«Basket kids»-тен STANDARTқа дейін Избранное

Среда, 22 Декабрь 2021 04:04 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 894 раз

немесе спортшы мектептер желісін қалай құрды?!

Расында, адам баласына аманат етіп берілген денсаулықтың қадірін кейде түсіне бермейміз. Әдетте денсаулықтың бағасын басқа түскен сырқаттың өзі-ақ таразылап береді. Осы ретте «Шынықсаң, шымыр болатын» қағидаға берік болу шарт. Әсіресе, балаларды жастайынан спорт үйірмесіне тартудың пайдасы зор. Үшінші мегаполисте балалардың спортқа деген қызығушылығын оятып жүрген Ғабит САЛТЫБАЕВПЕН әңгімеміз осы тақырыпта өрбіді.

803

 

– Ғабит Саябекұлы, алдымен оқырманға өзіңізді таныстырып өтсеңіз. Қалада бірнеше спорт түрінен үйірме ашуды қолға алыпсыз...
– Мен саналы ғұмырымды салауатты өмір салтына арнаған жанның бірімін деп айтсам, әбестік болмас. Бала шағымнан спортты жаныма серік етіп, түрлі байрақты бәсекелерде өз мүмкіндігімді көрсеткен кәсіби спортшымын. Баскетболшымын. Мемлекеттік қызметте де еңбек өтілім бар. Бірақ, қағаздан көрі маған доп жақын екенін мемлекеттік қызметте жүрген жылдары жақсы түсіндім (күлді). Одан кейін 20 жылдық тәжірибеммен спорт мектептерін ашып, сол бағытты дамытамын деген шешімге келдім.

– Қаламызда кейінгі жылдары спорт кешендері, жаттығу залдары көбеюде. Сонымен қоса, аулаларда жаттығу құралдары орнатылып, жалпы, тұрғындардың дене тәрбиесімен айналысуына баса мән беріліп келеді. Осы жағдайға қарап-ақ жастардың спортқа қызығушылығын шамалауға болады. Сіздерге келіп жатқан жасөпірімдерге тоқталып өтсеңіз. Олардың ынтасы қалай? Баланы неше жасында спорт үйірмелеріне берген дұрыс?

– Елімізде мемлекет тарапынан спортты дамытуға көптеген қолдау шаралары қаралған. Қазіргі таңда көптеген үйдің аулалары мен тұрғын алаптардың өзінде жазғы спорт алаңшалары соғылуда. Workout жаттығу алаңдары, әр көп қабатты үйдің алдында заманауи спорт алаңшалары бар. Салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданатын адам сол жерде жаттыға алады. Ал үйірмеде кәсіби бапкерлермен жаттығу жасау – мүлде бөлек. Иә, жастардың қызығушылығы бар. Енді сол қызығушылық пен жастардың жалын отын сөндірмеу – бұл кәсіби шеберлердің еншісіндегі мәселе. Баланы таңдаған спорт түріне қарай бес жастан беруге болады. Бұл жерде ескере кететін бір жәйт бар. Мысалы, гимнастикаға үш-төрт жастан қатысуға болады. Біз баскетболға 5 жастан қабылдаймыз. Жаттығулар америкалық тәсіл бойынша өткізіледі. «Basket kids» мектебі 2018 жылы мамыр айында ашылды. Ол кезде өз қаржымызға мықты бапкерлерді дайындауды бастағанбыз. Қазіргі таңда мектебімізде мектеп жасындағы 500-ден аса бала жаттығады. Оларды деңгейіне қарай бөліп, жаттықтырамыз. Әр екі айда жарыс ұйымдастырып, өз араларында жолдастық кездесу өткізіледі. Одан жақсы нәтиже көрсеткендерін спорттық лигаларға жіберіп, әрі қарай құлшынысын арттыруға әрекет жасаймыз. Спорт секцияларын қазір «Standart» брендімен ашып жатырмыз. Баскетбол, волейбол, шахмат мектептеріміз бар. Келешекте барлық спорт түрін қамтуды жоспарлап отырмыз. Мемлекеттік бағдарламамен 72 түрлі спорт секциясын ашуға болады. Болашақты зерттеп-зерделеп, қай спортқа сұраныс көп болса, сол бағытта үйірмелер ашамыз. Бөлек өнер үйірмелері ашылайын деп жатыр. Музыка, би, домбыраны меңгеруге, балалардың шығармашылық дағдыларын оятуға арналған актерлік шеберлік, сурет салу, тігін тігу сияқты курстар қарастырылады. Мемлекеттік бағдарламалардың қолдауымен өнер мектептерін ашуды алдағы уақытта жоспарлап отырмыз.

