Ұлы жол үйдің табалдырығынан басталады Избранное

Пятница, 05 Ноябрь 2021 05:10 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1130 раз

Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020–2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Үкіметтің 2019 жылғы қаулысымен бекітілген бағдарлама бұған дейін қабылданған мемлекеттік және салалық бағдарламаларды біріктіріп отыр. Бұл – қарапайым азаматтар үшін баспананы тиімді шарттармен несиеге алудың жақсы мүмкіндігі. Осылайша «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй-коммуналдық даму бағдарламасы шеңберінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі отбасы табысының түрлі деңгейлеріне сай келетін бірыңғай тұрғын үй саясаты іске асырылуда.

303

 

Атап айтқанда «Нұрлы жер» бағдарламасының әлеуметтік аз қамтылған санаттағы азаматтарға арналған «Бақытты отбасы» (2-10-20), жастарға баспананы 5 жылға жалға беру және пилотты түрде қолға алынған «Шаңырақ» (5-10-25) бағыттары бар. Олардың барлығы да үй кезегінде тұрған аз қамтылған, көп балалы отбасыларға баспана беру мәселесін шешу үшін іске қосылған.

Жалпы, Президент тапсырмасын орындау бағытында Шымкент қаласында жүйелі жұмыстар атқарылып, жыл басынан бері түрлі мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары аясында 3 мыңға жуық отбасы баспаналы болды. Бұл туралы қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Азамат Рысжанов мәлімдеді.

Ryszhanov


Азамат Жарқынбекұлының айтуынша, кезекте тұрған азаматтарға пәтер белгіленген тәртіппен үлестіріледі. 9 айда 682 отбасы арендалық пәтермен қамтылды, енді жыл соңына дейін 294 отбасыға баспана беріледі.

– Сонымен қатар, жыл басынан бері 730 отбасы кредиттік тұрғын үймен қамтылды. Баспаналы болғандардың ішінде 261 азамат тұрғын үй кезегінде тіркелген. Айта кетейік, «Шаңырақ» бағдарламасын қаржыландыру «Отбасы банк» арқылы жүзеге асырылады. Ал «7-20-25» бағдарламасы бойынша Шымкент қаласындағы екінші деңгейлі банктер арқылы жыл басынан бері 1362 азамат жаңа үйлерден пәтерді несиеге рәсімдеп алды, – деді басқарма басшысы.

Бұл үйлер негізінен Тұран шағынауданында орналасқан. Құжаттары рәсімделген отбасыларға пәтер кілттері кезең-кезеңімен салтанатты түрде табысталса, енді бірі қоныс тойын тағатсыздана күтіп жүр. Солардың бірі – Рүстем Исақұлов.
32 жастағы азамат «Шаңырақ» бағдарламасына жаздың басында құжат тапсырған. Тұрғын үй басқармасы жариялаған конкурстан өтіп, одан кейін банкте төлем қабілеті тексерілген. Жаңа салынған үй болғандықтан, банк арқылы рәсімдеу үшін техникалық құжаты да дайындалып, келісуден өтуі тиіс.

Rustem


– Баспана кезегінде 2016 жылдан бері тұрамыз. Конкурстан өткен соң бірнеше ай бойы құжаттарды рәсімдеп, қол қоюмен айналыстық. Құдай қаласа, басқарма өкілдері жуырда пәтер кілтін тапсырамыз деді. Біз екі бөлмелі пәтер алғалы отырмыз. Өзімізге ұнады, отбасымызбен барып көрдік. Жаңа аудан, жаңа үйлер. Инфрақұрылым жүйесі салынуда. Алдағы уақытта гүлденген, дамыған аудан болады деп сенеміз, – деді Рүстем Маратұлы.

Шымкент тұрғыны баспана бағасының алғашқы жарнасын көрсетілген 10 пайыздан асырып, 2,5 млн теңге құйғанын айтады. Есесіне ай сайын төлейтін несие сомасы аз болады. «Шаңырақ» бағдарламасының тағы бір шарты – баспана кезегінде тұрған азаматтар отбасының ортақ табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,7 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс. 2021 жылға бұл көрсеткіш 126 917,4 теңгені құрайды. Егер азаматтардың ай сайынғы табыс көзі жетпей жатқан жағдайда, қосымша кепілгер қарастыра алады.

Тұрғын үй басқармасы басшысының айтуынша, жыл басынан бері «Бақытты отбасы» бағыты бойынша 158 отбасы несиелік баспаналы болған. Оның ішінде 73 отбасыға алғашқы жарнаның бір бөлігін жабуға миллион теңгелік тұрғын үй сертификаты берілді.

Айта кетейік, тұрғын үй сертификаты қала әкімдігі тарапынан баспанаға мұқтаж азаматтарға қолдау ретінде беріледі. Биыл осы мақсатта 500 миллион теңге бөлінген. Бүгінге дейін жалпы 902 өтінім қабылданып, оның ішінде 311 өтінім 274 млн теңгеге мақұлданған.

Жалпы, Тұран шағынауданында ауданы шамамен 1,2 млн шаршы метрді құрайтын 15 300 пәтерлі 319 үйдің құрылысы жоспарланған. Бүгінгі таңда бюджет есебінен 88 үйдің құрылысы жүргізіліп, оның ішінде «Шаңырақ» бағытының қатысушалырын 27 тұрғын үйге қоныстандыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. «7-20-25» несиелік бағдарламасы бойынша 29 үйдің құрылысы биыл аяқталмақ. Несиелік бағыттағы тағы 50 үйдің жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Жыл соңына дейін инфрақұрылымдық коммуналдық қызметтері қосылған тағы 14 үй пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Последнее изменение Понедельник, 08 Ноябрь 2021 05:00
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.