ТӘУЕЛСІЗДІК КЕЗЕҢІНДЕГІ ШЫМКЕНТ: ОТЫЗ ЖЫЛДАҒЫ ОҢДЫ ІСТЕР Избранное

Среда, 15 Декабрь 2021 03:56 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1242 раз

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығымен небір тар жол, тайғақ кешулерден аман өтіп, әлемдік қауымдастықта өзіндік орны бар, шекарасы айқындалған, іргесі берік, экономикасы орнықты дамып келе жатқан өркениетті елге айналды. Егемен ел ретінде бағындырған белестеріміз аз емес, алда бізді одан да асқақ асулар күтіп тұр. Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Тәуелсіздіктің іргесін бекіте түсу, әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құру, ұлттық сананы жаңғырту, экономиканы әртараптандыру және халықтың әл-ауқатын жақсарта түсу бойынша ауқымды істер атқарылуда.

752

 

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жақында жарыққа шыққан «Тәуелсіздік тағлымы» атты мақаласында «Мен отыз жыл бойы халқымды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, қайраңға қалдырмай, әлемдік өркениеттің алдыңғы шебіне, дүниедегі ең дамыған 40 елдің қатарына қостым. Осы жылдар ішінде әлемдік ғылым мен мәдениеттің ең үздік жетістіктерін меңгерген жаңа ұрпақ қалыптасты. Жаңа елордамыз салынды. Ең үлкен табысым да, ең үлкен бақытым да осы деп санаймын» деп жазды. Бұл – уақыттың өзі дәлелдеген шындық.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында 30 жылдық мерекенің маңызына тоқтала келіп «Бұл – арман-мақсаттарымызды тоғыстырып, болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенге тағы бір мәрте оралатын, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізетін маңызды мезет» деген болатын.
Иә, Тәуелсіздік біздің ең басты құндылығымыз десек, жылдан жылға көркейіп, дамып келе жатқан, көркіне көз тоятын Шымкент – сол Тәуелсіздіктің төл жетістігі. Бүгін біз, Шымкенттің осынау отыз жылда бағындырған отыз белесі, қол жеткізген ең маңызды отыз жетістігі жайлы сөз қозғамақпыз.

751

 

Шымкент заманауи мегаполиске айналды

Елбасы 2018 жылдың 19 маусым күні Шымкентке республикалық маңызға ие қала мәртебесін беру жөніндегі тарихи маңызға ие Жарлыққа қол қойды. Бұл қаланың жаңа тынысын ашып, оның дамуындағы жаңа кезеңнің бастауына айналды. Себебі, адамзат дамуының ядросы – үлкен қалалар. Ғылым мен білім де, капитал мен өндіріс те, мәдениет пен өнер де ірі мегаполистерге шоғырланған. Үлкен қалаларда еңбек өнімділігі ауылды елді мекендерге қарағанда 6 есе жоғары. Бұл – ғылыми түрде дәлелденген дәйек. Сол себепті ірі қалалардың дамуы бүкіл ел дамуының көрсеткіші деуге болады.
Тәуелсіздік жылдарында Шымкент те ерекше қарқынмен дамып, облыс орталығынан республикалық маңызға ие заманауи мегаполиске айналды. 1991 жылы қалада 440 мың адам өмір сүрсе, бүгінде 2.5 есе өсіп, 1,1 миллион адамнан асты. Қала аумағы 13 мың (2013 ж – 41 мың га болған) гектардан 117 мың гектарға дейін ұлғайды. Мұның өзі қаланың Шымкенттегі өндіріс пен кәсіпкерліктің, білім мен медицинаның, мәдениет пен өнердің, жалпы халықтың өмір салтының сапалық тұрғыда жаңа деңгейге көтерілуіне негіз болды.

