Мұрат Дүйсенбекұлы бүгінгі таңда Шымкентте Мемлекет басшысының тапсырмасымен тұрғындарды сапалы электр қуатымен қамту жоспары іске асырылып жатқанына тоқталды.
– Шымкент қаласын сапалы электр қуатымен қамту – маңызды міндет. Қаланың энергетика саласын кешенді түрде жаңғырту бастамасы қолға алынып, жүзеге асырылуда. Электр энергиясының сапасын жақсарту бағытында жарық сапасы төмен 16 елді мекендегі желілер жаңартылуда. Жеті шағынаудандағы құрылыс жыл соңына дейін аяқталады. Нәтижесінде 21 мыңнан астам тұрғын тұтынатын электр қуатының сапасы артады. Ал алдағы бес жылда қала аумағында жалпы саны 10 қосалқы электр станциясы салынады. Өздеріңізге белгілі, биылғы тамыз айында «Бозарық» қосалқы станциясы іске қосылды. Енді «1-М-1» станциясы жұмысын бастады. Бұл энергетикалық нысан осы маңға жақын 4 шағынауданның 70 мыңға жуық тұрғынын сапалы электр қуатымен қамтуға мүмкіндік береді, – деді қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы.
Бұдан кейін «Электрмонтаж» АҚ инженері Ержан Бекетаев арнайы бағдарламаның көмегімен трансформаторды іске қосты. Енді мұнда тәулік бойы мамандар кезекшілікте тұрып, энергияның таралуын қадағалайды. Станция жұмысының көбісі автоматтандырылған. Кешеннің іске қосылуымен Асар-2 шағынауданындағы 2765 абонентке сапалы электр қуаты беріле бастады. Бүгінгі таңда мұндағы ішкі орамдық көшелерге 87 шақырымнан асатын электр желісі тартылып, 24 трансформатор орнатылған.
«1-М-1» қосалқы электр станциясынан жарық көзі, Асар-2 шағынауданымен қоса, Солтүстік саяжай, Қайнарбұлақ және Достық шағынаудандарына таралады. Бұл аудандарға сапалы электр энергиясы ішкі орамдық желілер құрылысы аяқталғаннан кейін беріледі», деді энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Болатбеков.
Бұл жобаның құрылысы 2019 жылы басталып, тиісті жұмыстарды «Электромонтаж» АҚ жүргізген. Заманауи электр құралдарымен жабдықталған кешеннің өндірістік қуаты – 110 кВ, энергияны «Бозарық» қосалқы станциясынан алады.
Айта кетейік, бұл дер кезіндегі жаңалық болды. Себебі, қазіргі таңда Қазақстан бойынша электр энергиясының тапшылығы сезілуде. Нақты айтқанда еліміздің 17 өңірінің тек үшеуінде ғана жарық қуаты жеткілікті болса, қалған аймақтарда жарық жиі сөніп, абоненттерге кезекпен беріліп келген болатын. Әсіресе, мұндай келеңсіздік қараша айының басында Шымкенттегі шағынаудандарда жиі болды. Жауапты мамандар мұны электр энергиясын қолдану мөлшерінің күрт артуымен түсіндіреді.
