Нұрила ЖҰМАНОВА: «КІТАПТЫ ІЗДЕП ЖҮРІП ОҚИТЫН ЖАСТАРЫМЫЗ БАР» Избранное

Среда, 22 Декабрь 2021 04:10 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1498 раз

Кітап — ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына. Ал кітапхана — осы қазынаны сақтайтын қор. Егемендіктің алғашқы жылдарында елдегі экономикалық жағдайларға байланысты кітапханалар біріктіріліп, мәдениет үйлерінің қарамағына өткен де болатын. Тәуелсіздіктің 30 жылдығында ел руханиятының қазынасы саналатын кітапханалардың да жұмысы жанданып келеді. Біз қаладағы кітапханалардың тыныс-тіршілігін білмекке Шымкенттегі орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры Нұрила ЖҰМАНОВАМЕН сұқбаттасқан едік.

816

 

— Нұрила Серікбайқызы, бүгінде мегаполистегі кітапхана саласының жұмысы біршама оңтайланып келеді. Оны Шымкенттегі орталықтандырылған көпшілік кітапханалар және орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесі деп топтастырылуынан байқасақ болатындай. Жалпы, кітапханаларды бұлай жүйелеу несімен тиімді?
— Қай кезеңде болса да кітапхананың функциясы өзгермейді. Себебі, прогресс үшін адамзаттың кітапқа жүгінбеуі мүмкін емес. Сондықтан кітапханалар жастардың білім мен мәдени құндылықты игеруіне сеп болып, бәсекеге қабілетті, мәдениетті, рухани тұлғаны тәрбиелеп шығару мақсатында жұмыс істей береді.

806


Архивтің мәліметтеріне сүйенсек, Шымкентте кітапханалардың орталықтандырылуы 1976 жылы басталған. 2020 жылдан бастап қаладағы кітапханалар бір жүйеге қосылып жұмыс істеп отыр. Аудандарда ашылған жаңа кітапханалар да осы жүйеге ыңғайлануда. Бұл оқырмандарға қызмет көрсетуде өте тиімді. Мәселен, жедел түрде әдістемелік-библиографиялық көмек көрсетеміз. Яғни, бөлімшеде табылмаған әдебиетті бірыңғай кітап қорынан тауып беруге болады. Сонымен қатар, жүйенің кітап қоры, толықтыру-өңдеу бөлімі мен бухгалтериясының ортақ болуы да қолайлы.

— Бүгінде «жастар кітап оқымайды», «кітапханаға ешкім бармайды» деген кереғар пікір қалыптасқан. Осы стереотипті бұзу үшін қандай қадам жасалуда? Бүгінгі кітапхана тіршілігі қандай?
— Егер жастар кітап оқымаса, бүгінгі буынның рухани құлдырағанын білдірер еді. Кітап оқитын жастар бар. Білімге құштар, ізденімпаз жас буын жеткілікті. Тіптен, кітапты іздеп жүріп оқитын жастарымыз бар. Оған ешқандай насихаттың қажеті жоқ. Тәуелсіздік жылдарында еліміздің мәдениетін, әдебиетін дамытуға, оны насихаттауға көп көңіл бөлінді. Бүгінде қаладағы бірнеше кітапхана жаңартылды. Олардың қатарында Абай атындағы орталық кітапхана және жүйенің 4 бөлімшесі бар. Кітапхананың оқырманға ыңғайлы жаңа интерьері, қолайлы атмосферасы, оқу залы кез келген буынның өкілін қызықтырары сөзсіз. Жаңа форматтағы кітапханалар оқушылар мен студенттерге электронды қызмет түрлерін де ұсынуда. Мәселен, электронды кітаптар, оқулықтар оқырмандардың уақытын үнемдеуге, қажет материалды жедел табуға мүмкіндік беріп отыр. Келер жылы да кітапханаларды жаңғырту жұмыстары жалғаспақ.