Шымкент – ел демографиясының тірегі

Бүгінде Қазақстанда 19 миллионнан астам адам болса, соның 10 миллионы Тәуелсіздік жылдарында дүниеге келгендер. Демек, 30 жылда рухы азат, ойы озат, білімі мен білігі келіскен тұтас бір ұрпақ қалыптасты. Осынау демографиялық дүмпуге Шымкент өте қомақты үлес қосып отыр. Мұны төмендегі деректерге қарап байқауға болады:
1991 жылы қалада 9 115 сәби өмірге келген екен. Ал, 2020 жылы Шымкентте демографиялық рекорд орнады! Былтыр үшінші мегаполисте 31 438 сәби дүние есігін ашты.
Қазіргі таңда Шымкент Қазақстан қалалары мен өңірлері арасында халықтың табиғи өсімі жағынан бірінші орында келеді. 2021 жылдың бірінші жартысында Шымкентте 16 513 сәби дүние есігін ашты. Сәйкесінше, үшінші мегаполис тұрғындарының саны 0,86 пайызға көбейген. Нұр-Сұлтан қаласында бұл көрсеткіш – 0,67 пайызды, ал, үшінші орындағы Маңғыстау облысында 0,48 пайызды құрайды. Қаламызда бұл үрдіс екі жылдан бері сақталып келеді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға 1 миллион 50 мыңдай қандасымыз оралған болса, соның 150 мыңы Шымкент қаласына қоныстанған.

Шымкент – инвестицияға тартымды қала

Тәуелсіздік жылдарында Шымкент инвесторлар үшін тартымды қалаға айналды. 30 жылда шаһар экономикасына 2,6 триллион теңге инвестиция тартылған. Бұл 200-ден астам жаңа кәсіпорынның ашылуына және 20 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.
Елбасы Жарлығымен қаланың республикалық мәртебеге ие болуы инвестициялық белсенділіктің артуына септігін тигізді. Тәуелсіздік жылдары тартылған инвестицияның тең жартысы, яғни, 1,3 триллион теңге соңғы 3 жылдың еншісінде. Биылғы жылдың 11 айында Шымкентке 394,7 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 55,4 пайызға жоғары. Жыл соңына дейін инвестиция көлемі 400 миллиардқа жетеді деп күтілуде.

753


Бүгінде қаланың жалпы өңірлік ішкі өнімінің 30 пайызын – кәсіпкерлік, 25 пайызын – өнеркәсіп, 20 пайызын – сауда мен қызмет көрсету және 5 пайызын – құрылыс саласы құрайды. Яғни, қала экономикасын едәуір деверсификацияланған әрі орнықты дамып келе жатқан экономикалардың қатарына жатқызуға болады.

Шымкент – өндіріс орталығы

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда индустрияландыру саясаты белсенді түрде жүргізілді. Әсіресе, соңғы онжылдықта бұл бағытқа үлкен басымдық берілгені мәлім. Соның нәтижесінде Шымкентте 4 өндіріс аймағы құрылды. Олар: 2 индустриалды, 1 арнайы экономикалық аймақ және 1 транспорттық-логистикалық аймақ. Бұл аймақтардың жалпы аумағы 743 гектарды құрайды. Әрі бұл аймақтарда 8 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Жақында өткен бағалауда Шымкент қаласындағы индустриалды аймақтар бүкіл республикадағы өнеркәсіптік кешендердің арасында ең тиімді әрі қайтарымы мол жобалар ретінде мойындалды. Себебі, бұл аймақтарда инфрақұрылым желісін тартуға мемлекеттік бюджеттен жұмсалған әр 1 теңгеге 16 теңгеден жеке инвестиция тартылған.
Индустриалды аймақтардың дамуының арқасында биыл қаладағы өнеркәсіп өнімінің мөлшері Индустриалды аймақтардың дамуының арқасында биыл қаладағы өнеркәсіп өнімінің мөлшері 750 миллиард теңгеге жетеді деп күтілуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,5 пайызға жоғары.
Бүгінде қаладағы 4 өндірістік аймақ та толып қалған, онда жаңа кәсіпорындар ашатын жер жоқ. Сол себепті әкімдік тарапынан жаңадан «Жұлдыз», «Бозарық» және «Стандарт» индустриалды аймақтарын ашу бойынша жұмыс жүргізілуде.
Аумағы 306 гектарлық «Жұлдыз» индустриалды аймағының инфрақұрылымы жыл соңына дейін мемлекеттің есебінен салынып бітеді. Қазірдің өзінде осы аймақта кәсіпорын ашуды жоспарлап отырған 25 инвестор бар. Олардың 10-ы өз кәсіпорындарының құрылысын бастап кетті.

