ДЕМЕУШІ – «ЖЕЛТОҚСАН АҚИҚАТЫ» Избранное

Пятница, 19 Ноябрь 2021 04:40 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1457 раз

Шымкентте қаласында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына арналған республикалық турнир басталды. Бұл бокс жарысының өзгешілігі сол – Желтоқсан оқиғасына қатысқан аға буын өкілдері толығымен өздері ұйымдастырып отыр.

410

 

Шымкент қалалық бокстан №5 балалар мен жастардың мамандандырылған олимпиадалық резерві спорт мектебінің ғимаратында өтіп жатқан байрақты бәсекеге Шымкентпен қоса Алматы, Тараз қалалары мен Түркістан облысынан 100-ге жуық жеткіншек қатысуда. 2004-2005 жылы туған жас былғары қолғап шеберлерінің І республикалық бәсекесіне «Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының төрағасы Карл Исаев демеушілік жасады.
Турнирдің ашылу салтанатына қала тұрғындары мен қоғамдық бірлестіктің мүшелері, ардагерлер, бокстан Шымкенттен шыққан тұңғыш әлем чемпионы Біржан Жақыпов қатысты. Ал спорт мектебінің басшылығы жарыстың кәсіби түрде өтуіне қолдау көрсетіп, төрешілермен қамтамасыз еткен.
– Мұндағы мақсатымыз – жастарды патриоттық рухқа, отансүйгіштікке баулу. Салауатты өмір салтын ұстанып жүрген жеткіншектердің жігерін жанығымыз келеді. «Тәні саудың – жаны сау» дейді атам қазақ. Осындай батыл да берік ұрпақтан ел қорғайтын азаматтар шығатынына сенімдіміз. Ал өзімізге келер болсақ, сонау 1986 жылы алаңда бас көтеріп, тізе қосып шыққан жас қыз-жігіттер өмірден қанша қиындық көрдік. Мысалы, мен сол кезде Алматыда зооветеринариялық институтта оқып жүр едім. Ереуілге қатысқаным үшін оқудан шығарып жіберді. Бүгінде сол замандастар қоғамдық бірлестіктің Шымкент қалалық филиалында бірге жұмыс істеудеміз, – дейді «Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» респбликалық қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейбіт Төлембаев.
Қазіргі таңда қоғамдық бірлестіктің Шымкент қалалық филиалына 30 адам мүше. Олар жиі-жиі бас қосып, өмірден өткен замандастарын еске алып отырады.
Ал республикалық турнир үш күнге жалғасып, сенбі күні ақтық бәселелер өтеді. Жеңімпаздарды марапаттау мен өмірден өткен желтоқсаншыларды еске алу да сол күнге жоспарланып отыр.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.