Вертеброхирургия – ортопедияның ең күрделі саласы Избранное

Среда, 24 Ноябрь 2021 04:24 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1181 раз

Қалалық №1 балалар ауруханасында сколиоз ауруына шалдыққан 10 жасар қызға күрделі операция жасалды. Отаны жергілікті дәрігерлер «Ана мен бала» Ұлттық ғылыми орталығының мамандарымен бірлесіп жасады. Мұндай ота Шымкентте тұңғыш рет іске асырылып отыр. Бұған дейін омыртқасы қисайған балалар күрделі ота үшін Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына жіберілетін.

608

 

—Сколиоздың 4-ші сатысына шалдыққан науқастың қисайған омыртқаларын металды эндокорректор — түзеу қондырғысы арқылы қалпына келтірдік. Вертеброхирургия –ортопедияның ішіндегі ең күрделі саласы. Өкінішке орай, бүгінгі таңда елімізде осындай операцияны қажет ететін балалар саны өте көп. Ата-аналардың көпшілігі республикалық орталықтарға барып, жоғары медициналық технология тәсілімен ота жасатуға шамалары келе бермейді. Сондықтан оны жергілікті жерде жасаған тиімді болып отыр. Дегенмен мұндай ота жасаудың алғышарттары бар. Ол – анестезиология, реанимациялық көмек, отадан кейінгі күтім секілді мәселелер. Бұл талапқа Шымкенттегі қалалық №1 балалар ауруханасы толық сай келеді, - деді «Ана мен бала» Ұлттық ғылыми орталығының ортопедия бөлімінің жетекшісі Болат Нағыманов.
Маман сколиоз дерті екі топқа бөлінетінін айтады. Біріншісі, балаларда туа пайда болады. Жүре пайда болатын екінші түрі идеопатикалық сколиоз деп аталады екен. Экономикасы дамыған мемлекеттерде оның пайда болуының себептері жан-жақты зерттеліп жатыр. Зерттеушілер оны дұрыс тамақтанбаудан, қажетті минералды заттардың жетіспеушілігінен, қан айналымының бұзылуынан пайда болады деген болжам айтып отыр. Болат Нағыманов бүгінгі балалардың 30-40 пайызында сколиоздың салдарынан дене бітімі бұзылған дегенді алға тартты. Қазіргі таңда Қазақстанда жылына сколиозы бар 150-160 балаға күрделі ота жасалады екен.
Дәрігерлер отаны жеті сағат жасады. Ота барысында 10 жасар қыздың омыртқасына титаннан жасалған бұрандалар енгізілді. Титаннан болған металқұрылым биоинертті зат. Ағзаға ешқандай кері аллергиялық реакция тудырмайды. «Заманауи медициналық технологияның көмегімен баланың бүкірлігі жойылады, омыртқа қисықтығы орнына келіп, еңсесі көтеріледі. Ең бастысы, баланың ішкі ағзасы дұрыс жұмыс істейтін болады. Жүрек, тыныс алу, ас қорыту жүйелері қалыпты жағдайға оралып, қызметін жақсы атқара бастайды», деді білікті ортопед Болат Әбікенұлы.
Статистика бойынша Қазақстанда нақты қанша бала сколиозға шалдыққаны туралы нақты дерек жоқ. Мамандар республикадағы балалардың 1 пайызы омыртқа қисаюынан зардап шегеді деген болжам айтып отыр.
Айта кету керек, бұл отаның ақылы түрі – 1,5-2 миллион теңге. Алайда ол елімізде балаларға мемлекет қаражаты есебінен тегін жасалады.
— Сколиоздың туындауына төменгі сынып оқушыларының асынып жүретін сөмкелерінің шамадан тыс ауырлығы да себеп болады. Жалпы кеселдің алдын алу үшін балалар жеңіл спорт түрлерімен шұғылдануы керек. Дұрыс тамақтанып, таза ауада көп серуендеу қажет. Сонымен бірге мектепте парта алдында, үйде үстел басында отырғанда бүкіреймей, қисаймай арқаны тік ұстауға дағдылануы тиіс, - деді Болат Әбікенұлы.
Ортопед маман сколиозды емдеуге қатысты берген кеңесінде балаларды мануальді терапевтерге сүйреп, қисайған омыртқаны массаж арқылы түзетуге ұмтылмауға шақырады. Себебі мануальді терапия баланың нәзік сүйектеріне кері әсерін тигізіп, денсаулығын одан сайын нашарлатып жіберуі мүмкін.
Қалалық №1 балалар ауруханасының травмотология бөлімшесінің меңгерушісі Болат Нұсқабаев мегаполис медицинасының әлеуеті арта түскенін атап өтті.
— Мұндай операция Шымкент қаласында бірінші рет жасалып отыр. Келесі жылы тағы да осындай білікті мамандардың қатысуымен сколиозға ота жасауды жоспарлап отырмыз. Ол кезде Минск қаласынан арнайы дәрігерлер қатысады. Жергілікті ортопедтер тәжірибе жинақтап, кейін мұндай күрделі отаны әрі қарай өздері жасай беретін болады. Бүгінгі таңда қалада туа бітті және жүре пайда болған сколиоздың 3-4 сатысына шалдыққан бірнеше бала тіркеуге алынған. Жоспар бойынша олардың барлығына да мемлекет есебінен тегін операция жасалады. 2022 жылдан бастап мұндай операция республикалық орталықтарда емес, өзімізде қолға алынатын болады, - деді Б.Нұсқабаев.
Омыртқа қисаюының ауыр түріне шалдыққан балаларға хирургиялық көмек көрсетіп, жаңа өмірге қадам басуына жағдай жасау отандық медицина әлеуетінің қаншалықты жоғары деңгейде дамығандығын көрсетеді. Соның ішінде күрделі ауру түрлері бойынша медициналық көмекке мұқтаж халықты тек ірі республикалық емдеу орталықтарына телміртпей, еліміздің барлық өңірінде қолжетімді ету үшін тиісті реформаның сәтті жүзеге аса бастауы баршамызды ерекше қуандыратыны сөзсіз. Тәуелсіздіктің 30 жылдығында медицина саласында жеткен басты жетістіктеріміз, толағай табысымыз осы деп мақала арқауы болған қалалық №1 балалар ауруханасындағы жаңалықты үлгі, жарқын мысал ретінде атасақ жарасады.