МӘДЕНИЕТ ҰЖЫМДАРЫ ЖҰМЫСҚА КІРІСТІ Избранное

Пятница, 14 Январь 2022 05:21 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 212 раз

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ҚР Парламент Мәжілісінің отырысында жаппай тәртіпсіздік кезінде қирған нысандар мен мүліктерді жедел қалпына келтіруді тапсырған болатын. Елімізде 4-5 қаңтар күні орын алған тәртіпсіздік салдарынан Шымкенттегі бірқатар мәдениет нысандарына да зақым келген. Әсіресе, қаланың әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан «Көрме» орталығы түгелдей өртеніп, «Түркістан» сарайы мен Ж.Шанин атындағы академиялық драма театрының терезелері сынған.

920

 

Бүгінде Шымкент қаласы әкімдігі жанынан құрылған шығындарды есептеу комиссиясы өз жұмысын бастап кетті. Комиссия мекемелердегі шығын келген мүліктердің тізімін жасап, қаржысын есептеуде.
Ж.Шанин атындағы академиялық драма театрының ұжымы қалыпты жұмыс режиміне түскен. Тәртіпсіздік салдарынан пайда болған қоқысты театр қызметкерлері өз күшімен тазалаған.
— Әкімшілік-іскерлік орталықтағы трансформатордың істен шығуына байланысты театр 1,5 тәулік жарықсыз қалды. Ғимаратқа да біршама зиян келді. Бірінші, екінші қабаттағы 32 терезенің әйнегін айнала сындырып тастаған. Ал, театрдың қасбетіндегі витраждың түрлі көлемдегі 33 әйнегі жарамсыз. Театр алдындағы бағаналарда оқ тию салдарынан жарықтар пайда болған. Тәртіпсіздік кезінде сынған терезелерге жарылғыш қоспа лақтыруға әрекеттенген. Жарылғыш қоспа терезеге жетпей, жалынынан ғимарат сыртының бірнеше тұсы күйеленген. Театр балансындағы электр-дизельді генератордың басқару пультіне терезеден түскен қатты заттан зақым келіп, істен шыққан. Комиссия жарамдылық деңгейін анықтауда. Сонымен қатар, автотұрақта тұрған театрдың ПАЗ-32054 маркалы автобусы, сол күні ауысымға түскен вахтер мен іс-сапардағы актердің жеке автокөлігі өртеніп кеткен. Театр сыртындағы гранит қаптаманың шамамен 150-160 шаршы метрі талқандалған, - дейді Ж.Шанин атындағы академиялық драма театр директорының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары М.Ергешов.
Мамандардың айтуынша, сынған терезелер театрдың жылу жүйесіне едәуір әсер етіп отыр. Жағдай реттеліп, әйнектер орнатылғанға дейін ұжым қызметкерлері фонер, түрлі полиэтилен материалдармен уақытша бекіткен.
«Түркістан» сарайына да едәуір шығын келген. Мәдениет үйінің сырттан кіретін барлық есігі, сыртқы жарықтандыру жүйесі тас төсемелермен сындырылған. Ғимараттың ішкі есіктеріне түрлі деңгейде зиян келтірілген.
— «Түркістан» сарайындағы барлық бөлмелердің есігі зақымданған. Ұжымдық техникалар, құжаттар мен жиһаздар бүлінген. Көрермен залының да есігін бұзған. Алайда, қараңғылық кедергі келтірсе керек, кіре беріс төсеніш жыртылып, жылу батареясы сынған. Сахна мен орындықтар аман. Сондай-ақ, мәдениет үйінің балансындағы музыкалық аппаратура ұрланып, екі қызметтік көлік өртенген. Оның бірі жолаушыларға арналған, екіншісі жүк таситын «ГАЗель». Бұзақылар әртістердің жертөле қабаттағы костюмдер бөлмесіне дейін барып, сахналық костюмдерді жарамсыз күйде қалдырған, - дейді «Түркістан» сарайының шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Е.Бейбітбай.
«Түркістан» сарайының тазалау жұмыстарына мекеме қызметкерлерінен бөлек, Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты бірқатар мекемелер жұмылдырылған. Олардың қатарында Шымкент қалалық өзбек театры мен зообақ қызметкерлері бар. Бүгінде мәдениет үйін жұмысқа кірісті.