Халыққа берген уәде орындалады Избранное

Среда, 10 Ноябрь 2021 04:45 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1333 раз

Шаһардағы Асар-2 тұрғын алабына ауыз су берілді. Іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мәулен Айманбетов қатысып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті. Қала әкімдігінің қолдауымен асарлықтардың талай жылдан бергі талаптары орындалып, сапалы ауыз суға қол жеткізді.

335

 

Қала әкімі орынбасарының айтуынша, биыл 5 елді мекен кезең-кезеңімен ауыз суға қосылады. Су құбырының құрылыс жұмыстары мердігер мекеме «Сарыағаш Аман» ЖШС тарапынан 2020 жылы басталған. Асар-2 тұрғын алабында 2765 абонент бар. Су жүйелерінің жалпы ұзындығы 156,1 шақырымды құрайды.
–Бүгінгі таңда Шымкентте сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 98 пайызды құрайды. 2023 жылға қарай үшінші мегаполисте ауыз су мәселесі жүз пайызға шешімін табады. Мегаполисте инфрақұрылым мәселесі бірте-бірте шешіліп келеді. Республикалық маңызы бар қала атанғанымызға 3 жылдан енді асты. Сондықтан инфрақұрылымды дамыту мегаполистің ең басты мәселесіне айналуы түсінікті жәйт. Барлық коммуналдық жүйелерді тарту, елді мекендерді тиісті инфрақұрылыммен жабдықтау біршама уақытты алатынын белгілі, - деді қала әкімінің орынбасары М.Айманбетов.

327


Сондай-ақ күні кеше Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов бастаған депутаттар Асар-2 тұрғын алабына арнайы ат басын бұрып, асарлықтардың қуанышына куәсі болды. Қазір мемлекеттік қолдаудың арқасында гүлденген, дамыған елді мекенге айналып келе жатқанын мақтанышпен жеткізген мәслихат хатшысы инфрақұрылымға қатысты құрылыс жұмыстары қала бойынша жалғаса беретінін айтты. Сондай-ақ ол Шымкент мегаполиске сай болу үшін оның инфрақұрылымы жеткілікті деңгейде дамуы қажеттігін алға тартты. Егер әлеуметтік жағдай дұрыс болса халықтың да көңіл-күйі көтеріліп, білім алуға, мәдениетке талпынады, жұмыс та жүйелі атқарылып, еңбекке деген құлшыныс артатынын баяндады.
— «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: баршаға лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын жасаған кезде қала тұрғындарының әлеуметтік мәселелер бойынша талап-тілегі барынша ескерілді. Яғни, бағдарлама мегаполисте инфрақұрылым бойынша қандай проблема бар, оның нендей шешу жолдары бар деген сауалдарды түбегейлі зерттеп, зерделеу арқылы құрылған. Сондықтан халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту – көшбасшы партияның алдында тұрған ең негізі мақсаттардың бірі. Иә, инфрақұрылым бойынша қалада өзекті мәселелер баршылық. Мәселен Шымкентте осы күнге дейін әлі 7 елді мекен суды тасып ішеді. 5 елді мекенге ауыз су кесте бойынша беріледі. Ендігі кезекте тұрған міндет – осы проблеманы түбегейлі шешу. Ал бүгінгі қуаныш ол Асар-2 тұрғын алабы тұрғындарының ауыз суға қол жеткізуі. 2800 – ге жуық абонент орталықтандырылған су құбырына қосылды. Бұл елді мекенді сумен қамтамасыз ету партияның сайлауалды бағдарламасында нақты көрініс тапқан. Жоспардағы тапсырмаларды орындау бойынша нақты іс-әрекеттер межеден бұрын орындалуда. Мәселен, бағдарламада қаланы толық ауыз сумен қамту 2024 жыл деп көрсетілген. Алайда, жұмысты осы қарқынмен жалғастыра берсек, 2023 жылы Шымкентте ауыз су жүз пайызға шешімін тапқалы тұр. Бүгінгі таңда Көмешбұлақ су магистралының құрылысы аяқталып, онда сынақ мерзімі өтіп жатыр. Яғни, құбырды залалсыздандыру жұмыстары жүруде. Ол аяқталған соң біраз елді мекен сапалы ауыз суға қосылатын болады. Ауыз су бойынша 5 жылға жоспарланған жұмыстардың 70 пайызын іске асырып қойдық. Осылайша «Nur Otan» партиясы халыққа берген уәдесін орындап келеді. Мұндағы келген мақсатымыз да сол берген уәдеміздің қалай жүзеге асырылып жатқанын көзбен көріп, халықтың, осы елді мекеннің аузы дуалы ақсақалдарының батасын алу. Осындай ерекше сәтте тұрғындардың қасында болып, қуаныштарын бірге бөліскіміз келді, - деді
Бахадыр Мәдәліұлы.

