ИНВЕСТИЦИЯ КӨЛЕМІ 400 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕГЕ ЖЕТЕДІ Избранное

Пятница, 19 Ноябрь 2021 04:48 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 482 раз

Биыл Шымкент қаласының экономикасына 400 миллиард теңге инвестиция тартылады. Оның ішінде шетелдік және жеке инвесторлардың үлесі 60 пайызды құрайды. Бұл туралы YPO FORUM Shymkent «Жаңа жағдайдағы бизнес» форумында сөз сөйлеген Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мәлімдеді.

406

 

—Форум Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығының қарсаңында өтіп отыр. Осы орайда, Шымкент қаласының Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктеріне тоқталып өткен жөн. Бизнесті мемлекеттік қолдау шараларының арқасында 30 жылда қала экономикасына 2 триллион 600 миллиард теңге инвестиция тартылып, шағын және орта бизнес нысандарының саны 87 мыңға жетті. Өз кезегінде бұл 250 мыңнан астам жұмыс орындарының құрылуына себеп болған. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде бір жылда 460 миллион теңге инвестиция тартылған болса, биылғы жылдың 10 айының қортындысы бойынша бұл көрсеткіш 325 миллиард теңгеге жетті. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 1.4 есеге жоғары. Жыл соңына дейін қала экономикасына тартылатын инвестиция көлемі 400 миллиард теңгеге жетеді деп күтілуде, – деді қала әкімі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін өңдеу өнеркәсібіндегі экспорт көлемін 1.5 есеге, ал, еңбек өнімділігін 30 пайызға арттыруға қажеттігін айтқан Мұрат Дүйсенбекұлы әкімдіктің осы мақсатқа қол жеткізу үшін инвесторлар және бизнес қауымдастық өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеп жатқанын алға тартты.
Форумда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаев өнеркәсіппен шағын және орта бизнесті дамыту, сондай-ақ, инвестициялық ахуалды жақсарта түсу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
— Мемлекет басшысының экспортты арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау үшін бүгінде Шымкент қаласында жаңадан 3 индустриалды аймақ ашу жоспарланып отыр. Олар «Жұлдыз» инустриалды аймағы, «Бозарық» агро-индустриалды аймағы және «Стандарт» жеке индустриалды аймағы. «Стандарт» – ресми тіркелген Қазақстандағы алғашқы жекеменшік индустриалды аймақ. Қаладағы ескі қорғасын зауытының орына жеке инвестор 77 миллиард теңге инвестиция құйып отыр. Бұл қаржыға барлық қажетті инфрақұрылым тартылып, өндірістік кешендер салынады, – деді А.Сәттібаев.
Оның айтуынша, жақында Шымкентте «Іскер қала» атты бірегей бағдарлама қабылданған. Бұл бағдарламаның аясында «Стандарт» индустриалды аймағында кәсіпорын ашқан компанияның өндірістік ғимаратты жалға алу ақысы субсидияланады және оларға жылдық үстемақысы 2 пайыздан аспайтын жеңілдетілген несие беріледі.
Айта кетейік, YPO (Young Presidents Organization) – «әлемге үздік көшбасшылар қажет» деген ортақ сенімге негізделген көрнекті басшылардан тұратын жаһандық қауымдастық. Бұл қауымдастыққа әлемнің 142 еліндегі 30 мыңнан астам ең табысты әрі ықпалды кәсіпкерлері мүше. Оған мүше компаниялардың жылдық қаржы айналымы 9 триллион АҚШ долларын құрайды.
YPO қазақстандық өкілдігі ұйымдастырған форумға Қазақстанға белгілі бизнесмендер мен ірі инвесторлар қатысты. Форум барысында Chocofamily Holding компаниясының негізін қалаушы Рамиль Мухоряпов, «Таң Медиа Групп» директорлар кеңесінің төрағасы Арманжан Байтасов, «Bilim Media Group» компаниясының негізін қалаушы Рауан Кенжеханұлы, BI Group директорлар кеңесінің төрағасы және акционері Айдын Рахымбаев және өзгелер сөз сөйлеп, Шымкент қаласы экономикасына инвестиция құюдың тиімділігі жөнінде әңгімеледі.

Последнее изменение Понедельник, 22 Ноябрь 2021 06:15