ШЫМКЕНТТЕ 7 ЕЛДІ МЕКЕН САПАЛЫ ЭЛЕКТР ҚУАТЫМЕН ҚАМТЫЛДЫ Избранное

Пятница, 24 Декабрь 2021 04:50 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1765 раз

Шымкент қаласында тұрғындарды сапалы электр қуатымен қамту жұмыстары жалғасып жатыр. Шаһар аумағында 81 елді мекен болса, бұған дейін соның 65-інде ғана тұрғындар сапалы электр қуатын пайдаланып келген. Қалған 16 елді мекенде халық қуатты жекеменшіктегі трансформатордан алатын еді. Ол бір жағынан қымбат, екінші жағынан тұрақсыз әрі кернеуі төмен.

834

 

Аталған проблеманы шешу мақсатында биыл Шымкентте 2 қосалқы станция салынып, 7 елді мекенде электр желілері тартылды. Нәтижесінде 21 300 тұрғын сапалы электр қуатына қосылу мүмкіндігіне ие болып отыр. Осылайша, мегаполисте халықты сапалы электр қуатымен қамту көрсеткіші 97 пайызға жетті.
Жақында ғана сапалы электр энергиясына қосылған елді мекеннің бірі – Достық тұрғын алабы. Мұндағы жұмыс 2021 жылдың маусым айында басталған болатын. Содан бері мердігер мекеме «Жолсерік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі танымсыз жұмыс істеп, 310 баған орнатып, жалпы ұзындығы 14 шақырым желі тартып шықты. Бұл 300-ден астам абонентті сапалы электр қуатымен қамтуға мүмкіндік береді. Қазір «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС-і әр үйге жеке есепшот ашып, электр желісіне қосып жатыр. Бүгінге дейін 100-ден астам отбасы қосылып үлгерген.
Айта кетейік, Шымкент қаласында халықты сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету жұмыстары 2022 жылы да жалғасын табады. Келер жылы қала бюджетінен бұл бағытқа 7 миллиард 266 миллион теңге бөлініп отыр. Бұл қаржы 13 нысанның құрылысын жүргізуге және 1 нысанның жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге жұмсалады. Қала әкімдігінің мәліметі бойынша, Шымкентте халықты сапалы электр қуатымен қамту мәселесі 2023 жылы толығымен шешіледі.