Версия для печати

Отан үшін күрес – ерге тиген үлес Избранное

Пятница, 14 Январь 2022 05:29 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2202 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Отанымыздың тірегі – Қарулы Күштер екені белгілі. Оның дамуына, қалыптасуына тек әскерилер ғана емес, Ата Заңда атап көрсетілгендей, тәуелсіз елдің әрбір азаматы да жауапты. Отанымыздың тәуелсіздігін көзінің қарашығындай сақтау, егемендіктің сенімді сақшысы болу – «мен қазақпын, мен қазақстандықпын» деген әр азаматтың сана-сезімі мен адалдығына сын.

924

 

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы және Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі» туралы заңына сәйкес, әскерге жарамды 18-27 жас аралығындағы сотталмаған кез келген еліміздің азаматы мерзімді әскери қызметті 12 ай мерзімде өткеруге міндетті.
Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінде азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң түрде жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда азаматтарды әскерге шақыру бойынша зерделеу жұмыстары басталды. Наурыз айының басынан маусым айының соңына дейін көктемгі әскерге шақыру жүргізіледі. Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаменті 2022 жылға әскерге шақыру науқанында 1500-ге жуық жас азаматты мерзімді әскери қызметке шақыруды жоспарлап отыр.
Ал, азаматтарды әскерге шақыру кезіндегі барлық іс-шара санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылады.
Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңына сәйкес азаматтарды әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және қамтамасыз етудің барлық түрлері жергілікті атқарушы органдарына жүктелген. Олар әскерге шақырылушыларды, медициналық комиссия мүшелерін медициналық маскалар және антибактериялық құралдармен қамтамасыз етеді. Ал, Қорғаныс министрлігі жергілікті әскери басқару органдарының қызметкерлерін қорғау және дезинфекциялау құралдарымен қамтамасыз етуге жауапты.
Қазіргі таңда Қорғаныс істері жөніндегі департамент, басқармалар жеке құрамының әскерге шақырылушыларды хабардар ету және медициналық куәландыру тәртібі бойынша іс-қимыл алгоритмі, сондай-ақ жиын пункттерінде қажетті санитарлық жағдайларды қамтамасыз ету жоспарын әзірледі. Айталық, әскерге шақырылушылардан суық тию ауруларына тән симптомдар анықталған кездегі іс-әрекеттер бойынша алдын алу жұмыстары қарастырылған.
Бұдан әрі әскерге шақырылушылар қашықтықты сақтай отырып, медициналық куәландырудан өтуге жіберіледі. Біздің қызметкерлер осы талаптардың сақталуын, дәрігерлерге кезектің толып қалмауын бақылайды. Шақыру және жиын пункттерінің барлық қызметтік және қосалқы үй-жайларында, шешінетін орындар, асханалар және түнгі демалуға арналған орындарды қоса алғанда, жұмыс күндері дезинфекция жүргізіледі. Жинақтау пунктінде денсаулық сақтау басқармасының қамтамасыз ету жоспары бойынша ПТР-зерттеу алынады.
Шақыру кезеңінде медициналық тексеру және жас толықтыруды әлеуметтік-психологиялық зерттеу, зерделеу, анықтау, әңгімелесу, құжаттарды дайындау жұмыстары жоспарлы жүргізіледі. Жеке құрамның және шақырылушы азаматтардың санитарлық-гигиеналық жағдайларды сақтауына бақылау күшейтілген. Отан қорғауға аттанатын бозбалалар денсаулық жарамдылығы бойынша тексеруден өткеннен кейін әскери бөлімдерге жөнелтіледі.