— Сіз ұзақ жылдар қаладағы тілдерді дамыту орталығының жұмысын дөңгелетіп келдіңіз. Кітапхана ісіне қандай жаңалық әкелу ойда бар? Кітапхана жұмысының жандануы кітапханашыға тікелей байланысты деген оймен келісесіз бе?
— Кітапхана жұмысына көптеген инновациялық жобалар енгізілуде. Сондай-ақ, кітапхананы «Отбасылық кітапхана» концепциясымен дамыту қолға алынып отыр. Енді балалар кітапханаға ата-аналарымен, ата-әжелерімен келіп, уақытын тиімді өткізе алады. Мұнда тек кітап оқып қоймай, спорт және колөнер үйірмелеріне қатысуға мүмкіндік бар. Әдеттегі оқу орындары шеңберінен шығып, іс-шара өткізу үшін комьюнити орталығы қызмет көрсетуде. Коворкинг, қауымдастықтар мен клубтардың жұмысын дамыту мүмкіндігі де бар. Ал кітап оқу, жұмыс істеу үшін оқу залдарында ыңғайлы жағдай жасалған. Бүгінде балалардың дүниетанымын жетілдіру, зияткерлік қабілетін дамыту мақсатында кітапханада түрлі интеллектуалды ойындар, «Көшбасшы марафоны», «Табысты оқырман» байқаулары өткізіліп тұрады.
Жаңалыққа келсек, жақында кітапханамызда карталық жүйе іске қосылды. Карта оқырман белсенділігіне қарай беріледі. Яғни, бір картадан келесі картаға өту үшін оқырман белгілі шарттарды орындауы қажет. Мәселен, white card алу үшін кітапхана оқырманы болсаңыз жеткілікті. Ол үшін тек анкета толтырасыз. Әрі қарай, шартты орындауына байланысты, blue card, silver card, gold card, diamond card деңгейіне ауысып отырады. Әр карта деңгей ретінде қарастырылған және деңгейі жоғарылаған сайын берілетін жеңілдіктер де артады. Бұл бастама оқырмандарымызға шабыт сыйлап, ынталандыратыны сөзсіз.
Жылдың ұтымды әрі пайдалы жаңалығының бірі — буккроссинг бұрыштарының ұйымдастырылуы. Бұл жоба жергілікті тұрғындарды кітап оқуға үндеп, кітапхана оқырманын арттыру мақсатында қолға алынды. Буккроссинг сөрелері әуелі емхана, оңалту орталықтарының базасында қойылса, бүгінде қаланың бес жерінде — аллеяларда, көп қабатты үйлердің аулаларына орнатылған. Кітапханаға жолы түспей жүрген кез келген оқырман көшедегі кітап сөресінен өзіне оқыған әдебиетті алып, оқыған соң қайта орына қалдыра алады. Сондай-ақ, өзінің кітабын да сыйға қалдыра алады. Өзара кітап алмасу әдісі кітап пен оқырман арасын жақындатудың тиімді жолы ретінде іс-тәжірибеге енгізіліп отыр. Келер жылы мұндай бұрыш тағы алты жерде ашылмақ.
Осы істелген жұмыстар, жеткен жетістіктер — білікті кітапханашылардың, өз ісіне адал, кәсіби мамандардың еңбегі. Бұл бүгінгі кітапханашы оқырманға көмекші, кітап беруші ғана емес, ой-өрісі кең, білімі терең, заманауи технологияны толық меңгерген білікті маман екенін көрсетеді. Ізденімпаз, идеяға бай мамандардың арқасында кітапхана жұмысы жандана түспек.

— Ертеректе кітапханашыларды ел зиялыларының, білімділерінің қатарына қосатын. Себебі, олар кітапханаға келген оқырмандарға кеңес беру үшін әр кітаптың мазмұнын білді десек қателеспейміз. Ал бүгінгі кітапханашы бейнесі қандай?
— Кітапханашы мәдениетті, тәрбиелі, жауапты болуға міндетті. Бұл — аксиома. Әрине, кәсіби біліктілігі жоғары, сөйлеу шеберлігі қалыптасқан және заманауи технологияларды меңгеруі шарт. Бүгінгі кітапханашы бейнесіне қосарым, ол жеке тұлғаның психологиясын түсінетін, педагогикадан хабары бар маман болуы тиіс. Бұл — заман талабы.

