ЕҢКЕЙГЕННІҢ ЕҢСЕСІН ЕҢБЕК КӨТЕРЕДІ Избранное

Среда, 03 Ноябрь 2021 04:36 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 953 раз

Әлеуметтік сала – кез келген мемлекетте өзекті саланың бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстанда тұрмысы төмен топтағы азаматтарды қолдауға баса назар аударылып келеді. Әсіресе, коронавирус пандемиясымен күрес кезінде әлеуметтік қамқорлыққа деген сұраныс артты. Осы орайда тұрғындарды жұмыспен қамту маңызды болып тұр. Бүгінде бұл мәселе мемлекеттің ерекше бақылауына алынып, нақты айтқанда, кешенді «Еңбек» бағдарламасы жүзеге асырылуда.

211

 

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы халықты жұмыспен қамтуға және азаматтарды кәсіпкерлікке тартуға бағытталған. Мемлекеттік бағдарлама еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, кәсіпкерлік негіздеріне оқытып, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға шағын несие немесе мемлекеттік гранттар бөлу сияқты бірқатар міндеттерді қамтиды.
Осы мақсатта үшінші мегаполисте атқарылған іс-шаралар туралы Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан
Нарбековадан сұрап-білген едік.

20 МЫҢ АДАМ НӘПАҚАЛЫ

«Еңбек» бағдарламасы бойынша Шымкентте бүгінгі таңға дейін 20 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды. Бұл – 2021 жылдың 9 айындағы көрсеткіш. Бағдарламаның І бағыты бойынша 3 айлық кәсіптік оқыту курстарына – 2 675 адам, ал ІІ бағыты бойынша «Бастау бизнес» жобасы аясындағы кәсіпкерлік курсына 2 155 адам оқуға жолданды.
Басқарма басшысы Балмаржан Нарбекованың мәліметінше, оқу курсын аяқтап, бизнес жоспарларын қорғап шыққан 53 адамға шағын несие, 584 тұрғынға мемлекеттік грант берілген.
– Ал «Еңбек» бағдарламасының халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу туралы ІІІ бағыты бойынша 8 168 адам – бос және жаңа жұмыс орындарына, 336 адам – әлеуметтік жұмыс орындарына, 2531 адам – жастар практикасына, 2845 адам – қоғамдық жұмысқа, 115 адам «Алғашқы жұмыс орындары» жобасы бойынша жолдама алды. Айта кетейік, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 29 жасқа дейінгі, мүлдем жұмыс өтілімі жоқ жұмыссыз жастар, оның ішінде NEET санатындағы жастар қатыса алады. Сонымен қатар, алғашқы жұмыс орнына орналасуға көп балалы немесе аз қамтылған отбасы мүшелеріне, еңбекке қабілетті мүгедектер мен техникалық және кәсіптік мамандық иелеріне де басымдық беріледі, – деді Балмаржан Полатқызы.
Жоба аясында басқармаға қарасты жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушілермен келісімшарт жасап, оқу орнын аяқтаған жастарды 24 ай жұмыспен қамтиды. Жобаға қатысушылар 20 АЕК көлемінде еңбекақы алады. Оның ішінде алғашқы 12 айдың еңбекақысы мемлекет тарапынан төленеді.
Жұмыссыз азаматтарды, оның ішінде жастарды жұмыспен қамту мақсатында қолға алынған іс-шараның бірі – бос жұмыс орындары жәрмеңкесі. Қыркүйек айында «Арбат» алаңында жастарға арнап өткізілген осындай іс-шараға қаладағы 50-ден аса жұмыс беруші қатысып, 9 мыңға жуық бос жұмыс орындарын ұсынды. Нәтижесінде 790 азамат тұрақты жұмысқа, ал «Жастар практикасы» бағдарламасымен 121 жас жолдама алды.

212


«Еңбек» бағдарламасының ІІІ бағыты бойынша 8 862 адамға – бос жұмыс орындарына, ал 343 адамға әлеуметтік жұмыс орындарына жолдама берілді. Бұл бағыт бойынша халықтың нысаналы топтарына уақытша субсидияланатын жұмыс орындары – әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар ұсынылады.
Басқарма аясында, бұған қоса, тағдыр тәлкегіне ұшырап, түрлі өмірлік жағдайларға тап болған жандарға арналған орталықтар жұмыс істеуде. Онда мүмкіндігі шектеулі, зейнеткерлер мен зорлық-зомбылыққа ұшыраған қыз-келіншектер, қандастар секілді әлеуметтік аз қамтылған топтағы жандарға қызмет көрсетіледі.

