындардың бірқатары жұмыста болса, енді бірі үйіне кеш келеді.
—Сенбі, жексенбі күндері дәстүрлі тіркеу жұмысы өнімдірек. Себебі, респонденттерді демалыс күндері үйінен табу оңай. Сондай-ақ, есігі жабық жеке сектор тұрғындарын табуда көршілердің де көмегі көп тиюде, - дейді Қ.Әбілқасымова.


«Көршілерін танымайды»

Қаладағы көп қабатты үйлер жиі орналасқан Еңбекші ауданының интервьюерлерінің де өз айтары бар. Еңбекші ауданының №1 санақ учаскесіне Сайрам және Теріскей (бір бөлігі) шағынаудандарының көп қабатты 44 үйі бекітілген. Учаскенің нұсқаушы-бақылаушысы Сандуғаш Әділханқызы — №65 жалпы орта мектептің
мұғалімі.
— Санақ учаскесіне бекітілген көп қабатты үйлерді аралауға 7 интервьюер жұмылдырылған. Бүгінге дейін 1781 пәтердің 8456 тұрғыны санақ сауалдарына жауап берді. Оның
600-і онлайн тіркелсе, қалғаны санақтың дәстүрлі кезеңінде тіркеуге алынған респонденттер, - дейді С.Әділхан.
Интервьюерлердің айтуынша, респонденттерге ЖСН, пәтердің аумағы, табыс көлемі туралы санақ сауалдарын қойғанда, тіркеушіден күмәнданып, қарсылық білдіріп жатады. Алайда, тіркеу барысында ең көп қолайсыздық тудыратын жағдайлар, көп қабатты үйдегі тұрғындардың көршісін танымауы болып отыр.
— Көп қабатты үйлерді аралау барысында кейбір пәтерлердің иесін таппадық. Тіптен, ол үйдің тұрғыны бар-жоғын да білмейміз. Интервьюерлер демалыс күндері де барып, таба алмай жатқан пәтер иелері бар. Ең қиыны, көп қабатты үйлерде көршілер бір-бірін танымайды, - дейді Сандуғаш Әділханқызы.

«Онлайн тіркелу егде жастағыларға қиын»

Шымкент қаласы Қаратау ауданының тұрғыны Ернар Нұртазаұлы санақ сауалдарына онлайн жауап беріп, науқанның алғашқы онкүндігінде тіркелген екен.
— Санаққа онлайн қатыстым. Онлайн тіркелудің ең тиімді тұсы, бір өзің ғана емес, отбасы мүшелерін де тіркей аласың. Мүмкін ол нақтылық үшін қажет шығар, бірақ бір респондентке 91 сұрақ тым көп. Біршама уақыт жұмсауға тура келеді. Сондай-ақ, ғаламтордың «тілін» білмейтін егде жастағы респонденттер үшін онлайн тіркелу қиын. Сондықтан дәстүрлі санақтың қатар жүргізіліп отырғаны қуантады,- дейді ол.
Санақ мамандарының айтуынша, дәстүрлі тіркеуге қатысып отырған респонденттердің басым көпшілігі егде жастағы және әлеуметтік аз қамтылған тұрғындар.
Айта кетейік, жалпыұлттық санақ 30 қазанға дейін жалғасады. Санақ сауалдарына арнайы sanaq.gov.kz сайты, E-Gov порталы арқылы тіркеліп немесе Aitu мобильді қосымшасы арқылы жауап беруге болады. Онлайн өту мүмкіндігі халық санағы аяқталғанға дейін қолжетімді болмақ. Ал, мамандар санақтың соңғы онкүндігінде қала тұрғындарын белсенділік танытуға шақырады.