Версия для печати

«ҚАМҚОРЛЫҚ» оларды жалғызсыратпайды Избранное

Четверг, 02 Декабрь 2021 03:57 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2683 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Ұрпақ саулығы — ұлт саулығы. Ал, әрбір бүлдіршіннің қоғамда өз кетігін тауып, кірпіш болып қалануы жолында елімізде түрлі жобалар жүзеге асып, бастамалар өз нәтижесін беруде. Осындай тың бастамалардың бірі – Шымкенттегі 5 жасқа дейінгі ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығы. Н.Назарбаев қорының қолдауымен ашылған «Қамқорлық» оңалту орталығы Шымкентте 2020 жылдың желтоқсан айынан бастап жұмыс істеп келеді.

654

 

Қазақстанның 8 қаласынан ашылған мұндай орталықтардың мүмкіндігі мол.
— Оңалту орталығында тірек-қимыл жүйке жүйесі аппаратының бұзылыстары бар бөбектерге, балалардың церебральді сал ауруы, туа бітті сүйек ақаулары бар, микроцефалия, гидроцефалия, монопарез, өзге де тұқым қуалайтын аурулар мен Дауна синдромы, мидың туабітті ақаулары бар балаларды емдеу мен оңалту жұмыстары жүргізіледі. Орталықтың ерекшелігі дерттің белгілерін ерте кезеңнен анықтап, оны емдеуді дер кезінде қолға алуға болады. Яғни, мұндағы аппараттар мен құрылғылар жаңа туған сәбиден 5 жасқа дейінгі бүлдіршіндерге бейімделген. Ал, барлық ем түрі дәрігердің нұсқауымен, арнайы бағдарлама бойынша жүзеге асырылады, -дейді «Қамқорлық» оңалту орталығының бас дәрігері Гаухар Сапартайқызы.
«Қамқорлық» оңалту орталығы жоспар бойынша айына 30 баладан бір жылда 360 бүлдіршінге көмек көрсете алады. Емдеу мекемесінде республикадағы білікті әрі тәжірибелі невролог, реабилитолог, ЛФК-дәрігері, ЛФК инструкторы, логопед, дефектолог, неонатолог дәрігерлер жұмыс істейді.
— Орталық ашылған күннен қараша айына дейін 270 балаға көмек көрсетілді. Шалғай аудандардан келген 221 бала тәуліктік стационарда, 49 шымкенттік бүлдіршін күндізгі стационарда ем қабылдады. Емделушілердің 45 пайызының қимыл-қозғалысын дамытуға көмектессек, 35 пайызының сөйлеу қабілеті (психосоматика, моторикасы) дамыды. Орталық заманауи, ерекше екі құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген. Ол аппараттың бірі – КСВП (коротколатентные слуховые вызванные потенциалы) аппараты. Бұл арқылы баланың есту қабілетіндегі ақауды ерте анықтай аламыз. Орталық мамандары 54 баланы сараптамадан өткізіп, оның ішінде 6 бүлдіршіннің есту қабілеті дамымай қалғанын ерте кезеңде анықтады. Бүгінде бүлдіршіндер емдеудің келесі кезеңіне жіберілді. Екінші құрылғы — ВЭЭГ (видео электр энцефалография) мониторинг аппараты. Бұл аппарат арқылы 84 баланы тексеруден өткізіп, 7 бүлдіршіннен тырысқақ дертінің алғашқы белгілері анықталып отыр. Бұл екі құрылғы баланың бойында бар дертті алғашқы сатыда, яғни ерте кезеңде анықтауға көмектеседі, - дейді «Қамқорлық» оңалту орталығының бөлім меңгерушісі Ләззат Қошқарова.

655


Мамандарының айтуынша, орталыққа балаларды қабылдау үшін тек «невролог дәрігердің жолдамасы қажет» деген қағида жоқ. Жоспарлы тексеру үшін кез-келген учаскелік терапевт, педиатр немесе жалпы тәжірибелі дәрігер портал арқылы жолдама береді. Қажетті талдамаларды жинақтап, орталыққа келген балаға жолдама бағыты бойынша тексеру жүргізіледі. Күдік расталып, дерт анықталған жағдайда, орталыққа қабылданған бүлдіршінге арнайы бағдарлама бойынша 21 күн ем жүргізіледі. Сондай-ақ, орталық бір баланы қажеттілігіне қарай жылына 4 рет қабылдай алады екен. Бүгінде орталықтың ондай тұрақты емделушілері де бар екен.
Баласының дертіне шипа тапқан Үміт Бақытқызы (кейіпкердің аты-жөні өзгертілді-ред.) орталықтың жұмысы жөнінде ой бөлісті.
— Ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталығының мегаполистен ашылғаны қуантады. Орталық ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев қорының қолдауымен ашылған екен. Бұл Елбасының еліне, елінің болашағына деген қамқорлығы деп білемін. Менің баламнан тірек-қимыл жүйке жүйесі аппаратының бұзылыстары анықталды. Бір жыл ішінде 3 мәрте жоспарлы түрде ем қабылдадық. Мұндағы мамандардың біліктілігі мен заманауи құрылғылардың мүмкіндігі мол екеніне көзім жетті. Қуантарлығы, ертеректе науқастар Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағы орталықтарға кезекке тұрып, жылына бір мәрте ғана емделетін болса, мұнда 3-4 мәртеге дейін ем қабылдай алады. Әсіресе, тірек-қимылын қалыптастыратын арнайы қысымдық костюмдердің бөбектерге арналған өлшемдерінің бар екені қуантады, -дейді ол.
— Емделушілер порталға екі түрлі тіркеле алады. Біріншісі, тәуліктік стационар. Шалғайдан келген науқас Шымкентте орналасқан облыстық балалар ауруханасының жүйке аурулары бөліміндегі біздің оңалту орталығына қарастырылған орынға қабылданады. Тамақтану, тынығу уақыты сол бөлімде болғанымен, ем дәрігерлердің бағыттық жолдамасы негізінде таңнан кешке дейін оңалту орталығының базасында жалғасады. Ал, шымкенттіктер көбіне күндізгі стационарға тіркеледі. Олар таңнан кешке дейін ем қабылдап, кешкісін өз үйлеріне қайтады, - дейді «Қамқорлық» оңалту орталығының бөлім меңгерушісі Ләззат Шералықызы.

P.S.

Бала — ата-ананың көз қуанышы, мемлекеттің байлығы. Тәуелсіз еліміздің бірден бір жетістігі сол, бүгінде әрбір баланың кемел келешегі мен баянды болашағы үшін көп жұмыс атқарылып, мемлекет тарапынан түрлі бағытта қолдау көрсетіліп отыр. Бүгін баланың денсаулығы мен білімі үшін атқарылған жұмыс — ел келешегі үшін жасалған инвестиция. Бұл оңалту орталығы да ел келешігі үшін салынған инвестицияның бірі.