328


Өз кезегінде мәслихат хатшысы Асар-2 тұрғын алабында шешімін күткен тағы екі мәселені тездетіп қолға алу керектігі жөнінде жергілікті әкімдік өкілдеріне өтініш жасады. Оның бірі жолдардың бойындағы мектеп, балабақша тұсына қауіпсіздік жолақтарын, жалпы көше бойына жолда жүру ережелерінің белгісін орнату болса, екіншісі, 1,5 мың бала оқитын №138 мектеп маңындағы екі көшеге шағал тас төсеу. Өйткені жаңбырлы күндерде балалар мектепке барғанда аяқтарымен лай кешіп қиналатын көрінеді. Бахадыр
Нарымбетов өз сөзінде
Асар-2 инфрақұрылым бойынша барлық талаптарға сай дамып келе жатқан елді мекен екенін жеткізді. Сондай-ақ, келесі жылдан бастап тұрғын алапқа қатынайтын қоғамдық көліктер саны да артып, қосымша автобус бағыттарын ашу күтіліп жатқанын мәлімдеді.
Осы орайда елді мекенде бүгінде атқарылып жатқан инфрақұрылымдық жұмыстардың барысын тиісті сала маманының өз аузынан есту мақсатында Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы ауыз су және кәрізбен қамту бөлімінің басшысы Дәурен Болғановты сұхбатқа тартқан едік.
— Асар-2 тұрғын алабын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 2020 жылы конкурс өткізіп, оны «Сарыағаш Аман» ЖШС ұтып алған болатын. Мердігер мекеме 2021 жылы ол жұмыстарды толығымен бітірді. Қараша айында тиісті құжаттарды рәсімдеп, абоненттеу жұмыстарын да аяқтауды жоспарлап жатыр. Ауыз су жүргізуге 1,5 млрд. теңгедей қаржы қаралды. Асар-2 тұрғын алабындағы 8 көше рет-ретімен ауыз суға қосылып келеді. Көмешбұлақ су көзінен 25 шақырым магистралды су құбыры тартылды. Қаланың солтүстік, солтүстік-батыс бөлігіндегі елді мекендер осы құбыр арқылы су алатын болады. Қазір құбырды шаю, дезинфекциялау жұмыстары атқарылуда. Ал Асар-2 тұрғын алабына қолданыстағы құбыр арқылы су берілуде. Күз мезгілі болғандықтан су пайдалану деңгейі жаздағыдай емес. Сондықтан құбырдағы қысым судың мөлшерін тұрақты деңгейде ұстап тұруға толықтай жетеді. Біз, осы айда Көмешбұлақ су магистралын іске қосамыз. Сол кезде Асар-2, Достық, Солтүстік саяжай, Ынтымақ, Батыс, Жаңа талап, Көкбұлақ, Игілік секілді елді мекендердің барлығы сапалы ауыз су тұтынатын болады. Қаланы жүз пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары 2023 жылы толығымен бітеді. Бүгінгі таңда 7 елді мекенге су тасымал арқылы жеткізіледі. 5 елді мекен кесте бойынша су тұтынуда. Жыл соңына дейін су тасымалдайтын 7 елді мекеннің мәселесін толығымен шешеміз. Кестемен берілетін 2 тұрғын алапты да жыл аяғында үздіксіз таза ауыз суға қосамыз. Оның біреуі Жаңа талап, екіншісі Сәуле шағынауданы. Бұл елді мекендерде су жүйелері толығымен тартылып, суға қосу жұмыстары жүріп жатыр. Ендігі қалған 3 елді мекен бар. Ол Құрсай, Қайнарбұлақ және Сайрам тұрғын алаптары. Құрсайға байланысты осы жылы қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Біраз бөлігіне су жүйесі тартылып қойды. Келесі жылы пайдалануға беріледі. Қайнарбұлақ пен Сайрам елді мекені бойынша тиісті жобалалар әзірленіп жатыр. Келесі жылы құрылыс жұмыстары басталып, 2023 жылы толықтай аяқталатын болады, - деді Дәурен Сыдықұлы.
Басқарма өкілі Асар-2 тұрғын алабын электр қуатымен қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталып өтті. Оның айтуынша бүгінде «Бозарық» подстанциясы іске қосылған. Одан Асар-2, Қайнарбұлақ, Достық тұрғын алаптарына электр энергиясын тарататын 1-М-1 подстанциясы да жұмыс істеп тұр. Келесі аптадан бастап асарлықтар сумен бірге сапалы электр энергиясын да тұтынатын болады. Сонымен бірге табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша 50,4 шақырымды құрайтын ішкі орамдық жүйелердің құрылыс жұмыстары 2020 басталып бүгінгі таңда ол толығымен аяқталған. АГРС-3 нысанының іске қосылуына орай Асар-2 абоненттеріне табиғи газ қараша айының соңына қарай берілетін болады. Газ тарту бойынша құрылысты «Отау Строй» ЖШС мердігер мекемесі атқарған. Бұдан бөлек, Асар-2 тұрғын алабын кәріз жүйелерімен қамту мақсатында да құрылыс жұмыстары басталып кетті. Бұйырса, келесі жылы ел оның да игілігін көрмек. Кәріз жүйесі құрылысына жауапты «Монолит – Дизайн - 2030» ЖШС мердігер компаниясы саналады.
Асар-2 тұрғын алабында енді ретте ауыз сумен қамтылған үйлерді тізімге алып, абоненттеу жұмыстары қалып тұрғанын айттық. Ол үшін жер теліміне берілген мемлекеттік акт пен жеке куәліктің көшірмесін мердігер компанияға өткізу қажет. Ол өз тарапынан су есептегіш құралдарын тегін орнатып, сол арқылы әр абонентке дербес шот ашылып, әрі қарай тұрғындар су ақысын осы есептегіш құрал арқылы төлейтін болады.