Күш – білімде, білім – кітапта Избранное

Среда, 08 Декабрь 2021 04:20 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1588 раз

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің №2 және №5 кітапхана бөлімшелері және қалалық орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесінің №2 комьюнити орталығы жаңғыртылып, оқырмандарына есігін айқара ашты.

710

 

Салтанатты шараға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ш.Мұқан, қалалық мәслихатының хатшысы Б.Нарымбетов, «Ауыл» социал-демократиялық партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Қ.Досалиев, Ш.Қалдаяқовтың қарындасы Р. Қалдаяқова, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Х.Есенова және қалалық мәслихат депутаттары қатысты. Жиынға келгендер, ең алдымен, қазақ вальсінің королі Ш.Қалдаяқовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, кітапхананы аралады.

— Өткен жылы қала әкімі Мұрат Әйтенов Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығында ескерткішке гүл шоқтарын қойып, кітапхананы аралаған еді. Кітап қоры бай болса да, тозығы жеткен ғимаратты көріп, жаңғырту жұмыстарын жүргізуді тапсырған болатын. Міне, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында мемлекеттің қолдауымен кітапхана жұмысы жанданып, жаңғыртылып отыр. Енді оқырман көбейсін деп тілейміз, - деді Ш.Мұқан.
Бұл нысандар «отбасылық кітапхана» концепциясы бойынша заманауи үлгіде жаңғыртылған. Оқу залындағы кітаптар «Жаңа топтама», «Өнер әлеміне саяхат», «Оқуға тиіс 10 кітап», «Мотивациялық кітаптар», «Ұлы есімдер» деген бірнеше тақырып аясында топтастырылған. Сондай-ақ, абонемент бөлімінде әлем және қазақ әдебиеті классиктерінің туындылары топтастырылса, 10 мыңға жуық сирек кітап Алтын қорға қойылған.
Жиын барысында «Ауыл» социал-демократиялық партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Қ.Досалиев қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесіне «Алтын тұғыр» поэзия жинағының 30 данасын тарту етті.
Шымкент қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры Н.Жұманованың айтуынша, модернизациядан өткен бөлімшелердің дизайны арнайы тақырыптарға бағытталған. Мәселен, №2 бөлімше мәдениет, өнер саласына арналса, №5 бөлімше Абай шығармашылығын негізге алған.
Сонымен қатар, кітапхана жаңа бастаманы қолға алып отыр. Мұнда келушілерге арнайы оқырман билеттері тарқатылды. Тұрақты оқырмандардың билеттері белгілі шарттарға сай «стандарт», «күміс», «алтын» және «платина» билеттеріне ауыстырылып отырмақ. «Платина» билетінің иесі қаладағы мәдениет ошақтарына арнайы жеңілдіктермен билет алатын болады.
Бұдан кейін Шыңғыс Мұқан қалалық орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесінің №2 комьюнити орталығында болды.
— Жыл басынан бері қаладағы 9 кітапхана қайта жаңғыртылды. 18 желтоқсанда Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана да пайдалануға берілмек. Бүгінде кітапханалардың жағдайы ретке келтірілді. Енді оқырмандарымызды көбейту қажет. Мәселен, №2 комьюнити орталығы шағынауданның адам назары түсе бермейтін тұсында екен. Сондықтан жақын маңдағы мектептермен байланыс орнатып, оқырман тартуды қолға алыңыздыр. Мемлекеттің қолдауын тиімді пайдаланайық, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Аталмыш кітапхана бөлімшесінің жаңа бейнесін қалалық орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесі директорының міндетін атқарушы З.Пернебекова таныстырып шықты. Оқу залындағы әдебиеттер «Қазақстан», «Шымкент» және «Тарих», «Салт-дәстүр», «Денсаулық» сынды бөлімдерге бөлінген. Ал, абонемент залы балаларды қызықтыратындай түрлі-түсті бояулармен әрленіп, «Ертегілер», «Көркем әдебиеттер» сынды тақырыптарға бөлінген.

713


Мегаполистегі модернизациядан өткен кітапханалардың жұмысын жүргізген компаниялар тобының директоры Қанат Нұрсейітовтің айтуынша, екі ай ішінде 4 кітапхана жаңғыртудан өткен.
— Тапсырысқа сай дизайнерлер әр кітапхананың бағытына, оқырмандарының жасына қарай жұмыс істеді. Кітапханаға келгенде өзіңді үйде отырғандай сезінетін атмосфера жасауға тырыстық. Есік-терезе артық дыбыс өткізбейтін арнайы материалдан жасалған. Сондай-ақ, кітапханада тегін интернет пайдаланып, компьютермен де жұмыс істеуге болады, - дейді ол.
Енді кітапханалар тек кітап оқитын жер емес, сонымен қатар қоғамдық орынға айналмақ. Мұнда тұрғындардың отбасымен бірге келіп, уақытын тиімді өткізуіне де барлық мүмкіндік жасалған. Олардың ішінде Book Cafe, Coworking Center, шахмат клубы, Relax room секілді бөлімдер бар.