Елді іс біріктіреді, сөз бұзады Избранное

Пятница, 14 Январь 2022 05:34 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1257 раз

Қаңтардың алғашқы онкүндігінде Қазақстан үлкен сынақпен бетпе-бет келді. Халықтың бейбіт митингке шаққанын пайдаланған содырлар оларды өздеріне қалқан етіп, елімізге қарсы агрессия көрсетіп, ашық түрде лаңкестік шабуыл жасады. Олардың мақсаты – халықты үрейлендіру, елде тұрақсыздық пен анархия орнату болды. Ал, оның арғы жағында билікті күштеп басып алып, Қазақстанды аумақтық тұтастығы мен Тәуелсіздігінен айыру мақсаты тұрғаны айқын. Бір сөзбен айтқанда, бұл күндер мемлекеттіліктің беріктігі сыннан өткен қиын күндер ретінде тарихқа енді.

927

 

Қазір сынақтың алғашқы соққысы, өткір кезеңі артта қалды. Бірақ, мемлекет пен қоғамды осылай тығырыққа тіреген дағдарыс жойылып кеткен жоқ. Біздіңше, осынау көпқырлы дағдарыстың сипатын толық түсініп алу үшін әуелі қасіретті қаңтар күндері кімдер, қандай себеппен көшеге шыққанын ажыратып алған жөн (әйтпесе, кейбір сарапшылар мен ақпарат құралдары, әсіресе, шетелдік БАҚ көшеге шыққанның бәрін қарапайым халық ретінде көрсетіп, билікті наразылық білдірушілерге қарсы оқ атты деп айыптап жатыр, бұл – шылғи өтірік).
Сонымен көшеге шыққандарды үш топқа бөліп қарауға болады. Бірінші, қалың топ – елдегі жұмыссыздық, табыстың аздығы мен қымбатшылық секілді әлеуметтік-экономикалық мәселелерді көтеріп бейбіт митингіге шыққан бұқара халықтың өкілдері. Олардың басым көпшілігін жұмыссыздар, маргиналды жастар мен инфляциядан зардап шеккен қарапайым еңбек адамдары құрады.
Екінші топ – жедел әрі түбегейлі саяси реформаларды талап ететін, демократияландыру, сөз бостандығы мен адам құқығы, жалпы, либерализация мәселелерін үнемі көтеріп келе жатқан қалалық либералдар тобы. Бұлардың саны бірінші топпен салыстырғанда әлдеқайда аз. Иә, бұл топ өкілдері көтерген мәселенің барлығы демократияның ажырамас бөліктері. Сондықтан билік олардың құқықтарына да құрметпен қарауы керек.
Осы орайда, бір нәрсенің басын ашып айтайық: бұл екі топтың ешқайсысы жаппай бұзақылыққа қосылған жоқ. Бұл екі топты мородерлер, қылмыскерлер және лаңкестерден құралған үшінші топпен шатастыруға болмайды. Биліктің, күштік құрылымдардың тарапынан алғашқы екі топқа қарсы күш қолданылып, оқ атылған жоқ. Мұны баса айтқанымыз дұрыс.
Иә, қаңтардың сол күндері қасіретті, қаралы күндер болғаны талассыз. Инфрақұрылымға, бизнеске келтірілген зиянды, инвестициялық климаттың нашарлағанын айтпағанның өзінде қаншама азамат қаза тапты. Өрімдей жас сарбаздар құрбан болды. Артында аңырап аналары қалды. Өкініш өзекті өртейді. Бірақ, мәселеге екінші жағынан қарасақ, бұл – Қазақстанның алдында тұрған бірегей тарихи мүмкіндік кезеңі.
Неге олай дейсіз бе? Қараңызшы, бүгінгі Қазақстанды, арысын айтпағанда, өткен 2021 жылғы Қазақстанмен салыстыруға келмейді. Енді ештеңе бұрынғы қалпында болмайды. Бұл қанды оқиғалар көп ақиқатқа көзімізді жеткізіп, қоғамның да, басқарушы элитаның да санасын өзгертіп кетті. Осы өзгерісті дұрыс пайдалана білсек, жаңа сипатты, әділетті қоғам құруға, Қазақстанды мүлде жаңа мемлекет ретінде қайта қалыптастыруға тарихи мүмкіндік туындап отыр.
Дамыған елдердің тарихына көз жіберсеңіз олардың қай-қайсысы да тоқыру мен төңкерістерден, қантөгістер мен соғыстардан өтіп барып серпінді даму жолына түскенін көресіз. Оған мысал ретінде 1861-1865 жылдардағы кемінде
200 мың адам құрбан болған Азамат соғысын басынан өткерген АҚШ-ты да, екінші дүниежүзілік соғысты жеңіліспен аяқтап, іс жүзінде қирап қалған Жапонияны да айтуға болады. АҚШ-та соғыстан кейін құл иеленушілікке тыйым салынып, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының дамуына жағдай жасалса, Жапония арада бар-жоғы 20 жыл өткенде, яғни, ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарында «жапон экономикалық ғажайыбын» әлемге паш етті. Яғни, бұл елдер қантөгіс пен қырғыннан сабақ алып, өз қателерін түсініп, дағдарыстан дамуға, тоқыраудан өркендеуге жол таба білді.