– Жоғарыда балалардың спортқа ерте араласуына мүмкіндік жасау керек дедіңіз. Өз отбасыңызда спортты қаншалықты насихаттап жүрсіз? Содан кейін спорт секцияларына тоқталып өтсеңіз. Ондағы жаттықтырушылар кімдер? Бұл үйірмелер қаншалықты қолжетімді?

– Үш жерде тегін секциямыз бар. Кейбір ата-аналар мен балалар, ашығын айтайық, тегін болғаннан кейін, еңбегімізді бағаламайтын кездері болады. Кейде жаңадан қабылданған оқушылар үйірмеге жүрдім-бардым қарап, бір күні келеді, екінші күні келмейді. Араға ай салып төбе көрсетіп қоятындары болды. Содан жаттықтырушылармен келісе отырып, жас спортшыларға үйірмеге атүсті қарауға болмайтынын түсіндірдік. Ал ақылы болған кезде ешкім қалмайтын. Ақша төлегеннен соң келетін, құндылығы бар еді. Қазір тегін болған соң, осындай жағдайлар болды. Бірақ, жайлап тәрбиелеп жатырмыз. Ал әр жаттықтырушыны өзім жеке сұхбат жүргізіп, қабылдаймын. Біз дипломы бар екен деп, жұмысқа ала бермейміз. Кәсібилігіне қараймыз. Спортты қаншалықты сүйеді, қаншалықты балалармен тіл табыса алады, міне, сол жағына қараймыз. Жұмысқа кіргеннен кейін бір-екі апта сынақ мерзімінен өтеді. Спорт үйірмелерінің бағасы қолжетімді. Оның ақысының жартысын мемлекет төлесе, жартысын баланың ата-анасы төлейді. Бірақ жалға алатын, ақысы арзан жерлерде тегін секциялар да бар. Кейбір мектептерде жалға алуға ақы төлемейміз. Мектепішілік үйірмелер тегін. Енді мемлекеттік мектептерде үйірмелер ашуды жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде 500-ге жуық оқушыны дайындау үшін білікті жаттықтырушылар жетіспейді. Сондықтан мамандар даярлауға да басымдық беріп жатырмыз.

– Жан басына қаржыландыру спорт үйірмелеріне де қатысты қолданылуда. Бұл кәсіпкер үшін қаншалықты тиімді?
– Жан басына қаржыландыру бағдарламасы жекеменшік спорт үйірмелерін дамытуға жақсы мүмкіндік берді. Әрине, оңай емес. Құжаттарды рәсімдеу кезінде қиындықтар кездесті. Дегенмен, мемлекеттен қолдау бар. Қазір қалада спорт залдарының саны да аз. Көп кәсіпкерлер мейрамхана мен тойхана сала бергеннен гөрі кәсіби спортпен шұғылдануға арналған үлкен спорт кешендерін салуды бастаса, нұр үстіне нұр болар еді.

– Жалпы, сіздің ойыңызша, спортта белгілі бір дәрежеге жету үшін адам ең әуелі қандай қасиеттерге бекем болғаны дұрыс?
– Бұл үшін адам ең алдымен алдымен мақсат қойып, тәртіпке үйренуі қажет. Дұрыс тамақтану да маңызды. Бапкерді таңдау және балалардың қажеттіліктерімен қамтамасыз етуде ата-аналардың қолдауы қажет. Бала жанына, табиғатына жақын спортпен сүйіп айналысқанда ғана үлкен дәрежеге жетеді. Спортты жанына серік еткен адам көп жаттығады. Арасында жарақат алып қалатын, жеңіліс табатын сәттері де болады. Әр адамның өзіне тән мінезі болатыны сияқты, әр спортшының өзінің тактикасы қалыптасады. Оған еңбектің, төгілген тердің арқасында жетеді. Жастарды қызықтыра отырып, үлкен жетістіктірге талпындыруымыз қажет. Үнемі қолдап, қолынан келетінін есіне салып, жадына құйып отыру, дағдыландыру да маңызды. Көп ата-ана баласын өзіне ұнаған секцияларға жаздырады. Бұл тұста баланың қызығушылы мен пікірін ескеру де керек. Әркім өз ісін сүйіп, махаббатпен істесе, түбінде биік шыңды бағындырады деп есептеймін. Мысалы, мен баскетболды қатты ұнаттым. Күні-түні жаттығу жасадым. Соның нәтижесінде осындай жетістікке жеттім. Чемпиондықтың сыры осы ғана. Еліміздің ертеңі бүгінгі жастар десек, сол өскелең ұрпақтың спорттық, шығармашылық әлеуетіне баса назар аударғанымыз жөн. Ол үшін, ең алдымен, елімізде бұқаралық спортты дамытып, спорт инфрақұрылымдарының балалар үшін барынша қолжетімділігін арттыру қажет.

– Әңгімеңізге рақмет.