МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ САЙЛАУШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ Избранное

Среда, 22 Декабрь 2021 04:19 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 873 раз

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мақсат Раманқұлов пен Фахриддин Қаратаев Шымкент қаласына арнайы жұмыс сапармен келді. Халық қалаулылары алдымен Қаратау аудандық жастар ресурстық орталығында болып, белсенді жастармен кездесті.

810

 

Кездесу барысында депутаттар елімізде жүргізіліп жатқан реформалар, жастарды қолдау үшін мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы әңгімеледі.
— Биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл толып отыр. Елбасы жақында жарық көрген мақаласында «Осы жылдар ішінде әлемдік ғылым мен мәдениеттің ең үздік жетістіктерін меңгерген жаңа ұрпақ қалыптасты» деп атап өтті. Міне, Сіздер – сол тәуелсіздіктің ұрпағысыздар! Еліміздің болашағы жарқын, Қазақстан мықты болуы Сіздерге байланысты. Елді көркейту үшін бірлігімізді бекемдеп, жастарымыздың дені сау, білімді де бай-қуатты болуына мән беруіміз керек. Денсаулық үшін спортпен айналысу, сапалы білім үшін көп оқу, бай болу үшін адал кәсіп істеу және бірлікті сақтау үшін әрқайсымыз ішкі мәдениетімізді арттыруымыз керек. Ең бастысы, мемлекет бүгінде жастарға осының барлығын жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр. Қазақстанда білім аламын, бизнеспен айналысамын деген адамға барлық мүмкіндік бар. Бізге ешкім жақсы өмір мен жарқын болашақты дайындап бермейді. Бәріміз бір кісінің баласында еңбек етіп, алға ұмтылуымыз керек, – деді депутат.
Кездесу барысында жастар депутаттарға өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, ойларын ортаға салды.
Мұнан кейін төменгі палата өкілдері Шымкент қалалық Азаматтық альянсының «Азаматтық ресурстық орталығының» жұмысымен танысып, үкіметтік емес ұйымдардың, этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен және қоғамдық пікірдің көшбасшыларымен кездесті.
Сондай-ақ, Мақсат Раманқұлов пен Фахриддин Қаратаев Шымкент қаласы Сайрам елдімекеніндегі өзбек драма театрында тұрғындармен кездесті. Жүздесуде тұрғындар халық қалаулыларының алдында елді мекеннің әлеуметтік мәселесін көтерді. Мәдениет саласына қатысты сауалдарын қойып, ойларын ортаға салды.
Шымкенттегі Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханада ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Фахриддин Қаратаев жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті. Мәжілісмен журналистерге Парламент қабырғасында атқарылып жатқан жұмыстар, елімізде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың барысы туралы баяндады.
– Қазақстан халқы Ассам-блеясынан сайланған депутат ретінде біз үшін этносаралық татулық пен қоғамдық келісім мәселесі әрқашан айрықша маңызға ие. Бүгінде елімізде барлық этностардың тілі мен мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрін сақтауына жағдай жасалған. Ұлттық мектептердің, театрлар мен ақпарат құралдарының жұмыс істеп тұрғаны – соның айғағы. Түрлі этнос жастарының білім алуына, кәсіппен айналысуына, қоғамдық өмірге белсене араласуына ешқандай кедергі жоқ. Осы орайда журналистер қауымы Қазақстан халқының ынтымақ-бірлігін нығайта түсетін, түрлі этнос өкілдерінің татулығы мен достығын насихаттайтын материалдарды көбірек таратса, ал жалған хабарлар мен арандатушы ақпараттардан аулақ болса деген тілегіміз бар, – деді Ф.Қаратаев.
Кездесу барысында халық қалаулысы журналистермен еркін пікір алмасып, ел өміріндегі маңызды мәселелерді талқылады.