ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМ ҚҰРУ – ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТӨРТІНШІ ОНЖЫЛДЫҒЫНДАҒЫ ҚАСИЕТТІ МАҚСАТЫМЫЗ Избранное

Пятница, 26 Ноябрь 2021 04:19 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 219 раз

Жақында Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса вице-премьер Ералы Тоғжановтың атына депутаттық сауал жолдап, қазақ футболына қатысты ащы шындықты ақтарып салды. Премьер-лиганың 14 футбол клубын (соның ішінде Шымкенттің «Ордабасы» командасы да бар) қаржыландыруға соңғы 3 жылдың өзінде бюджеттен 111 миллиард 200 миллион (!) теңге бөлінгенін дәйек еткен депутат, өкінішке қарай, «халықтың салығынан түскен қаржы қазақ футболын дамытуға емес, шетелден келген легионерлерді байытуға» жұмсалып жатқанын ашына айтты.

623

 

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының Франциядан 8:0 есебімен жеңіліп, айдай әлемге масқара болғанымыз үшін бүкіл қоғам наразылық білдіргені мәлім. Халықтың сол наразылығын парламенттік оппозиция мәртебесіне ие болып отырған «Ақ жол» демократиялық партиясының өкілі жеткізді. Алайда, шындықты айту бар да, айтқаныңды істетіп, проблеманың шешілуіне ықпал ету бөлек әңгіме. Егер «ақжолдықтардың» осы сауалынан соң сең сөгіліп, рәсуа болған бюджет қаржысы ауыл спортын дамытуға, балалар футболын қолдауға, олардың жаттықтырушыларының жалақысын көбейтуге және аймақтарға футбол мектептері мен жібі түзу стадиондар салуға жұмсала бастаса, елде соңғы жылдары там-тұмдап болсын жүргізілген саяси реформаның далаға кетпегені,
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев енгізген «парламенттік оппозиция» институтының елге титтей де болсын пайдасын тигізгені деп білеміз.
Енді өзіңіз ойланып көріңізші, тап осындай абсурд жағдай тек футболда кездесе ме? Жоқ, әрине. Мемлекет білім беру, денсаулық сақтау, қорғаныс пен құқық қорғау секілді 5-6 саланы ретке келтіруге күш салып-ақ жатқанымен, қалтарыстағы тұтас салалар мен кейбір аймақтарды, жекелеген ведомстволар мен мекемелерді тәртіпсіздік пен әділетсіздік жайлап алғанын кімнен жасырмақпыз?!
Қош, енді не істеу керек? Бұл проблемаларды көтеріп, біз газетке «қаны сорғалаған» мақала жазармыз, Сіз кіжіне отырып әлеуметтік желіге пост саларсыз. Бірақ одан мәселенің шешіле қоюы екіталай (әйтпесе, футболдағы бассыздықтар туралы айтудай-ақ айтылды ғой). Ал осы проблеманың әрқайсысы үшін мыңымыз жиылып митинг ұйымдастырсақ, атойлап алаңға шыға берсек, елдің ынтымақ-бірлігі мен тұтастығына сызат түсіп жүрмей ме?
Демек, бізге мәселелерді жүйелі түрде, байыппен шешіп отыратын механизм керек. Сол механизмді жасап шығатын, қуаттандырып отыратын күш – ашық әрі демократияшыл азаматтық қоғам. Егер елде азаматтық қоғам дамыса, онда әділетсіздік пен тәртіпсіздікке жүйелі түрде қарсы тұратын іргелі мемлекеттік және қоғамдық институттар қалыптасады. Оның ішінде ең мықтысы, әрине, Парламент болуы тиіс. Міне, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасының мәні осында жатыр.
Аллаға шүкір, жақында Тәуелсіздіктің 30 жылдығын ел болып тойлаймыз. Осынау қастерлі мерекенің қарсаңында
Қазақ елінің 30 жылда бағындырған белесі мен алған асуы жайлы аз айтылып жатқан жоқ. Енді бір сәт «төртінші онжылдықтағы басты мақсатымыз қайсы» деген сауалдың төңірегінде ойланайықшы. Біздіңше, ел ретіндегі ең асқақ, тіпті, қасиетті мақсатымыз – әділетті қоғам құру.
