Версия для печати

КОМЕНДАНТТЫҚ САҒАТ – ҚАУІПСІЗДІК ҮШІН Избранное

Среда, 12 Январь 2022 03:59 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1543 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкентте төтенше жағдай тәртібін бұзған 83 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 47 құқық бұзушы қамауға алынған. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің өкілдері хабарлады.

904

 

Қазіргі таңда қалада жаппай бұзақылыққа қатысқан күдікті тұлғаларды анықтау және ұстау мақсатында жедел-іздестіру іс-шаралары жалғасуда. Нәтижесінде жаппай тәртіпсіздікке қатысты деген күдікпен 8 азамат ұсталды.
– Күдіктілерден 6 оғы бар 16 калибрлі шолақ мылтық, 5 оғы бар 1 тапанша, 70 әскери оқ-дәрі тәркіленді. Сондай-ақ, бірнеше күдіктіден елде болған тәртіпсіздік кезінде Алматы өңірінен ұрланған болуы ықтимал 23 iPhone және 3 Samsung маркалы жаңа ұялы телефондар табылды. Барлық қозғалған қылмыстық істер бойынша жаппай тәртіпсіздікке қатысқан деген күдікпен 52 адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда Шымкент қаласындағы жағдай бірқалыпты. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері қала аумағын толығымен бақылауға алған. Заң бұзушылықтарды болдырмау мақсатында іс-шаралар жүргізуде. Сондықтан, қала тұрғындарын комендаттық сағат талаптарын қатаң сақтауға шақырамын, – дейді Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы, генерал майор
Ералы Жұмаханбетов.
Шымкент қаласында тәртіп бұзушылықтың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері тәулік бойы күшейтілген күн тәртібінде жұмыс істеуде. Осы мақсатта қаладан шығатын және кіретін жолдарға 7 блок-бекет қойылған.
– Қазіргі таңда «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының мыңға жуық әскери қызметкері Ұлттық гвардия және полиция департаментінің қызметкерлерімен бірге Шымкенттегі аса маңызды нысандарды күзетіп тұр. Мобильді жасақ қаладағы жалпы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, блок-бекеттерде өткізу-бақылау қызметтерін атқаруда, – дейді ҚР Қорғаныс министрлігінің Шымкент гарнизоны баспасөз қызметінің жетекшісі Исламбек Қалдыбеков.
Бұл блок-бекеттер қаладан шығатын 7 нүктеге орнатылған. Тәртіп сақшылары Ұлттық гвардия және Қорғаныс министрлігінің сарбаздары, Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен бірге қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кіріскен. Блок-бекеттерде осы уақытқа дейін 12 540 автокөлік тексерілген.
Жаппай бұзақылық кезінде 45 полиция қызметкері әртүрлі дене жарақаттарын алған. Оның ішінде 2 қызметкер аурухананың жансақтау бөлімінде болып, қазіргі уақытта арнайы бақылаудағы палатаға ауыстырылды.
Жалпы, қалада жаппай тәртіпсіздік болған уақыттан бері 2716 адам полиция бөлімдеріне жеткізілген. 177 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 175-і 15 тәулікке қамалды, 2 адамға айыппұл салынған. Қазіргі таңда Шымкент қаласында жағдай тұрақты. Қаланың тыныс-тіршілігін қалпына келтіру мақсатында полицияның қарулы күзетінің қорғауымен екінші деңгейлі банктердің банкоматтарына қолма-қол ақша толтырылуда. Стратегиялық нысандардың күзеті күшейтілген.
Айта кетейік, 6 қаңтардан бері Қазақстан бойынша төтенше жағдай енгізіліп, барлық елдімекенде коменданттық сағат жарияланды. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары тарапынан өңірлер мен елдімекендердегі жағдайды тұрақтандыру шаралары жүзеге асырылуда.
Коменданттық сағат 23:00-ден 07:00-ге дейін күшінде болады. Мемлекет басшысының Жарлығы бойынша комендатуралар құрылып, оларды жергілікті полиция департаменттерінің басшылары басқарады. Қазақстанда төтенше жағдай режимін бұзғандар, сондай-ақ коменданттық сағат ережелерін сақтамағандар үшін әкімшілік жаза қарастырылған. Атап айтқанда қоғамдық тәртіпсіздікке әкеп соғатын әрекеттер үшін 15-30 тәулікке қамауға алу, ал билік талабын орындамау, бағынбау, заңсыз митинг ұйымдастырғандар үшін 2 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал жалған ақпарат таратушылар 3-7 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Себебі, төтенше жағдай режимі кезінде құқық қорғаушылар мен басқа да күштік құрылымдардың қызметкерлері ерекше уәкілетке ие болады, дейді заңгерлер.
– Ел басына туған қиын жағдайды жеңіп шығарымызға сенімдімін. Мемлекет басшысы әр әрекетін Ата заң мен басқа да заңнамалық құжаттарға негіздеп жасап отыр. Елде төтенше жағдай жарияланғандықтан, біздің әрқайсысымыз тәртіп сақшыларының заңды талаптарын орындауымыз қажет. Әйтпеген жағдайда заңда көрсетілген тәртіппен шара көрілуі мүмкін. Себебі, Қазақстанда антитеррорлық операциялар жалғасуда. Сондықтан, түнгі 23:00 мен таңғы 07:00 аралығындағы коменданттық уақытта үйден шықпауға, көшеде жүрмеуге шақырамын, – дейді құқықтанушы, заң ғылымдарының докторы Марат Қоғамов.
Ел бойынша лаңкестік қауіптіліктің «қызыл» деңгейі белгіленіп, антитеррорлық операциялар қолға алынды.
Лаңкестік қауіптіліктің түрлі деңгейлері қай кезде жарияланады? Соған қысқаша тоқтала кетсек:

* Орташа («сары») деңгей – лаңкестік әрекет (әрекеттер) нақты болуы мүмкін растауды қажет ететін мәлімет болған жағдайда;
* Жоғары («қызғылт») деңгей – лаңкестік әрекет (әрекеттер) нақты болуы мүмкін расталған мәлімет болған жағдайда;
* Аса жоғары («қызыл») деңгей – лаңкестік әрекет (әрекеттер) орын алғаны туралы мәлімет, сондай-ақ, лаңкестік әрекеттердің қайталануы мүмкін екені туралы расталған мәлімет болған жағдайда.

Қолға алынған шаралар нәтижесінде барлық қауіп сейілгеннен кейін лаңкестік қауіптілік деңгейі тоқтатылады.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.