КӘМЕЛЕТ ЖАСЫНАН КЕЙІНГІ КӨМЕК

«№1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында» кәмелет жасына толған І-ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға, оның ішінде жүйке жүйесі дертіне шалдыққан тұлғаларға қолдау көрсетіліп, арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсынылады. Мұнда қызмет алушыларға қолайлы, жасы мен денсаулығына байланысты жағдай жасалған. Мамандар қамкөңіл жандардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, қоғамда кездесуі ықтимал кемсітушіліктен, физикалық және психикалық қорлаудан, дөрекіліктен қорғауға тырысады.
– Жоспар бойынша бұл орталық 225 қызмет алушыға лайықталған. Қазіргі таңда онда стационар бойынша 220 азамат қызмет алуда. Оның ішінде 103 әйел, 117 ер кісі, І топтағы – 20, ІІ топтағы 200 ерекше күтімді қажет ететін жан бар. Бұл азаматтар әлеуметтік қызметтің 8 түрімен қамтамасыз етілген. Олар: әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, құқықтық және әлеуметтік-экономикалық қызметтер, – деп түсіндірді басқарма басшысы Балмаржан Нарбекова.
Мекемеде галерея, 2 психологиялық көмек көрсету, дефектолог, дәрігерлер, акушер-гинекология, стоматология кабинеттері, заманауи техникалармен жабдықталған 3 медициналық бекет, ине егу бөлмесі, кризис, паллиативтік көмек көрсету бөлмелері, тірек-қимыл аппараты бұзылған қызмет алушы азаматтарға ыңғайлы жеке гигиеналық бөлмелер, 2 тренажер залы, асхана бар. Тірек-қимыл аппараты бұзылған қызмет алушыларға ыңғайлы пандус қойылып, лифт іске қосылған.

ТАҒДЫРЛЫ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН

Басқармаға қарасты №6 орталықта жеке күтім және бақылауды қажет ететін, психоневрологиялық дерті бар балалар күтім алады. Бүгінгі таңда мұнда 3-18 жасар 135 бала тәулік бойы тұрақты стационар жағдайында және 95 балаға жартылай стационарда емдік оңалту шараларын қабылдауда. Орталықта оларға медициналық қызмет көрсетуден бөлек, емдік массаж, физиотерапиялық ем, психологиялық көмек секілді 8 бағыт бойынша қызмет көрсетіледі.
– Орталықта білікті мамандардың көмегімен әр баланы оңалтуға барлық мүмкіндік қарастырылған. Айта кетсек, гидрокинезотерапияға арналған бассейн бар. Реабилитолог, педиатр дәрігерлердің бақылауымен гидрокинезотерпевт маман балаларды бассейнге шомылдырады. Одан кейін емдік дене шынықтыру нұсқаушылары баламен жеке жұмыс істеп, қимыл-қозғалысын дамытуға ықпал етеді. ЛФК залында жүріп-тұру, қозғалуға арналған тренажерлар орнатылған. Сондай-ақ, массаж, физиотерапиялық ем және психологиялық көмек көрсетіледі, – дейді Балмаржан Полатқызы.
Стационардағы балалар 5 мезгіл, күндізгі бөлімде 4 мезгіл ыстық, диеталық тамақпен қамтамасыз етіледі. Санитарлық-гигиеналық талаптарға сәйкес шаштараз, монша, кір жуатын арнайы бөлмелер қарастырылған.
Мекемеге арнайы дәрігерлер іс-сапармен келіп тұрады. Мысалы, 2021 жылдың 8 маусымында, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының жетекшілігімен, «Мейірімділік» ерікті қоғамдық қорының білікті дәрігерлері, нейрохирург, травматолог, ортопед арнайы келіп, «Балаларға өмір сыйла» жобасы аясында барлық қызмет алушыларды қарап шықты. Нәтижесінде бірнеше балаға ота жасау, медициналық көмек көрсетуге және бейімдеуге ұсыныс берілген.

ЕҢБЕКТІҢ ЗЕЙНЕТІН КӨРІП ЖҮР

Шымкенттегі «Асыл жүрек» орталығы қызмет алушылардың көңілінен шығып жүр. Мұнда келетін қариялар тұрақты түрде дендросаябаққа барып, йогамен айналысады, тұзды шахта алады. Карантин талаптарына сәйкес күндізгі стационар негізінде жасақталған әлеуметтік-медициналық орталықта қарияларға күндіз 4 сағат уақыт тегін арнаулы әлеуметтік және медициналық қызметтер көрсетіледі.
Зейнеткерлер мұнда жүрек, асқазан, бауыр, бүйрек құрылысына арналған емдік шай ішіп, тұз кешенінде оңалту процедурасынан өте алады. Мамандардың айтуынша, тұз шахтасының ағзаға пайдасы зор. Атап айтқанда бронхит, демікпе, аллергиялық ринит сырқаттарына шипасы бар.
Қариялар, сонымен қоса, емдік дене шынықтырудан бастап йога, би, бильярд, үстел теннисі, тренажерлық жаттығуларға да қатыса алады. Арасында компьютерлік сауаттылық және қазақ, ағылшын тілін үйрету курстары өткізіледі. Қызмет алушылардың кино, сенсорлық бөлме, кітапханада демалуға да мүмкіндіктері бар. Психолог маманынан кеңес алып, психологиялық тренингтерге қатысады. Белсенді өмір сүру ұзақтығын қалыптастыру мақсатында дендросаябаққа, театр және спорт кешені мен бассейнге бару кестесі түзілген.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.