Мемлекеттілігіміз мығым, еліміздің іргесі бүтін болсын десек, білімді, алғыр әрі отаншыл ұрпақ тәрбиелегіміз келсе, экономикамыз дамып, халқымыз қауіпсіз, алаңсыз, бақуат әрі бақытты өмір сүрсін десек, онда адам құқығына құрметпен қарайтын және оны қорғайтын, ашық әрі әділетті қоғам құруға ұмтылуымыз шарт.
Ал қалай әділетті қоғам құрамыз десек, ол үшін жаңалық ашудың қажеті жоқ. Мұның бүкіл әлем мойындаған, дамыған, өркениетті елдер ұстанып отырған бір ғана жолы бар. Ол – демократия жолы. Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығында Қазақстанды демократияландыруды одан әрі жалғастыру үшін бізге батыл әрі терең саяси трансформация қажет.
Иә, Қазақстанда соңғы жылдары бұл бағытта біршама іс атқарылды. Мәселен, 2017 жылы елімізде конституциялық реформа жүргізіліп, билік тармақтары арасындағы өкілеттілік пен жауапкершілік қайта бөлінгені белгілі. Қолданыстағы заңнама бойынша Президент ішкі саясат, сыртқы саясат және қорғаныс мәселелеріне көбірек назар аударады да, әлеуметтік-экономикалық жағдай үшін Үкімет дербес жауапкершілік алуы тиіс. Ал Үкіметтің бір бөлігін Парламент сайлауында жеңіске жеткен партияның фракциясы жасақтай алады.
Одан беріде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміздің саяси жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Жоғарыда айтқанымыздай, парламенттік оппозиция институты пайда болды, саяси партияларды тіркеу үшін талап етілетін азаматтар саны 40 мыңнан 20 мыңға дейін азайтылды және жиналыстар мен митингілердің еркіндігіне қатысты жаңа заң қабылданды. Сөз жоқ, мұның бәрі – елді демократияландыру бағытындағы маңызды әрі нақты қадамдар.
Оған қоса биыл ауыл әкімдерінің сайлауы жанама дауыс беруден тұрғындардың тікелей және төте дауыс беруіне ауысты. Мемлекет басшысы бұл реформаның жалғасы ретінде алдағы жылдары аудан әкімдерінің де сайлануы енгізілуі мүмкін екенін айтып отыр. Бұл тұрғындардың жергілікті жағдайға ықпалын арттыратыны талассыз.
Соңғы жылдары елдегі
демократиялану бағытындағы ең елеулі өзгерістердің бірі – биліктің десакрализациясы. Жұртшылық билік деген сондай киелі ұғым, ал оны қолына ұстап отырған адам әулие еместігін түсінді. Президент халыққа қызмет ету үшін ғана сайланатынын, ал министр мен әкім деген сайлаушылардың салық түсімдері арқылы жинақталған өз ақшасына ұстап отырған жалдамалы менеджерлері ғана екеніне көз жеткізді. Бұл – нағыз саяси эволюция. Өйткені, халық өзінің елдегі жағдайға қалай ықпал ете алатынын анық сезіне бастады.
Бірақ, жетістікке тоқмейілсіп, тоқтап қалуға әсте болмайды. Саяси жүйені эволюциялық жолмен жетілдіруді одан әрі жалғастыру қажет. Мәселен, қолданыстағы Конституцияның 40-бабының 3-тармағында «Республика президенті биліктің барлық тармағының келісіп жұмыс істеуін және өкімет органдарының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді» деп жазылған. Осылайша, елімізде Президенттің билігі биліктің негізгі үш тармағынан тыс, олардан жоғарырақ деңгейде болып отыр. Алайда, классикалық президенттік республикада президент атқарушы биліктің ғана басшысы болуы шарт.