Шымкенттік компаниялар 15 елге тауар экспорттайды

Өнеркәсіпті қолдау шараларының арқасында бүгінде Шымкент қаласында 35 белсенді экспортер-кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындар негізінен мұнай өңдеу, машина жасау, металлургия, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, құрылыс материалдарының өндірісі және фармацевтика салаларында жұмыс істейді. 2020 жылы олар Орта Азия елдері, Ресей, Қытай, Иран сияқты, жалпы 15 елге 150 миллиард теңгенің тауарын жөнелткен.
Қаланың экспортталатын тауарлардың негізгі бөлігін мұнай және мұнай өнімдері, ұн, портландцемент және цемент өнімдері, мақта талшығы, күнбағыс майы және тоқыма бұйымдары бар.
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарының экспорт көлемін 1.5 есеге арттыру жөніндегі тапсырма бергені белгілі. Соған сәйкес, алдағы 5 жылда экспорттаушы кәсіпорындардың санын 2 есе көбейтіп, экспорт географиясын 25 елге жеткізуді, сол арқылы сыртқы нарыққа жөнелтілетін тауар көлемін 1,5 есеге арттыруды жоспарлап отырмыз. Ол үшін Шымкентте 2025 жылға дейін жүзеге асырылатын инвестициялық жобалардың пулы жасақталған. Оған жалпы соммасы 2.6 триллион теңгені құрайтын және экономиканың барлық салаларын қамтитын 300 жоба енгізілген.

Шағын және орта бизнесте 170 мыңға жуық адам жұмыс істейді

Тәуелсіздіктің 30 жылында шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы көрсеткіштер еселеп өсіп, субъектілер саны 6 мыңнан 74 мың бірлікке, жұмыспен қамтылғандар саны 35 мыңнан 168 мың адамға артты. Саладағы өнім көлемі 2020 жылдың 1 триллион 63 миллиард теңгені, ал салық түсімдері 80 миллиард теңгені құрады.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы қабылданғалы бері 3 271 жобаға 27,2 миллиард теңгенің мемлекеттік қолдауы көрсетілген. Енді постковидтік кезеңде «Бизнестің жол картасы – 2025» және «Іскер қала» бағдарламалары арқылы кәсіпкерлерге қолдау көрсете отырып, шағын және орта бизнестің жалпыөңірлік ішкі өнімдегі үлесін қазіргі 30 пайыздан 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін өсіру көзделіп отыр.

30 жылда 7 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды

Қала экономикасының тағы бір локомативі ретінде құрылыс индустриясын айтуға болады. Себебі, халық санының жедел көбеюіне және урбанизация деңгейінің жоғары болуына байланысты Шымкентте баспанаға деген сұраныс жылдан жылға артып келеді. Мәселен, осыдан 3 жыл бұрын 430 мың шаршы метр тұрғын үй салынған болса, биылдың өзінде қалада 1 миллион шаршы метр баспана пайдалануға берілмек. Осылайша Тәуелсіздік жылдарында салынған жеке және көпқабатты тұрғын үйлердің жалпы ауданы 7 миллион шаршы метрге жеткен. 2023 жылдың соңына дейін мегаполисте тағы 3 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады.
Қазірдің өзінде 25 ірі компания қаламызда өз жобаларын жүзеге асыруда. Бұл құрылыс компанияларына ғана емес, сондай-ақ, сүйемелдеуші салаларда жұмыс істейтін кәсіпкерлерге де зор мүмкіндік дер едім. Алдағы жылдары құрылыс материалдарының өндірісі, қызмет көрсету мен сауда ерекше қарқынмен дамиды.

