Версия для печати

ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ ТАРИХИ ТҰЛҒА Избранное

Четверг, 02 Декабрь 2021 04:19 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2061 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Желтоқсанның алғашқы күнiнiң «Тұңғыш Президент күнi» ретiнде аталып өте бастағанына көп жыл өтпесе де, ол шын мәнiндегi жалпыхалықтық мерекеге айналып үлгерді. Өйткенi, басқа емес, тап осы күннiң таңдалып алуының өзiндiк себебi бар. Елiмiз үшiн ең шешушi тұста, яғни, 1991 жылдың 1 желтоқсанында тұңғыш рет жалпыхалықтық сайлау өтiп, онда Нұрсұлтан Назарбаев қазақ мемлекетiнiң Тұңғыш Президентi атанғаны белгiлi. Сайлауға қатысқан азаматтардың 98,78 пайызы Нұрсұлтан Назарбаевты қолдап дауыс беру арқылы өздерiнiң тарихи таңдауын жасады.

663

 

Қазақстанның дербес мемлекет болып қалыптасуына, әлемде өзiндiк орны бар ел болып орнығуына, қарқынды дамуына, елiмiздiң сыртқы және iшкi саясатындағы жетiстiктерiне Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сiңiрген еңбегi орасан зор. Ел мен Елбасы, Тәуелсiздiк пен Тұңғыш Президент атауы егiз ұғымға айналуы тегiн емес. Кемеңгер саясаткердің тарихи рөлiн, еңбегiн халықаралық қауымдастық та мойындап, жоғары бағалап отыр.
Тәуелсiз Қазақстанның отыз жылдық тарихы көз алдымызда өрiлдi және оның әрбір кезеңі Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тарихи тұлға тағлымы» атты мақаласында былай деп жазады:
«Тарих жолы тақтайдай тегіс, түзу бола бермейді. Бұрылысы мен қалтарысы жиі кездесетін дәуірдің сыншысы да көп. Ал нақты әрі батыл іс-әрекетке бара алатын адамдар сирек. Мұндай тұлғалар тарихты түзеді, жаңа заманды алға жетелейді. Міне, Нұрсұлтан Әбішұлы – осындай айрықша ерік-жігерімен ертеңгі көкжиекке батыл қарай білген бірегей реформатор, әлем мойындаған мемлекет қайраткері! Ол – тәуелсіз елдің төл тарихын өз қолымен жасаған тегеурінді тұлға! Елбасымыз әлемнің ең азулы елдерінің басшылары мен саяси қайраткерлері құрмет тұтатын биікке көтеріліп, еліміз халықаралық қоғамдастықтың белді де беделді мүшесіне айналды. Бұл – күрмеуі қиын күрделі кездерде халықты ауызбіршілік пен татулыққа жұмылдырып, ескі түсініктен нарықтық қоғамға өткізген және әлемдік экономиканың белсенді қатысушысына айналдырған Нұрсұлтан Назарбаев феномені». Иә, бұл – уақыттың өзі дәлелдеген өмiр шындығы.
Тұңғыш Президенттiң парасатты саясаты мен қажырлы еңбегiнiң арқасында тiлiмiз, дiнiмiз және дiлiмiз қайта оралып, тарихымыз түгенделiп жатыр. Ұлт Көшбасшысының тарихи жауапкершiлiктi мойнына алып, ел болашағына қатысты батыл, көреген шешiмдер қабылдап, олардың өмiршеңдiгiн дәлелдеп келедi. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы соның айқын дәлелi. Бұл елдiң ғасырлық даму бағдарын айқындаған мақала. Онда халқымыздың болмыс-бiтiмi, халық болып қалуы, ұлт болып ұйысуына қатысты мәселелер тереңнен қозғалған.

Н.Назарбаевтың елорданы көшіру жөніндегі тарихи және стратегиялық шешімнің арқасында бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы әрбір қазақстандықтың көз қуанышы, көңілдегі зор мақтанышына айналды. Тарихи тұрғыдан алғанда қас-қағым сәт болып саналатын қысқа мерзім ішінде Қазақ елінің жауһар қаласы өз атын Тәуелсіздік шежіресіне алтын әріптермен жазды. Осы жылдарда елордамыз елiмiздiң өркендеуiнiң локомотивiне айналып, әлемдегi өзектi мәселелер талқыға салынатын абыройлы үнқатысу алаңына айналды.
Елбасы – ядролық қарудан бас тарту және Семей полигонын жабу жөнiндегi тарихи шешiмдерiмен дүниежүзiн бейбiт әлем құруға шақырып жүрген көрнектi саясаткер. Қазақстан БҰҰ-ның мiнберiнен де осынау iзгiлiктi бастамаларын алға жылжытты.
Тұңғыш Президенттің асқан шеберлікпен жүргізген көпвекторлы сыртқы саясатының арқасында Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы құжат жүзінде бекітілді. Бұл істің ұлттық қауіпсіздік пен аумақтық тұтастықты қорғау тұрғысынан қаншалықты маңызды екенін соңғы жылдардағы геосаяси жағдай айқын көрсетіп отыр.
Елбасының осынау тарихи еңбегінің арқасында бүгінде Қазақ елінің бүкіл дүниежүзі бірауыздан мойындаған заңды шекарасы бар.
Кемеңгер Көшбасшының сыртқы саясаттағы табыстары туралы айтқанда еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, аталған халықаралық ұйымның саммитін ұйымдастырғанын ұмыт қалдыруға болмайды. Саммит қорытындысы бойынша Астана (Нұр-Сұлтан) декларациясының қабылдануы – Қазақстанның сыртқы саясатындағы елеулі табысы болатын.
2012 жылы «Қазақстан – 2050» стратегиясы, ал 2015 жылы Бес институционалдық реформаны іске асыруға бағытталған 100 нақты қадамнан тұратын Ұлт жоспары бекітілді. Бұл құжаттар Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылу бағытында атқарылуы тиіс жұмыстарды айқындап берді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi басшылығымен мемлекетiмiз демократиялық құндылықтарды құрметтеу, ашық қоғам құру, адам құқығын қорғау мен сөз бостандығын өркениет өрiсiне сай қамтамасыз ету салаларында толағай табыстарға жеттi. Елiмiздiң экономикасын көтерiп, халқымыздың әл-ауқатын арттыру, саяси реформалар жүргiзiп, басқарудың тиiмдi тетiктерiн қалыптастыру бағытында да қыруар шаруалар атқарылды.

659


Сонымен бiрге, күнделiктi өмiрге байланысты әр өңiрдiң нақты мәселелерiне назар аударылып, тиiстi жұмыстар атқарылғанына куәміз. Мұны Шымкент қаласының экономикалық және әлеуметтiк-мәдени дамуынан да көрiп отырмыз. Елбасы Жарлығымен республикалық қала мәртебесіне ие болған Шымкентте соңғы жылдары бюджет 4 есеге жуық ұлғайып, 490 миллиард теңгеге, ал, өнеркәсіп өнімінің көлемі 2 есе артып, 710 миллиардтық межені еңсерді. Инвестиция 1.3 триллион теңгеге артып, биыл 1 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек.
Экономиканы әртараптандыруда, шикiзаттық емес секторды дамытуда, өндiрiске жоғары технологияларды енгiзу және инновацияларды қолдауда, бiлiм мен денсаулық сақтау саласын жетiлдiруде Шымкентте ауқымды жұмыстар iске асырылуда. Осының барлығы болашақты болжай бiлетiн көреген, кемел саясаткер – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған мемлекеттіліктің жылдан жылға нығая түсерін көрсетеді.