Версия для печати

Қазақстан тмд бойынша экономикалық өзгерістерде көшбасшы Избранное

Пятница, 26 Ноябрь 2021 04:15 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1205 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Тәуелсіздіктің үшінші онжылдығы Қазақстан үшін экономикалық прогресс пен орнықты даму дәуіріне айналды.
Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі ең табысты және ауқымды нарықтық реформаларды іске асыруда көшбасшы болды. Еуропалық Одақ пен АҚШ
Қазақстанды нарықтық экономикасы бар бірінші мемлекет деп таныды.

620

 

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанға 350 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Бұл Орталық Азия өңіріне келетін жалпы инвестициялар ағынының 70%-ын құрайды. Бұл мемлекет басшылығы жүргізіп отырған, қазақстандық қоғамдағы тұрақтылық пен келісіммен нығайтылған ашықтық пен сенім саясатының табысты болуының нәтижесі болды.
Елдің қаржылық егемендігін нығайтудағы маңызды қадамдардың бірі 1993 жылы ұлттық валюта – теңгені енгізу еді. Бұл қаржы жүйесін тұрақтандыруға және тәуелсіз ақша-несие саясатын жүргізуге кірісуге мүмкіндік берді.
Инвестициялар ағыны үшінші мыңжылдық табалдырығында ел экономикасының тұрақтылығын және отын-энергетика кешені мен тау-кен металлургия саласының қуатты өрлеуін қамтамасыз етті. Осыған байланысты 2001 жылы Ұлттық қорды құру маңызды қадам деп танылды. Ол сыртқы экономикалық тәуекелдерден қорғаудың тиімді институтына және болашақ ұрпақ үшін қаражат жинақтаудың маңызды тетігіне айналды.
Шешуші дағдарысқа қарсы саясат пен неғұрлым терең нарықтық трансформацияның нәтижесінде Қазақстан 1997-1998 жылдардағы азиялық қаржы дағдарысы мен 2008-2009 жылдардағы әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың салдарын ойдағыдай еңсерді.
Жаһандық нарықтар конъюнктурасының өзгеруі, әлемнің жетекші елдерінің төмен көміртекті экономикаға көшуі, цифрлық дәуірдің басталуы XXI ғасырда
Қазақстан үшін жаңа сын-тегеуріндерге айналды.
Басты мақсат – шикізаттық емес тауарларды шығаруға бағдарланған бәсекеге қабілетті және әртараптандырылған экономика құру. Бұл жолдағы маңызды кезеңдер «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру және инфрақұрылымдық әлеуетті нығайту болды.
Қосылған құны жоғары бұйымдар өндіру – қазіргі заманғы индустриялық саясатты іске асырудағы басты міндеттердің бірі. Бүгінде бұл бағытта айтарлықтай нәтижелерге қол жетті. Соңғы жылдары 1250 жаңа өндіріс іске қосылды, 500-ге жуық жаңа өнім түрі шығарылды. Қазақстаннан экспорттық жеткізілімдер әлемнің 110 елінің нарығына жүзеге асырылады.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап еліміздің көлік әлеуетін дамытудың маңызы зор, соның нәтижесінде Қазақстан құрлықішілік тұйықталуды еңсеріп, Еуразиялық ауқымдағы қуатты транзиттік хабқа айналды. Ұзындығы 2 787 шақырым Батыс
Еуропа–Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізінің қазақстандық учаскесі ашылды. Жалпы, елімізде осы жылдар ішінде 12,5 мың шақырымнан астам автомобиль жолдары және 2,5 мың шақырымнан астам теміржол салынды және реконструкцияланды. Экономиканың негізі және көптеген қазақстандықтардың әл-ауқатының көзі болып табылатын шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше рөл беріледі. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны бүгінде 1,2 миллионнан асты, бұл салада шамамен 3,2 миллион адам жұмыспен қамтылған. 2018 жылы шағын және орта бизнестің үлесі 27%-дан асты, ал 2005 жылы ол 10%-дан сәл ғана асқан еді.
Қазақстан әлеуметтік-экономикалық өзгерістердегі ТМД көшбасшыларының бірі болып табылады. Экономикалық дамудағы жетістіктер республика халқының әл-ауқатының өсуіне ықпал етті. 1991 жылдан бастап Қазақстан азаматтарының орташа жалақысы 17 есе, ал зейнетақы мөлшері 10 есе өсті. 1991 жылдан бастап Қазақстан халқы 16 млн адамнан 19 млн адамға дейін өсті. Қазақстанда бала туу деңгейі 60%-ға артты. Қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 64 жастан 72 жасқа дейін ұлғайды. 100 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. 1 500 мектеп және 2 700-ден астам балабақша мен жүздеген колледж салынды.
Миллион тұрғыны бар қалалар мәртебесін үш қала – Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент алды. Біздің мақсатымыз – Шымкент қаласын қарқынды дамып келе жатқан қалаға айналдыру. Шымкент өз болашағын ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеумен және АӨК саласындағы логистикамен тығыз байланыстырады. Өйткені, қала аграрлық аймақтың орталығы саналады. 2020 жылы мегаполис тұрғындары АӨК саласында 30,7 млрд теңгенің өнімін өндірді. Салаға инвестициялар көлемі 7 млрд теңгені құрады, бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңінен 2 есеге жуық артық. Төрт жол торабында орналасқан қалада ауданы 92 гектар сауда-логистикалық аймақ құрылды, онда өсімдік және мал шаруашылығы өнімдері сақталады және таратылады, тағы үш логистикалық орталықтың құрылысы жүргізілуде.
Өнеркәсіп өнімінің көлемі 319-дан 523 млрд теңгеге дейін өсті. Белсенді кәсіпкерлердің үлесі 71-ден 88%-ға дейін өсті. Республикалық мәртебеге ие болған сәттен бастап қалаға 1 трлн теңге жаңа инвестиция тартылды. 1,3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Қаланың бюджеті 3,5 есеге артып, 455,5 млрд теңгеге жетті.
Қала экономикасының негізін өнеркәсіп құрайды. Қазір Шымкентте өндірістік инфрақұрылымы бар 3 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Жақын арада тағы екі агро-индустриялық аймақты іске қосу жоспарлануда, онда ауданы 136 га заманауи өнеркәсіптік жылыжай кешені және «Бозарық» тамақ өнеркәсібінің индустриялық аймағы құрылатын болады, онда биоқоспалары бар концентрацияланған құрама жем өндірісі, сүт зауыты, ет, жемістер мен көкөністерді қайта өңдеу кәсіпорындары орналасады. Қалада бизнесті дамыту үшін ең қолайлы жағдайлар жасалған. Осылайша Шымкент экономикасының өсімі ұзақ жылдарға қамтамасыз етілген деп сеніммен айтуға болады.
Кәсіби кадрларды даярлауда М.Әуезов атындағы ОҚУ маңызды рөл атқарады. Бұл – кадрлар ұстаханасы, академиялық білім беру мектебі. 75 жылдан астам тарихы бар бұл оқу орны Қазақстанның жоғары білім беру саласының жарқын брендтерінің бірі болып табылады.
Биыл тарихи және маңызды жыл болды. Күні кеше Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Nur Otan партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысындағы үндеуінде «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын алғаш рет тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңына ұсынып отыр. Осылайша өскелең ұрпақтың тәуелсіз мемлекеттің берік тірегіне айналатынына және егемендіктің сенімді негізін құрайтынына кәміл сенеміз.

А.МЕРГЕНБАЕВА,
М.Әуезов атындағы ОҚУ «Экономикалық теория» кафедрасының
меңгерушісі, э.ғ.к., доцент

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.