Шымкент еліміздің креативті хабына айналады Избранное

Пятница, 19 Ноябрь 2021 04:29 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1397 раз

Бұл туралы еліміздегі мобилографтар бас қосқан жиында айтылды. Қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының ұйымдастыруымен ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Креативті индустрия» бағыты аясында алғаш рет республикалық «Shymkent Mobilography Fest» фестивалі өтті.

402

 

Фестивальде сөз алған қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов үшінші мегаполистің еліміздегі креативті хабына айналуына мүмкіндігі мол екенін айтты.
–Қазақстанда алғаш рет республикамыздың әр өңірінен талантты мобилографтардың басын қосып, фестиваль ұйымдастырдық. Бұл сала креативті индустрияның ажырамас бөлігі және ол туризмнің мүмкіндіктерін жарнамалауға таптырмас құрал болып табылады. Бастаманы жыл сайынғы үрдіске айналдыратын боламыз, - деді Мақсұт Пернебайұлы.
Іс-шара аясында өткен пленарлық кездесуге Қыран Талапбек, Өркен Кенжебек, Сырымбек Тау, Ақбота Ануарбек, Әділет Рахметолла сынды медиа салада өз бастамаларын дамытып жүрген әлеуметтік желі белсенділері қатысып, креативті индустрия мен мобилографияның туризм саласындағы рөлі туралы ойларын ортаға салды.
– Бүгінгі таңда барлық бизнес өкілдері, орталықтар өз жұмысын түрлі әлеуметтік желілер арқылы дамытып келеді. Демек сапалы фото контенттер жасап, барынша тұтынушылардың назарын аударып, қызықтыруда мобилография таптырмас дүние. Қазақстанда да әлемдік ірі брендтермен жұмыс істеп, өз аудиториясына ерекше кадрлар жасаудың қыр-сырымен бөлісіп жүрген мобилографтар бар. Бұл салаға үш жыл ішінде 50 мыңға жуық адам қызығушылық танытып, ерекше өнерді меңгеруге ниет білдірді. Мобилография – өнердің жаңа бағыты. Қолында сапалы сурет пен видеоға түсіруге мүмкіндігі бар адамның бәрі осы өнерді үйреніп, пайда табуына болады. Алғаш рет осындай ауқымды жиын ұйымдастырып, еліміздегі мобилографтардың басын бір арнаға тоғыстырған Шымкент қаласы болып отыр, - деді Қыран Талапбек.
Фестиваль барысында туризм және сыртқы байланыстар басқармасы жариялаған байқау да қорытындыланды. Оған жалпы саны 900-ге жуық адам өтінім білдірген. Қатысушылардың басым бөлігі Шымкент және Нұр-Сұлтан, Алматы, Түркістан т.б қалалардан келген. Сайыстың алғашқы күнінде мобилографтар алдын ала берілген «Welcome to Shymkent» тақырыбы аясында қала туралы имидждік және креативті жарнамалық бейнероликтер түсіріпті. Аталған кеште 500-ден астам жұмыстың ішінде іріктеліп алынған үздік роликтерді көрерменге ұсынылды. Соңында жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.