Версия для печати

ЖОЛАЙРЫҚ ТОЛЫҒЫМЕН АШЫЛДЫ Избранное

Среда, 24 Ноябрь 2021 04:29 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1680 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Кеше Д.Қонаев даңғылы мен Т.Рысқұлов көшесінің қиылысындағы жолайрық толығымен ашылды. Бұған дейін жолайрықтың ашық тоннелі мен Т.Рысқұлов көшесіндегі айналма жолдың бір бөлігі пайдалануға берілген еді. Енді жолдың екінші жағы да ашылып, автокөліктер барлық бағытта жүре бастады.

613

 

Жолайрықтың ашылуына қатысқан Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов нысанның айналасын көгалдандыру жұмыстары және жаяу жүргіншілерге арналған жерасты өткелінің құрылысымен танысты. Жоспарға сәйкес, бұл маңға 320 түп талшын ағашы отырғызылады.
–Қала тұрғындарын осындай маңызды нысанның ашылуымен құттықтаймын. Бұрын осы қиылыстан тәулігіне 30 мың автокөлік өткен болса, жолайрықтың арқасында бұл көрсеткіш 90 мыңға жетеді, – деген Мұрат Дүйсенбекұлы ендігі кезекте Бәйдібек би мен Арғынбеков көшелерінің қиылысындағы жолайрықтың құрылысы басталатынын жеткізді.
Шаһар басшысының айтуынша, жаңа нысанның құрылысын желтоқсан айында бастау жоспарланған. Алайда, Тәуелсіздік күні мен жаңа жыл мерекелеріне байланысты бұл жұмыс 2022 жылдың 5 қаңтарына шегеріліпті.

612


Айта кетейік, бұл – үш деңгейден, атап айтқанда, эстакада, тоннель және жер үсті деңгейлерінен тұратын күрделі құрылыс нысаны. Мұндай жолайрық Шымкентте алғаш рет салынбақ. 2022 жылдың 5 қаңтарынан 1 тамызға дейін тек Арғынбеков көшесі жабылады. Бұл уақытта Бәйдібек би көшесінде көлік қозғалысы шектелмейді. 2022 жылғы тамыз-қазан айларында қозғалыс барлық бағыттар бойынша тоқтатылады.
Келер жылы 1 қарашада Арғынбеков көшесінде толығымен, ал, Бәйдібек би көшесінде 80 пайызға көлік қозғалысына рұқсат беріледі. Нысан құрылысы 2023 жылғы наурызда толығымен аяқталады деп күтілуде.
–Магистралды жолдардың жабылуы тұрғындарға уақытша қолайсыздық туғызатынын түсінеміз. Сол себепті мердігер компаниядан 3 жылға жоспарланған құрылысты 1 жылдан астам уақытта аяқтауды талап етіп отырмыз. Егер біз бұл жұмыстарды кейінге қалдыра берсек, көлік кептелісіне қатысты проблема жылдан жылға ушыға түседі. Сондықтан тұрғындарды түсіністікпен қарауға шақырамын, – деді М.Әйтенов.
Қала әкімінің айтуынша, шаһардың Бас жоспарында осындай 5 жолайрық салу қарастырылған. Бірақ, соның өзінде кептеліс мәселесі толығымен шешіледі деп айту қиын. Сол себепті әкім болашақта қалада балама транспорт желісін құру қажеттігін де атап өтті.