Туристер үшін сүйікті қалаға айналды

Жыл он екі ай жаймашуақ ауа райы сақталатын Шымкент бүгінде туристер үшін тартымды қала ретінде танылды. Саяхатшыларға былтыр ғана есігін айқара ашқан ескі қалашықтағы аспан асты музейі бүгінде көрнекті орынға айналды. 4,5 гектар аумақты алып жатқан Цитадельдің ең биік нүктесінен мегаполис алақандағыдай көрінеді. Ол еліміздегі туристендіру картасының ТОП-50 тізіміне енді.
Бүгінде аталған аумақта «Шымқала» туристік кешенін қалыптасуда. Болашақта ол Қошқар ата өзені, Тәуелсіздік саябағы, Ордабасы алаңы мен Шығыс базарын біріктіретін туристік орталыққа айналады. Қазір Сайрам тұрғын алабындағы тарихи орындарды уақыт талабына сай жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, Қызыр мұнарасы меценаттардың есебінен қалпына келтірілді.
Қала берді «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы ашылып, ол шаһардағы туризмді дамыту бойынша ауқымды жұмыс атқаруда. Бүгінде қалада 6 театр, 7 музей, 10 саябақ, 18 аквапарк пен 110 қонақ үй жұмыс істеп тұр. Осының бәрі қалаға келетін туристердің көбеюіне ықпал етуде. Мәселен, 2003 жылы Шымкентке 32 мың саяхатшы келген болса, биылғы жылдың 10 айының өзінде қалаға 240 мың турист келді.

Шымкент – азық-түлік қоймасы

Шымкент ірі қала болғанына қарамастан онда аграрлық сала да жақсы дамып отыр. Мәселен, қала аумағында 1991 жылы 11 мың ірі қара болса, биыл 76,2 мыңға жетті. Сол сияқты қой-ешкі – 34,6 мыңнан 91,5 мыңға, жылқы 1,4 мыңнан 14 мыңға көбейген. Осы уақыт аралығында ет өндірісі –300 тоннадан 14,5 мың тоннаға, сүт өндірісі – 2,1 мың тоннадан 47,2 мың тоннаға, ал, жұмыртқа – 2,3 млн. данадан 161,9 млн. данаға дейін артқан.
Шымкенттің Түркістан, Жамбыл, Қызылорда секілді негізгі аграрлы аймақтардың ортасында және Өзбекстан Республикасымен іргелес жатқанын ескере отырып, бүгінде «Бозарық» агроиндустриалды аймағы құрылуда. Бұл жерде көршілес аймақтардан әкелінген ауыл шаруашылығы өнімдері терең өңделіп, қосылған құны жоғары тауарға айналады. Осылайша, Шымкенттің өз азық-түлік белдеуі қалыптасып қана қоймай, тамақ өнімдерінің экспорты молая түседі.

Шымкент – отандық тоқыма өнеркәсібінің орталығы

Елімізде жеңіл өнеркәсіп саласында өндірілетін тауарлардың 23,4 пайызы Шымкентте жасалады. Бұл көрсеткіш жылдан жылға ұлғаюда. Мәселен, Шымкентте биыл жылдың алғашқы бес айында жеңіл өнеркәсіп өндірісінің көлемі 11 миллиард 622 миллион теңге болды. Өткен 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 37,3 пайызға артқан.
Шымкенттен шығатын өнімнің 3,8 пайызын жеңіл өнеркәсіп саласы құрайды. Мегаполисте әсіресе, тоқыма бұйымдарын жасау кең өріс алған. Нақтысын айтсақ, республикада өндірілетін мақта-мата өнімдерінің 21 пайызы, шұлықтың 68 пайызы, ал, кілемнің 100 пайызы Шымкенттен шығады. Осылайша Шымшаһар отандық текстиль өндірісінің ірі орталықтарының біріне айналды. Әсіресе, «БалТекстиль», «НазарТекстиль», «AZALA Textile» секілді компаниялар отандық қана емес, халықаралық нарықта да кеңінен таныла бастады.