Саяси сарапшылар отандық экономиканың үлкен бөлігін қолында ұстап отырған «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры бастаған басқарушы холдингтер мен ұлттық компаниялардың Парламентке есеп бермейтінін, Ұлттық банк пен Бас Прокуратура секілді көптеген орталық мемлекеттік органдардың Мәжіліске формалды түрде есеп бергенімен, іс жүзінде тек Президентке ғана бағынатынын, мұның бәрі елдегі ашықтық пен жариялылыққа көлеңкесін түсіріп отырғанын алға тартады.
Қала берді Есеп комитеті мен Орталық сайлау комиссиясы секілді органдардың Президентке ғана бағынатын болуы еліміздің әлі де суперпрезиденттік басқару жүйесінен алшақтап кетпегенін аңғартады. Демек, Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығындағы саяси реформалардың негізгі бағыты – елдегі билік бөлінісін жетілдіру болуы тиіс. Нақтырақ айтсақ, біржола парламенттік республикаға айналып кетпесек те, президенттік-парламенттік басқару жүйесіне толықтай көшуіміз керек.
Биліктің бөлінуі елге не береді десек, біріншіден, бұл билік тармақтарының бірін-бірі тежеп, тепе-теңдікті сақтап отыруына, сол арқылы сайлаушылардың, азаматтық қоғамның оларға ықпал етуіне жол ашады.
Екіншіден, бір-бірінен дербес, беделді әрі ықпалды билік тармақтарының қалыптасуы елімізде мемлекеттіліктің іргесін нығайта түсетін дербес қоғамдық институттардың дамуына мүмкіндік береді. Ол қандай институттар десеңіз, ол – армия, ол – ғалымдар, зиялы қауым, ол – адвокатура, ол – журналистика.
Алда-жалда Қазақстанға әскери қауіп төне қалса, бізді қорғайтын тек қазақ армиясы ғана. Сондықтан оның өз дәстүрі, құндылықтары мен қасиетті қағидалары бар, қиын-қыстау тұстарда ресми биліктің бұйрығына алаңдамай-ақ мемлекетті, халықты қорғаудың қамына көше алатындай дербес қоғамдық институт ретінде дамуы өте маңызды. Сол сияқты мемлекеттік тапсырыстың мөлшеріне, саяси топтардың медиа жоспарына алаңдамай-ақ мына ақпарат соғысы дәуірінде мемлекеттің болашағы үшін ұлттың жоғын жоқтап, сөзін сөйлейтін журналистика да ауадай қажет.
Қазір біз мемлекетшіл тұлғаларға қай кездегіден де зәруміз. Отаны мен туған халқынан басқаның алдында бас имейтін темір генералдарды, бір азаматтың құқығын қорғау үшін уақыты мен ақшасын ғана емес, жүйкесін, денсаулығын, карьерасын, тіпті шыбын жанын құрбан етуге әзір адал адвокаттарды, ұлтының болашағына қажет ғылыми жаңалықты ашуға бүкіл саналы ғұмырын сарп ететін шын ғалымдарды басқа емес, тап осындай қоғамдық институттар тудырады, тәрбиелейді, қалыптастырады. Яғни арамыздан мемлекетшіл тұлғалар, қазақшалап айтқанда, қырандай мұратты ерлер көбе бұзып шықсын десек, билік қоғамдық институттардың дамуына барынша жағдай жасағаны абзал.
Саяси реформалар, биліктің бөлінуі, міне, осындай игіліктердің бастауына айналмақ. Бұл өз кезегінде Қазақ елінде әділетті қоғам құрудың негізгі алғышарты дер едік.
Егемендіктің өткен үш онжылдығында Қазақстан мемлекет ретінде орнықты, экономика біршама дамып, халықтың әл-ауқаты жақсарды. Енді төртінші онжылдықта біздің негізгі екі ұлттық идеямыз болуы тиіс деп ойлаймыз. Олар – білімге құмарлық пен әділетті қоғам құруға ұмтылыс.
Демек, ендігі жерде биліктің іске қабілеттілігі елде қанша бидай жиналғанымен, қанша үй салынып, қанша шақырым жол төселгенімен, тіпті, жалпыұлттық ішкі өнімнің қанша пайызға өскенімен де өлшенбейді. Ендігі биліктің іске жарамдылығы адам құқығының қорғалуына, саяси жүйенің жетілуіне, сөз бостандығы мен пікір алуандығының қанатын кеңге жаюына қаншалықты жағдай жасағанымен, сол арқылы қоғамда әділеттіліктің салтанат құруына қаншалықты үлес қосқанымен ғана өлшенеді.