I-SHYMKENT.KZ – БАРЛЫҚ ҚЫЗМЕТ БІР ОРТАЛЫҚТА Избранное

Среда, 08 Декабрь 2021 04:23 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1859 раз

Үшінші мегаполисте «I-Shymkent» жобасы іске қосылмақ. Осылайша барлық мемлекеттік және коммуналды қызметті бір порталдан алу мүмкіндігі туады. Бұл туралы Шымкент қалалық цифрландыру басқармасының мамандары мәлімдеді.

712

 

Жауапты мамандар БАҚ өкілдеріне баспасөз-турын өткізіп, қалада цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды. Қазіргі таңда жүзеге асып жатқан жобаның бірі де бірегейі – «І-көмек 109» қызметі.
Орталық жетекшісі Азат Әміртайдың баяндауынша, «І-көмек 109» қызметі қала әкімі Мұрат Әйтеновтың бастамасымен 2020 жылдың 26 маусымда ашылған. Сол уақыттан бері бүгінгі таңға дейін қала тұрғындарынан 230 мыңнан астам арыз-шағым түскен. Соның ішінде 228 мың арыз оң шешіліп, көрсеткіш 98 пайызды құрап отыр. Орталық өкілдерінің айтуынша, қала тұрғындарын мазалайтын сұрақтардың ішінде қоғамдық көлік, жарық пен су, қоқыс тазалау секілді коммуналды мәселелер бар.
Бұдан кейін «I-Shymkent» жобасының жұмысы таныстырылды. Шымкент қалалық цифрландыру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мақсат Туғанбайдың айтуынша, бұл орталық екі форматта жұмыс істейді.
– Қазіргі таңда бүкіл қызметтер электронды форматқа көшуде. Осыған байланысты қала әкімінің тапсырмасына сәйкес «I-Shymkent» жобасы жүзеге асырылып отыр. Мұнда бір терезе арқылы бірнеше қызметті атқаруға мүмкіндік бар. «I-Shymkent» орталығы келесі жылдан бастап екі форматта жұмыс істейді. Бірінші формат – онлайн, яғни, портал арқылы. I-shymkent.kz сайты арқылы коммуналды қызметтерге және интернетке өтініш қалдыруға болады. Екінші формат – оффлайн. Ерімбетов көшесі, 52/3 ғимаратта ашылған фронт-офиске келіп, өтінішті қалдыруға болады, – дейді Мақсат Туғанбай.
Жобаны жүзеге асырушы «TELSE» ЖШС директоры Азиз Есжановтың айтуынша, қала тұрғындары порталмен қатар мобильді қосымшаны пайдалана алады. «I-Shymkent» келер жылдың басында іске қосылмақ. Қазіргі таңда сайт пен қосымша тәжірибелік сынақтан өтуде. Интернетке қосылу сияқты кейбір қызметтерге өтінім беруге болады.
Бұдан кейін БАҚ өкілдері қалалық ішкі істер департаментінің шұғыл басқару орталығы мен Сәуле шағынауданы тұрғындарын интернетпен қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Бұл жұмыстар қала әкімінің тапсырмасымен цифрландыру басқармасы арқылы жүзеге асырылуда.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.