Шымкент – фармацевтиканың отаны

Бүгінде республиканың фармацевтика өнеркәсібінде 3 ірі, 10 орта және 154 шағын кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл салада 3,5 мыңнан астам адам еңбек етіп, 2020 жылы 142 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Осынау жылдан жылға дамып келе жатқан индустрияның ірі орталықтарының бірі – Шымкент қаласы.
Қазақстанда өндірілген барлық дәрі-дәрмектің 37 пайызы Шымкенттегі «Химфарм» акционерлік қоғамының еншісінде. Тарихы 140 жылға таяп қалған көне кәсіпорынның жаңа тарихы 2011 жылы басталды. Себебі, сол жылы Шымкентке «Polpharma» компаниясы инвестор ретінде келді. Он жылдың ішінде бұл компания «Химфармға» 108 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйып, өндіріс орнын толық жаңғыртып, қуаттылығын арттыра түсті.
Бүгінде «Santo» сауда белгісімен танылған кәсіпорын жыл сайын 193,8 млн инъекциялық ампула, 2,6 млн инфузиялық флакон, әртүрлі антибиотиктердің 49,4 млн флаконын және 135 тонна таблетка өндіреді. Компанияның өндірістік портфелінде 12 фармакотерапиялық топтағы 240-тан астам препарат бар.
Шымкентте осы саладағы тағы бір табысты компания – «КазМедПрибор» ЖШС деуге болады. Бұл кәсіпорын 2013 жылдан бері қарай медициналық құрал-жабдықтар мен бұйымдардың 300-ге тарта түрін өндіреді. Оның ішінде қарапайым медициналық халаттардан бастап, жоғары технология бойынша жұмыс істейтін жылжымалы рентген аппараты мен ИВЛ, УДЗ аппараттарына дейін бар.

Шымкент – еңбекқорлар қаласы

Тәуелсіздік жылдарында халықты жұмыспен қамту мақсатында «Өңірлерді дамыту», «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Нұрлы жол», «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту», «Дипломмен ауылға», «Жастар практикасы» сияқты бағдарламалар жүзеге асырылды. Әсіресе, соңғы 10 жылда бұл бағытта ауқымды істер атқарылды.
Мәселен, 2011 жылы Шымкентте 1 941 азаматқа жұмыс орны ұсынылған. Ал, 2020 жылы 39 623 азамат жұмыспен қамту шараларына тартылған. Яғни, осы көрсеткіш 20 есеге артып, 2021 жылдың алғашқы жартысында қалада 12 654 (бүгінге 33 213 адам) адам мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, жұмыс тапқан. Тағы бір дерек, Шымкентте 2012 жылы 5458 тұрақты жұмыс орны құрылса, 2021 жылдың басынан 15 369 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылды.
Бүгінде Шымкентте жұмыссыздық деңгейі 5,0 пайызды құрап отыр. Алдағы 5 жылда осы көрсеткішті республиканың орташа көрсеткіші, яғни, 4,9 пайызға дейін төмендетуді көздеп отырмыз.