– Жыл сайын елімізде электр энергиясын тұтыну мөлшері артып келеді. Қазақстан бойынша бұл көрсеткіш 8 пайызға артса, Шымкентте бірден 12 пайызға көбейді. Бір жағынан, бұл күн суып, жылыту маусымына да байланысты. Дегенмен, енді электр энергиясының тапшылығы болмайды. Жамбыл ГРЭС басшылығы станцияның үшінші блогы іске қосылатынын хабарлады, – деген еді жуырда БАҚ өкілдерімен жүздескен
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мәулен Айманбетов. Энергетиктердің мәліметінше, бұл келеңсіздік өндірілетін электр қуаты мөлшерінің төмендеуінен туындаған. Мысалы, жазғы мезгілде Шымкентке жалпы 315 МВт энергия қажет болса, жылу маусымында 375 МВт қажет. Соның ішінде 221 МВт – Екібастұз, ал 40 МВт – Жамбыл ГРЭС-інен, 50 МВт – Шардара станциясынан жеткізіледі. 40-150 МВТ қуатты Шымкенттегі 3-жылу-энергетика орталығы өндіреді. Қазіргі таңда Екібастұз станциясында жөндеу жұмыстары басталған, сондықтан, ол жақтан 221 МВт-тың орнына 120 МВт энергия жеткізілуде. Ал Шардара қоймасындағы судың деңгейі төмендеуінен ол станция 50 МВт-тың орнына небары 8 МВт өндіріп жатыр.
Дегенмен, электр энергиясы тапшылығының екінші себебі майнинг процесі болуы әбден мүмкін. Олай дейтініміз, осы күзде Қазақстан криптовалюта өндіру бойынша әлемде екінші орынға көтерілді. Кэмбридж университеті мамандарының зерттеуінше, қазір еліміздің әлемдік майнингтегі үлесі 18 пайыздан асады. Ал бірінші орында – АҚШ.
Қараша айының басында ҚР энергетика вице-министрі Мұрат Жүребеков елімізде заңсыз майнингпен айналысатындар ай сайын көбейіп жатқанын мәлімдеді. Сарапшылардың пікірінше, Қытай өз аумағында майнингпен айналысуды қатаң шектеген соң олар
Қазақстанға ауысқан. Мысалы, биылғы жазда алғашқылардың бірі болып белгілі Bit Mining компаниясының 320 майнері Қазақстанға қоныс аударды.
Майнинг – қарапайым сөзбен айтқанда, криптовалюта өндіру. Соңғы үлгідегі компьютерлік құрылғылар мен техника қолданылатын бұл процеске электр энергиясы өте көп қажет. Мысалы, осындай бір Data-centr тұтас бір қалаға қажет электр энергиясын тұтынады. Сондықтан, мұндай майнинг фермалары электр станцияларына жақын маңда орналасады. Қазіргі таңда осындай ірі майнинг орталықтары ресми тіркеліп, жұмыс істеуге көшкен.
Дегенмен, жасырын істейтін «сұр» майнерлер де жетерлік. Олар қарапайым бір ғимарат, сырттан қарағанда елеусіз нысанға тоқ тартып, компьютермен жабдықтап, криптовалюта өндіруді тоқтатар емес. Мұндай тәуекелге барудың басты себебі – түрлі криптовалюталардың ресми ақшаға шаққандағы құнының қымбат болуында. Мысалы, қазіргі таңда әлемдегі ең басты криптовалюта – 1 биткойнның бағасы 25 миллион теңгеден асады.
Қазір ресми тіркелген майнерлер салықты жеке кәсіпкер ретінде төлейді. Салық жүйесінде әзірге оларға арналған санат жоқ. Дегенмен, 2022 жылдың қаңтарынан бастап жағдайы өзгереді. Маусым айының аяғында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің салық кодексіне өзгеріс енгізетін заңға қол қойды. Бұл өзгерістер цифрлық майнингке де қатысты. Енді, заң бойынша, майнер тоқсан сайын тұтынған электр энергиясы мөлшеріне қарай салық төлеуге міндеттеледі.
Бұған қоса 15 қазанда ҚР Энергетика министрлігі «Цифрлық майнинг бойынша қызметті жүзеге асыратын тұтынушылардың электр қондырғыларының кейбір мәселелері туралы» заң жобасын көпшілік талқылауына ұсынды. Құжатта энергетика министрлігі майнинг құрылғылары тұтынатын электр энергиясын екі жылға 100 мегаватқа дейін шектей алады деп көрсетілген. Осылайша еліміздегі майнинг саласы заңнамалық құжаттармен реттелмек.