— Пандемия кезінде барлық мекеменің жұмысына карантин шектеуі енгізілді. Тіпті топтасып, жиналуға рұқсат берілмеді. Кітапхана ұжымы карантинде оқырмандарын жоғалтып алмады ма?
— Әрине, карантин шектеулері кітапханалардың белсенді жұмыс істеуіне біршама тосқауыл болды. Кітапханалар да карантин кезінде өзге мекемелер сынды жұмысын онлайн режимде жүргізді. Дегенмен, оқырманмен онлайн жұмыс істеу мен оларға тікелей қызмет көрсетудің арасы — жер мен көктей. Себебі, кітапхананың тұрақты, орта жастағы оқырмандары кітаптың электронды нұсқасын емес, қағаз нұсқасын оқығанды жөн көреді. Сондай-ақ, басылымдардың беттерінен жарық көрген мақалалармен дер кезінде танысқанды ұнатады. Кітапхана қызметкерлері оқырмандарды жоғалтпау үшін олармен әлеуметтік желілер арқылы байланысып, қажет кітаптардың электронды нұсқасын жолдап отырды. Сондай-ақ, кітапханада өтетін мәдени іс-шаралар онлайн форматта өткізілді. Қонақтардың қай-қайсысы болса да ұсынысымызды жауапсыз қалдырмай, онлайн байланыста болды.

— Бүгінгі оқырманның сұранысы қандай?
— Қазіргі таңда білімге құштар жастардың талаптары біршама өзгерген. Бұрын көбінесе оқулықтар, сөздіктер, энциклопедиялар, әдеби кітаптар сұраныста болса, бүгінде электронды кітаптар, шетел авторларының аудармалары, тарихи-танымдық және мотивациялық кітаптар көп оқылады.
Биыл ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына 30 кітап ұсынылды. Бұл туындылар да өз оқырмандарының жоғары бағасына ие болды. Сондай-ақ, қазақ романистерінің тарихи прозаларын оқитын жастар да аз емес. Олардың қатарында Ілияс Есенберлиннің, Тахауи Ахтановтың, Әбіш Кекілбаевтың, Әнуар Әлімжановтың романдары бар. Әлихан Бөкейхан, Өзбекәлі Жәнібеков, Мұқағали Мақатаев еңбектерінің де өз оқырманы бар.
Оқырмандардың тағы бір сүйіп оқитын шығармалары — жергілікті ақындар мен жазушылардың, Мархабат Байғұт, Шойбек Орынбай, Момбек Әбдәкімұлының туындылары. Қуаныш Шоңбай, Камшат Бекжігітова, Аманжол Рысмендиевтердің мотивациялық кітаптары да сұраныста.
Бүгінгі жастардың оқуға құштарлығы, белсенділігі қуантады. Ал оқырмандардың артуы кітапханашылардың еңбегінің нәтижесі деп ойлаймын. Кітапханашылар әрдайым оқырман сұранысына қарай қордағы әдебиеттерді талдап, оны толықтырып, қажет кітаппен қамтамасыз етуге тырысады.

— Кітапхана кітап қорының жаңаруымен және ондағы сирек кездесетін кітап қорымен құнды. Европа елдерінде ғалымдардың, зерттеушілердің қолында жүрген көне кітаптарды орталық кітапханаға жинау үшін арнайы қаржы бөлінеді екен. Яғни, бір ғалымның қолында 1900 жылдары басылған кітап болса, кітап иесімен келіссөз жүргізіп, оны арнайы келісімшарт негізінде мемлекет сатып алады. Бізде сирек кітаптар қорын қалыптастыру мәселесі қанай?
— Әрине, қай кітапхана болмасын, қолға түскен мұрағат құжаттарын, көне кітаптарды сақтап қалуға міндетті. Өйткені, ол — адамзаттың алуан тағдырын тоғыстырған тарих. Мұндай кітаптар біздің жүйенің қорынан табылса, қуанар едік. Қолымызға түскен сирек, құнды кітапты сақтап қалып, оны келешек ұрпаққа ұсына алсақ, кітапхана өзіне жүктелген үлкен міндетті атқарған болар еді. Өкінішке қарай, кітапханаға көптеген кітаптың кейінгі жарық көрген басылымдары ұсынылады. Сондай-ақ, кейбір құжаттардың электронды нұсқасы бар.
Шымкентте сирек кітаптар қоры Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханада қалыптасқан. Қор құрамына көне кітаптардан бөлек газеттер мен журналдардың жеке үлгілері кірген. Дей тұрғанмен, әр кітапхананың сирек кітаптар қоры болуы тиіс деп ойлаймын. Келешекте біздің ұжым осындай қор жасақтауды жоспарлап отыр.
— Әңгімеңізге рақмет!