Шымкент – білім ордасы

Тәуелсіздік жылдарында мемлекет білім саласының дамуына айрықша назар аударып келеді. Мәселен, Шымкент қаласында 30 жыл ішінде «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында 66 881 орынға 98 мектеп салынған. Осы жылдары дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын мектептер, Назарбаев Зияткерлік мектептер желісі құрылып, білім беру ұйымдарының 85 пайызына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл өз кезегінде оқушыларды сапалы біліммен қамтуға үлес қосқаны анық.
Соңғы жылдары білім саласына жеке инвесторлар көптеп тартылуда. Соның арқасында 1991 жылы қалада 72 мектеп болса, бүгінде 250 мың оқушысы бар 202 білім ұясы жұмыс істейді.
2021-2025 жылдары аралығында жаңадан 101 мектеп салу жоспарланған. Қаламыздағы 8 жоғарғы оқу орны мен 32 колледжде жалпы 117 мыңнан астам студент оқып жатыр.
Тәуелсіздік жылдарында мектептердің саны ғана емес, білім берудің сапасы да жақсарды. Соның айғағы ретінде 2020-2021 оқу жылында шымкенттік оқушылардың республикалық және халықаралық пән олимпиадаларынан 72 медаль жеңіп алғанын айтуға болады. Осылдайша, шымкенттің 6 мектебі республикадағы 100 үздік олимпиадалық мектептің қатарына қосылып отыр. Сөз жоқ, бұл ұстаздар қауымының еселі еңбегінің жемісі.
Білім сапасының артуына мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау да оң ықпал еткені талассыз. 1991 жылы Шымкентте білім саласына 300 миллион бөлінсе, биыл бұл көрсеткіш 138 миллиард теңгеге жетті. Мұғалімдердің жалақысы орташа 186 мың теңгені құрап отыр.

Бүлдіршіндер толықтай балабақшамен қамтылды

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық тоқырау салдарынан 2000 жылдарға қарай еліміздегі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының желісі 8 есеге, нақтырақ айтқанда, 1991 жылғы 8 881-ден 2000 жылы 1 089-ға дейін қысқарды. Тек ел экономикасы еңсесін тіктей бастаған тұста ғана балабақшалар қайта көбейді.
Мәселен, Шымкентте Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында 129 балабақша жұмыс істеп тұрса, қазіргі таңда қалада 545 мектепке дейінгі білім беру мекемесі бар. Онда 68 665 бала қамтылған. Оның ішінде, мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 3-6 жас аралығындағы 52 164 бала – 100 пайыз, ал, 1-6 жас аралығындағы 78 692 баланың – 88,3 пайызы (69 492 бала) қамтылған. Биыл жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативіне сәйкес, әр балаға 37 527 теңгеден белгіленіп, жалпы 28 млрд. 399 млн теңге қаржы қаралған.

Медициналық мекемелер саны артты

Тәуелсіздік жылдарында елімізде денсаулық сақтау саласына да баса назар аударылды. Соның айғағы ретінде Шымкентте 30 жылда денсаулық сақтау нысандары 27-ден 110-ға артты.
1995 жылы салаға бюджеттен жалпы 50,8 млн. теңге бөлініпті. Осы көрсеткіш 2021 жылы 79,1 млрд. теңгеге өскен. Денсаулық сақтау жүйесін дамыту және шымкенттіктердің денсаулығын жақсартып, тегін медициналық көмекті қолжетімді ету – саланың алдында тұрған негізгі міндеттерінің бірі болды. Осы жылдары психикалық денсаулық орталығы, Жүрек орталығы, Перинаталдық орталық, Қан орталығы, «Мейірім», «Ана мен бала» балаларды оңалту орталықтары сияқты қалалық медициналық ұйымдар құрылды.
Елімізде қолға алынған «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында қала бойынша 6 нысан ел игілігіне берілді. Атап айтқанда, олар - қалалық қан орталығы, 3 емхана, 1 балалар ауруханасы. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен кардиохирургия, трансплантология, онкология және инфекциялық орталықтың жаңа корпустары салынды. Демеушілік көмек есебінен қалалық залалсыздандыру орталығы және қалалық перинаталдық орталық салынды.

