«МЕЙІРІМ МЕКЕНІНДЕ» БАЛҒЫНДАРДЫ ҚУАНТТЫ Избранное

Среда, 27 Октябрь 2021 04:01 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1355 раз

Үшінші мегаполисте Қазақстан бойынша алғаш рет ұйымдастырылған өнер кеші өтті. Бұл кештің ерекшелігі сол – балалар үйлерінің тәрбиеленушілері белгілі  сахна жұлдыздарымен бірге өнер көрсетті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған іс-шараны «Fatyma» қайырымдылық қоры Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен қолға алған.

16

 

Концертті тамашалауға қала әкімі Мұрат Әйтенов, қалалық мәслихаттың депутаттары мен басқарма басшылары, қоғам қайраткерлері, қала тұрғындары
жиналды.
– Бұл кештің ерекше екенін нық сеніммен айта аламыз. «Мейірім мекенінде» жобасы биыл қолға алынып, алғаш рет Шымкентте басталып отыр. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш, әрі жауапкершілік. Өздеріңіз тамашалап отырғандай, ерекше тағдырлы балалар өз өнерлерін паш етуде. Елімізде қазіргі таңда балалар үйлерінің саны азайып, патронаттық тәрбие кең жолға қойылып келеді. Ал, балақайлар біздерді, ересектерді әрдайым қуанта берсін! – деді Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов.
Өнер кешінде балалар Бекжан Тұрыс, Наркенже Серікбаева, Заттыбек Көпболсынұлы, Таңат Мамырханұлы секілді танымал өнер жұлдыздарымен бірге сахнада ән салды, өнерлі топтар би биледі, спорттық машықтарын көрсетті.
Ал Шымкент қаласы әкімдігінің атынан әр балақайға бағалы сыйлықтар табыс етілді. Сонымен қоса, Оңтүстік Қазақ-стан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Гүлжан Сүгірбаева балалар үйінің бір түлегін келер жылы грантпен оқуға қабылдауға уәде етті.
– Тәрбиеленушілер арасында шығармашыл, білім мен ғылымға жақын, өнерде оза шауып жүрген балалар жетерлік. Оларды насихаттап, қолдау қажет-ақ. Балақайлар ата-ананың қамқорлығын көрмесе де өмірге құштар. Осылайша дарынды балаларды көпшілікке таныстырып, олардың қоғамнан тыс қалмағанын сезіндіруді көздедік, – дейді жоба жетекшісі Ақбаян
Сапарбаева.
Айта кетейік, осы жоба шеңберінде жеткіншектер Шымкент қаласының көрікті жерлерін тамашалап, тарихи орындармен танысты.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.