Халық таңдауы – сапалы медицина Избранное

Среда, 22 Декабрь 2021 04:17 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1050 раз

Қаламызға белгілі дәрігер-уролог Бәтеш Омаров бүгінде Шымкенттегі жекеменшік «Сымбат-Нұр» клиникасының бас дәрігері. Ол талай соқпақтардан өткен отандық медицина осы күнде оң бағытқа қарай өзгергенін айтады.

808

 

«Үкімет денсаулық сақтау саласын қолдауды жылдан-жылға арттырып келеді. Себебі Қазақстанда халықтың денсаулығын жақсарту мемлекет алдында тұрған стартегиялық міндет болып саналады. Сондықтан медицина бүгінге дейін көп реформаларды бастан өткерді. Оның жемісін халық енді көре бастады. Соның бірі – адамдардың өзі таңдаған емханасына барып тіркелуі. Бұл өз кезегінде, мемлекеттік немесе жекеменшік болсын, емдеу мекемелерінің арасында бәсекелестік тудырды. Ал оның нәтижесі денсаулық сақтау саласындағы сапаның артуына әкелетіні сөзсіз», дейді Бәтеш Айтбайұлы.
Дәрігердің айтуынша, бәсекелестік нарықта жекеменшік емханалар өз стратегиясын өзгертті. Халықтың сеніміне ие болу үшін сапаға барынша көңіл бөліне бастады. Соның нәтижесінде қазір көптеген жеке клиникаларда жайлы жағдай қарастырылған. Адамдар кезек күтіп шаршамайды. Тиісті медициналық аппараттармен мүмкіндігінше қамтуға тырысуда. Осы ретте Бәтеш Омаров жарқын мысал ретінде өзі басқаратын клиниканы келтіріп өтті.
— Мемлекеттік емханаларда қандай медициналық көмектер көрсетілсе, дәл сондай қызметті біз де ұсынамыз. Өйткені жекеменшік емдеу мекемелері мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейді. Мәселен, жасы қырыққа жақындаған әйелдер мен ер кісілер скрининг тексеруінен өтіп тұруы керек. Себебі бүгінде ер-азаматтарда жүрек қан-тамыры дерттері, әйелдерде көкірек безі және жатыр мойны обыры секілді дерт көп кездеседі. Осы аурулардың алдын алу үшін жекеменшік емханалар да скрининг тексеруін жүргізеді, – деді Бәтеш Айтбайұлы.
Дәрігер келешекте жеке клиникалар саны артатынын айтады. Қазірдің өзінде мемлекеттік емханаларды жекешелендіру ісі жүруде. Өйткені мемлекеттік ұйымдарды жекешелендіру мәселесі Қазақстанда әлемдік тәжірибеге сай, бұрыннан жалғасып келеді.

809


Бәтеш Омаровтың пікірінше, жекеменшік деген атаудан қорқудың қажеті жоқ. Қайта жеке клиникалар емделушілерінен айрылып қалмау үшін барын салып жұмыс істейді. Сапаға аса мән береді.
— Бүгінгі емдеу мекемелеріндегі проблеманың бірі — кезек күту. Ал кезектің пайда болуының бір себебі – тіркелуші азаматтардың көптігі. Талап бойынша тіркеуде тұрған азаматтар саны әр емханада 30 мыңнан аспауы тиіс. Өкінішке қарай, бұл талап көп жағдайда сақтала бермейді. Жеке клиникалар ең алдымен осы мәселені шешуге ұмтылады. «Сымбат-Нұр» клиникасының ашылғанына он жылдай уақыт болды. Мұнда барлық жағдай қарастырылған. Рентген, УДЗ, флюорография секілді аппараттар бар. Операциялық блок, күндізгі стационар ашылған. Дәрігерлердің барлығы жоғары санатты мамандар, – деді бас дәрігер.
Білікті дәрігердің сөзінше, емдеу мекемелері орналасқан жер адамдарға жақын болуы керек. Бұл – Үкіметтің қойған талабы. Сондықтан Бәтеш Айтбайұлы халықты өз денсаулығына ұқыпты қарауға, емдеу мекемелерін таңдауда бірінші кезекте сапаға мән беруге шақырады.