Шымкентте күрделі оталар жасалады

Тәуелсіздік жылдарында отандық медицинаның қол жеткізген жетістіктерінің бірі – транспланталогия саласының қарқынды дамуы. Ал Шымкентте ағза алмастыру отасы алғаш рет 2013 жылы қолға алынды. Міне, содан бері, республикадағы үшінші қалада 172 бүйрек, 24 бауыр алмастыру отасы жасалды. Медицинаның дамуының арқасында дәрігерлер тағдыры қыл үстінде тұрған осынша адамның жанына арашашы болды.
Бұрын біздің азаматтар ем алу үшін шетелдерге сабылатын болса, қазір керісінше, шетелдік азаматтар ағзасын алмастыру үшін бізге келетін болды. Шымкентте қалалық №1 клиникалық аурухананың базасында 2013 жылдан күні бүгінге дейін шетелдік 23 азаматқа ота жасалған. Ем алушылардың арасында денсаулық сақтау саласы дамыған Германия, Канада, Израиль және Румыния елдерінің азаматтары да бар.
Шымкентте трансплантациядан басқа да көптеген күрделі операциялар жасалып жүр. Мәселен, Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасында жылына 4500-ге жуық түрлі деңгейдегі операция жасалады. Ол операциялардың 70 пайызға жуығы кіші инвазивті. Яғни, бала тәніндегі хирургиялық дертті кішкентай ғана саңылаулар арқылы емдейді. Кіші инвазивті операциялардан кейін оңалту уақыты да көпке созылмайды, небәрі 2-3 күнде науқас үйіне шығарылады.
Сондай-ақ, осы ауруханада жаңа туған нәрестелерге сапалы нейрохирургиялық, нейроэндоскопиялық операциялар мен туа бітті және жүре пайда болған сколиоз дертіне ота жасау қолға алынған.
Мұнан бөлек Шымкенттегі кардиологиялық орталық дәрігерлері аритмиялардың радиожиілік аблациясы, жүрек фибрилляциясы кезінде өкпе тамырларының сағаларын криооқшаулау, жүрек клапандарын бір мезеттік протездеу және аорто-коронарлық шунттау, жүрек тамырларын эндартерэктомия және шунттау, сондай-ақ, қолқаның өрлемелі бөлігіндегі операциялар сияқты күрделі гибридті жүрек операцияларды жасап жүр.

Шымкент – мәдени астана

Тәуелсіздік жылдарында Шымкентте мәдениеттің дамуына айрықша көңіл бөлінді. Мұны қалада мәдениет мекемелерінің көбеюінен де байқауға болады. 1991 жылы қалада 52 мәдениет нысаны жұмыс істеп тұрса, бүгінде оның саны 120-ға жетіп отыр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында 3 театр болса, бүгінде қалада 6 кәсіби театр жұмыс істеп тұр. Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрына арнап жаңа ғимарат салынып, бұл мәдениет ошағы академиялық дәрежеге ие болды.
Егемендік жылдарында іске қосылған Түркістан сарайы, цирк, опера және балет театры мен Әл-Фараби ғылыми-әмбебап кітапханасы секілді нысандардың қаланың рухани-мәдени өмірінде алар орны ерекше.
Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығының қарсаңында Шымкенттегі 10 кітапхана заман талабына сай қайта жаңғыртылып, отбасылық үлгідегі білім орталығына айналды.
Өткен жылы Шымкенттің ТМД елдерінің мәдени астанасы атанғаны баршаға мәлім. Шын мәнісінде, 2200 жылдық бай тарихы бар қаламыз мәдени астана дейтін осынау абыройлы ат пен биік мәртебеге лайық болып отыр.

