САНАҚ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ЖЕЛТОҚСАНДА ЖАРИЯЛАНАДЫ Избранное

Среда, 10 Ноябрь 2021 04:44 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1120 раз

Елімізде 1-8 қараша аралығында кезекті жалпыұлттық халық санағының нақтылау кезеңі өтті. Ұлттық статистика бюросының 8 қарашадағы мәліметіне сәйкес, нақтылау жұмыстарының қорытындысы бойынша 19,6 миллионнан аса респондент санақтан өткен. Респонденттердің 42 пайыздан астамы онлайн-санақ функциясын пайдаланған.

334

 

Халық санағын өткізу әдістемесіне сәйкес, санақ аяқталған соң 1 қарашадан бастап 8 қарашаға дейін нақтылау шаралары қарастырылған. Бұл шара халықты толық есепке алып, санақ кезеңіндегі деректер сапасының анықтығын тексеруді қамтамасыз етуге арналған. Бақылау функциясы арқылы әрбір тұрғын үйге интервьюердің барғанын және барлық респонденттердің санақ сауалдарына толық жауап бергеніне көз жеткізуге болады.
Шымкент қаласы бойынша 176 нұсқаушы-бақылаушы 7 күн ішінде әрбір есеп учаскесіндегі тұрғын жайлардың 10 пайызын қамту арқылы респонденттерге нақтылау жұмыстарын жүргізді. Бақылап аралау барысында тұрғын үй тізіміне мекенжайдың сәйкестігі, сауалнама алынған респонденттер санының нақтылығы, дәстүрлі санақтан өткендігі туралы анықтаманың немесе онлайн-режимде санақ өткендігі туралы хабарлама тексерілді.
— Арнайы шара барысында санақ науқанын өткізіп алған респонденттер анықталып, оларды қайта санаққа алу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, сәйкестендіру барысында кездескен қателерге түзетулер енгізілді, - дейді Ұлттық статистика бюросының Шымкент қаласы бойынша департаментінің бас маманы Естай Жақаев.
Нақтылау шарасы барысында тұрғындар арасында түсініспеушілік туындамау үшін учаскелік полицейлер де атсалысты. Олар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында шағынаудандар мен тұрғын алаптарындағы жеке секторларды аралаған кезде санақ персоналымен бірге тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Жалпыұлттық санақ қорытындысы желтоқсан айында жарияланады деп күтілуде. Айта кетейік, бүгінде шара аясында елімізде тұрақты тұрып жатқандардан өзге 12 айдан аса уақытқа шетелге іссапармен шыққандар (шетелдегі дипломатиялық корпус пен ҚР өкілдігінің қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері), келісімшарт негізінде бір жылдан кем уақытқа басқа елге кеткен отандастарымыз, өзге мемлекетте «Болашақ» бағдарламасы аясында білім алып жатқан студенттер, уақытша шетелге шыққан туристер, уақытша (12 айдан аз) елімізде жүрген шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар мен босқындар санақтан өтуде.