«SHYMKENT ÖNIMDERI-2021» – қаланың өндірістік қуатын танытатын көрме Избранное

Пятница, 19 Ноябрь 2021 04:34 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1166 раз

Шымкенттегі «Көрме» орталығында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Shymkent Önımderı 2021» атты жергілікті тауар өндірушілердің көрмесі басталды. Үш күн бойы жалғасатын көрменің мақсаты — жергілікті тауар өндірушілерді тұтынушыларға кеңінен таныстырып, олардың ісін ілгерілетуге көмектесу. Өңдеу өнеркәсібі бағытында жұмыс істеп, дайын өнім шығарып жатқан 100-ге жуық шымкенттік компания қатысуда. Олардың арасында құрылыс материалдарын, жиһаз, медициналық құрал-жабдықтар өндіретін кәсіпорындар бар.

405

 

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов көрмені аралап, ұсынылған тауарлармен танысып шықты. Айтулы шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген қала әкімі Тәуелсіздік жылдары Елбасы саясатының арқасында елімізде шағын және орта бизнес пен өнеркәсіптің дамуына жағдай жасауға арналған көптеген шаралардың қолға алынғанын атап өтті.
Мұрат Дүйсенбекұлының айтуынша, бизнесті қолдауға арналған шаралардың арқасында 30 жылдың ішінде Шымкент қаласының экономикасына 2 триллион 600 миллиард теңге инвестиция тартылып, шағын және орта бизнес нысандарының саны 87 мыңға жетіп отыр. Өз кезегінде бұл 250 мыңнан астам жұмыс орындарының құрылуына себеп болған.
–Бүгінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен орта мерзімді экономикалық саясатты реформалау жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Нақты межелері белгіленген ұлттық жобалар қабылданды. Мұның бәрі мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіруге, бизнесті қолдауға бағытталған шаралардың тиімділігін арттыруға және инвестициялық ахуалды жақсарта түсуге мүмкіндік береді, – деді Мұрат Әйтенов.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейін өңдеу өнеркәсібіндегі экспорт көлемін 1.5 есеге, ал, еңбек өнімділігін 30 пайызға арттыруға қажеттігін айтқан шаһар басшысы осы мақсатқа қол жеткізу үшін инвесторлар және бизнес қауымдастық өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеп жатқанын алға тартты.
— Президент жүктеген міндетті орындау үшін бүгінде Шымкент қаласында жергілікті тауар өндірушілерге жүйелі түрде жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Бүгінгі көрме соның бір айғағы. Бұл іс-шараға түрлі мемлекеттік органдардың, жобалаушы және мердігер мекемелердің өкілдері және өзге де әлеуетті сатып алушылар қатысуда. Мұнда тауар өндірушілер өз өнімдерін таныстырып қана қоймай, өзара тиімді келісімдер жасау мүмкіндігіне ие, - деді Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов.

407


Көрмеге қатысушы компаниялардың бірі – «MedCamfort» ЖШС-і. Бұл кәсіпорын медициналық жиһаз бен құрал-жабдықтар өндіреді.
–Біздің кәсіпорын 2016 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінде 50 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Кез келген емхана мен аурухананы медициналық құрал-жабдықтар және жиһазбен толық жабдықтай аламыз. Әсіресе, кушеткалар мен төрт функционалды автоматтандырылған кереуеттерге сұраныс жоғары. Өндірісті кеңейту мақсатында «Жұлдыз» индустриалды аймағынан үлкен зауыт салып жатырмыз, - дейді «MedCamfort» ЖШС-інің атқарушы директоры Жадыра Әйтенова.
Көрменің тағы бір қатысушысы – «DDEK» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің зауыты. Бұл компанияның «Оңтүстік» индустриалды аймағында орналасқан жасанды жол кедергілері мен көпір құрылысына арналған резіңке тірек бөлшектерін шығаратын зауыты бар.
–Резіңке тірек бөлшектер – көпір конструкциясындағы маңызды элемент. Ол көпірдің жоғарғы бөлігіне түсетін салмақ пен қысымның тірек бөлігіне дұрыс әрі орнықты берілуін қамтамасыз етеді. Д.Қонаев даңғылы мен Т.Рысқұлов көшесінің қиылысындағы жаңа жолайрықта біздің зауытта өндірілген резіңке тірек бөлшектер пайдаланылды. Осы көрмеде жаңа тапсырыс берушілермен байланысып, тиімді серіктестік орнатамыз деген үміттеміз, - дейді «DDEK» компаниясының директоры Мұрат Жұматаев.
Сонымен қатар бұл компания жақында автобустарға арналған тежегіш қалыптарын шығаруды да қолға алмақ.
Көрмеде отандық нарықта 10 жылдан бері табысты жұмыс істеп, балалардың көз қуанышына айналған «Nayruz Plastic» ойыншық фабрикасының тауарларын да көрдік.
—Біздің фабрикада пластмассадан жасалған ойыншықтардың 20 түрі өндіріледі. Айына 20 мың дана ойыншық шығарып жатырмыз. Сапасы жақсы, ал, бағасы қолжетімді болғандықтан ойыншықтарымызға сұраныс та өте көп. Ең бастысы біздің ойыншықтар балалардың денсаулығына ешқандай зиянын тигізбейді. Ойыншықтардан зиянды элементтер бөлінбейтінін, исінің жоқ екенін сертификаттау, стандарттаумен айналысатын тәуелсіз және мемлекеттік мекемелер растап, өнімдерімізге тиісті сертификаттарын берген. Бүгіәнгі көрмеге келудегі мақсатымыз Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтарына өз өнімдерімізді таныстыру, – дейді аталған фабриканың инженер-технологы Наурызбек Байтеміров.
Айта кетейік, көрменің аясында түрлі байқаулар мен экспортты ілгерілету жөнінде кеңес өткізіледі. Онда тауар өндірушілерге мемлекеттік қолдау шаралары түсіндіріліп, экспортқа шығу барысындағы проблемаларды кәсіпкерлермен бірлесіп талқылау жоспарланған.