925


Әскерге шақыру науқанын сапалы әрі уақтылы орындауда комиссия әр шақырылушыны жеке-жеке қарастырып, алған білімін, мамандығын ескереді, отбасы жағдайын сараптайды, денсаулығының жарамдылығын басты назарға ала отырып, оны әскер қатарына қабылдау-қабылдамау туралы шешім қабылдайды.
Әскери қызметке жасы 18-ден 27-ге дейінгі, денсаулық жағдайы бойынша жарамды, сотталғандығы және әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе шақырудан босатылуға құқығы жоқ азаматтар жіберіледі.
Олардың білім деңгейі, мамандығының болуы және моральдық-психологиялық ерекшеліктері назарға алынады. Мысалы, десантшылар үшін әскерге шақырылушының физикалық дайындығы жоғары, сондай-ақ бойы 170 см-ден төмен болмауы тиіс. Сонымен қатар спортшыларға артықшылық беріледі. Ең маңыздысы біздің әскерге ІТ-мамандықтары, жүргізушілер, байланысшылар және басқа да көптеген мамандар өте қажет.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 11 қаңтарда өткен ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде Қарулы Күштердің беделін арттыру және жастарды әскерге ынталандыру мәселесіне тоқталды. Бұл бағытта департамент тарапынан патриоттық рухты көтеруге жоспарланған іс-шаралар тұрақты өтіп тұрады. Жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыруда «Жас сарбаз» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылған филиалдары арқылы жастар арасында әскери-патриоттық іс-шаралар ұйымдастырылады. Жыл сайын «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны өткізіледі. Бұдан бөлек, департмент қызметкерлері халықпен ауқымды түсіндіру жұмыстарын ұдайы жүргізіп келеді. Ата-аналармен арнайы әңгімелесіп, оларға комиссиядан өту, қызмет өткеру және келісімшарт қызметіне одан әрі оқуға түсу перспективалары туралы айтылады. Халыққа жастардың Отан алдындағы борышын өтеу адам үшін, қоғам үшін, ел үшін де маңызды екенін жеткізгіміз келеді. Мерзімді қызметтегі әрбір әскери қызметші – бұл мемлекеттің тірегі. Бұл біздің қоғамымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кепілі. Әрбір адам өз Отанын қорғау – қасиетті борышы екенін түсінуі тиіс. Бұл ретте, алған дағдылардың барлығы жастарға азаматтық өмірде қажет болады деп санаймын.
Ел Президенті – Жоғарғы Бас Қолбасшының тапсырмасы бойынша мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер арасында Қарулы Күштерде талап етілетін мамандықтар бойынша оқытылады.
Бүгінгі күні жас азаматтар арасында әскерге барудан бас тартатындар да жоқ емес. Қолданыстағы заңнамада мерзімді әскери қызметке шақырудан жалтарғаны үшін әскерге шақырылушылардың әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігі көзделген. Атап айтқанда, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 647-бабында шақырылушының шақыру бойынша белгіленген мерзімде дәлелді себепсіз келмегені үшін 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл көзделген. Ал, әкімшілік ескерту немесе медициналық тексеруден өтуден жалтарғаны үшін 648-бапта белгіленгендей 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Сонымен қатар, заңды негіздер болмаған кезде әскери қызметке шақырудан жалтару ҚР Қылмыстық кодексінің 387-бабы 1-бөлігінің негізінде 1000 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Сол баптың 2-бөлігіне сәйкес аталған әрекет:
1) өзіне денсаулыққа зиян келтіру арқылы;
2) ауруды симуляциялау арқылы;
3) құжаттарды жалған жасау немесе өзге де алдау арқылы болған жағдайда – үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайы жақсарту мәселесі – күн тәртібінен қалған емес. Әскерде келісімшарт бойынша қызмет өткеретін әскери қызметшілерге әлеуметтік пакет қарастырылған. Олар:
1) әскери қызметші, ата-анасы және жақын туыстары үшін тегін медициналық қызметтер;
2) санаторийлерде емдеу;
3)тұрғын үймен қамтамасыз ету, мемлекет есебінен пайыздық мөлшерлемелері төмен ипотекаға қол жеткізу;
4) тұрғын үйді жалға алу үшін ай сайынғы өтемақы төлеу;
5) балабақшаларға кезектен тыс орындар;
7) зейнеткерлікке ерте шығу.
Әскердегі қызмет «әлеуметтік лифт» болып табылады. Оларға Күштік құрылымдар мен арнайы мемлекеттік органдарға қызметке тұруға мүмкіндік береді.
Әскери сала бүгінде ашық қызмет көрсету форматына көшті. Әскерге шақыру немесе мерзімді кейінге қалдыруға қатысты сұрақтар бойынша кеңес алу үшін Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінде «жедел желі» іске қосылған. Онда жауапты лауазымды тұлғалар азаматтарды толғандыратын барлық сұрақтарды түсіндіреді және түсініктеме береді.
Ең маңыздысы жергілікті әскери басқару органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жоспарына сәйкес профилактикалық іс-шаралар тұрақты өтеді. Әскерге шақыру науқаны алдында жеке құраммен әскери тәртіпті сақтау және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға жол бермеуде нұсқаулық сабақтар өткізіледі. Әскери ортадағы сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне төзбеушілікті қалыптастыру мақсатында жеке құрамға Қорғаныс министрлігінен келіп түскен жеделхат талаптары үнемі жеткізіледі.
Тағы бір өзгеріс, әскерге шақырушыларды мобильдік жүйемен хабарлама беру сынама жобасы енгізілді. Мәселен, енді әскерге шақыру үшін 1414 қызметі арқылы SMS-хабарлама жолданады.
Осы тұста, Шымкент қаласының 18-27 жас аралығындағы азаматтары әскер қатарына арнайы шақыртуды күтпей-ақ өзіне қажетті құжаттарымен тұратын мекенжайлары бойынша қорғаныс істері жөніндегі басқармаларына өз еріктерімен келуіне болатынын жеткізгім келді. Отанына қызмет жасауға жауапкершілікпен қарап, белсенділік танытуға шақырамыз.Отанды қорғау әрбір азаматтың асыл парызы екенін естен шығармайық!

Алмаз ТІЛЕУХАНОВ,
Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментің бастығы, полковник

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.