Шымкент – отандық анимацияның орталығы

Шымкент қаласының мәдениеті туралы сөз қозғағанда айналып өтуге болмайтын саланың бірі – анимация. Біздің қаламызда үш бірдей анимациялық студия, атап айтқанда, «Жебе», «Сақ» және «Анимастер» студиялары жұмыс істеп, жас ұрпаққа ұлттық-адамгершілік және отаншылдық бағытта тәрбие беретін көптеген мәнді туындылар әзірледі.
«Жебе» студиясы «Алдар көсе мен шайтандар», «Құтқарушы Ақылбек» және өзге де мультфильмі мен «Қыз Жібек» толықметражды анимациялық фильмін түсіріп, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленсе, «Сақ» студиясы бүгінге дейін 50-ге жуық қысқаметражды мультфильм, бірнеше деректі және көркем фильм шығарып үлгерді. Оның қоржынындағы «Момын мен қарақшылар», «Толағай», «Маймақ қаз», «Мұңлық-Зарлық», «Сапа олимпиадасы», «Қанатты барыс», «Қазақстан бренді», «Қазақ елі», «Қажымұқан» атты мультфильмдері және «Алтын балық туралы», «Операция Ш», «Жаңа жылдық қалыңдық», «Томпақ», «Қалқанқұлақ» телехикаясы мен «Көне жетігеннің сыры» көркем фильмдері көрермендердің жоғары бағасына ие.

***
Тәуелсіздік шежіресі – ынтымақ-бірлігі жарасып, ырысы тасыған халқымыздың жеңіске толы жолы. Дегенмен, Шымкенттің 30 жылдық даму тарихын бір мақалада баяндап шығу қиын. Біз сүйікті қаламыздың осынау тарихи кезеңде қол жеткізген негізгі табыстары мен жетістіктерін шолып өттік.
Алда атқарылар жұмыс пен алар асулар әлі де көп. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Алдағы төртінші он жылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халқы болу. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет», – деп жазды.
Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары мен Шымкент қаласының өңірлік даму бағдарламасына сәйкес, Шымкент қаласының 2025 жылға дейінгі нақты жоспары бар.
2025 жылға қарай қаланың жалпы өңірлік өнімі 1,5 есеге немесе 4 трлн. теңгеге дейін ұлғаяды. Ал өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 1,4 есе ұлғаяды және 1 трлн. теңгеден асады.
Шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны
2021 жылмен салыстырғанда 1,2 есеге, 2025 жылы 161,3-тен 190 мың адамға дейін ұлғаяды, ЖӨӨ-дегі ШОБ үлесі 35 пайызды құрайды.
2025 жылғы жалпы ұзақтықтан қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 63,6% - дан 79% - ға дейін ұлғаяды.
2023 жылы қала тұрғындары орталықтандырылған сумен толығымен, ал 2025 жылы табиғи газбен, сапалы электрмен 100 пайыз, кәріз 75 пайызға қамтамасыз ету жоспарланған.
2025 жылға дейін қоса алғанда барлық қаржыландыру көздері есебінен 6,1 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй немесе 54,5 мың пәтер салу жоспарлануда.
101-ден астам білім беру нысанының құрылысы есебінен 2025 жылы апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі толығымен шешілетін болады.
Денсаулық сақтау саласында 20-дан астам нысан салынады, бұл шамамен 70 мың адамды құрайтын халықты қосымша қамтуға мүмкіндік береді, халықтың денсаулығын, медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартады және өлім-жітімді азайтады, орташа өмір сүру ұзақтығы 76,3 жасқа дейін ұлғаяды.
2021-2025 жылдарға аралығында қала халқының саны 21 пайызға өсіп, 1,3 млн. адамды құрайды деп болжап отырмыз.
Соңғы 30 жылдағы жетістіктерді еселей түсетін келер күннің көкжиегін көріп, мақсаттарға жетіп, жоспарларды орындау үшін қала тұрғындарына ең алдымен ауызбіршілік пен ынтымақ керек.

Мұрат ӘЙТЕНОВ,
Шымкент қаласының әкімі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.