Олай болса, қасіретті қаңтар оқиғалары Тәуелсіз Қазақстанның ащы тарихи сабағы болсын. Ендігі жерде билікті де, қоғамды да ойландыруы тиіс ең басты мәселе – мұндай жағдай қайталанбауы үшін не істеуіміз керек деген сауал.
Біріншіден, халықтың жаппай наразылығын туындатқан әлеуметтік-экономикалық проблемаларды ашып айтуымыз керек. Кейбір сарапшылар мұндай әлеуметтік наразылықтың туындауын әлемді жайлаған корона-дағдарыстың салдарымен байланыстырады. Жалпы, елдегі жағдайдың қиындауына пандемия әсер еткені рас. Бірақ, негізгі себеп – мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатындағы фундаменталды
олқылықтар.
Оған қоса, олигархополия, экономикалық блокқа жауапты мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы биліктің ұйымшылдығы мен кәсіби біліктілігінің төмендігі және қызметінің тиімсіздігі де осындай жағдайға әкеп соқтырды. Яғни, ең алдымен, елімізде түбегейлі әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізіп, халықтың табысын көбейтуге, әлеуметтік әділеттілікті арттыруға күш салуымыз керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісі отырысында сөйлеген сөзінде бұл жұмыстың қандай бағытта жүргізілетінін атап көрсетті.
Екіншіден, түбегейлі саяси реформалар жүргізу керек. Ол басқару жүйесін барынша ашық әрі тиімді етуге және биліктің бір қолға шоғырлануына жол бермейтін, бірін-бірі тежей отырып, әділеттілікті қорғап қалатын мемлекеттік және қоғамдық институттарды күшейтуге бағытталуы шарт. Сонда ғана елімізде әділ қоғам орнайды.
Мәселен, күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамды көптен бері мазалап жүрген автокөліктердің утилизациялық алымы жайлы сөз қозғады. Адамдар заманға лайық жаңа әрі жайлы көлік мінгісі келеді. Отандық автокөлік индустриясы халықтың бұл сұранысын қанағаттандыра алмай отыр. Ал, шет елден көлік алғыңыз келсе, баж салығы мен утилизациялық алым тым қымбат. Отандық машина жасаушы компанияларға бәсекелес жоқ, ал, қарапайым адамдарда жергілікті автокөлікті қымбатқа сатып алудан басқа таңдау жоқ. Оған қоса әлгі алымдарды мемлекет емес, жеке компания жинайды...
Осының бәрі әділетсіздік пе? Иә, әділетсіздік. Мақұл, бұл мәселені Мемлекет басшысының өзі араласып, шешіп отыр. Бірақ, күнделікті өмірдегі сан түрлі мәселенің қайсыбірін Президент көтеріп, қадағалап отырады?! Демек, бізге түрлі салалар мен аймақтардағы проблемаларды дер кезінде анықтап, халықтың мұң-мұқтажын жоғарғы биліктің алдына көлденең тартып отыратын жүйелі механизмдер керек.
Саяси реформалар арқылы биліктің бөлінуін жүйелендіріп алсақ, бір жағынан бұл билік тармақтарының бірін-бірі тежеп, тепе-теңдікті сақтап отыруына, сол арқылы сайлаушылардың, азаматтық қоғамның оларға ықпал етуіне жол ашады. Яғни, Қазақстанға қазіргідей қағаз жүзіндегі емес, іс жүзіндегі көппартиялы әрі ықпалды Парламент керек-ақ. Оған қоса аудан әкімдерінің сайланбалалығын енгізу мен соттардың саяси жүйеден тәуелсіздігін заңнамалық деңгейде қамтамасыз ету және жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру де – уақыт талабы.
Екінші жағынан бір-бірінен дербес, беделді әрі ықпалды билік тармақтарының қалыптасуы елімізде мемлекеттіліктің іргесін нығайта түсетін дербес қоғамдық институттардың дамуына мүмкіндік береді. Ол қандай институттар десеңіз, ол – армия, ол – ғалымдар, зиялы қауым, ол – адвокатура, ол – журналистика.
Алда-жалда елдің тыныштығы мен халықтың өміріне қауіп төне қалса, бізді қорғайтын тек қазақ армиясы ғана екеніне осы жолы анық көз жеткіздік емес пе?! Сондықтан қазақ армиясының өз дәстүрі, құндылықтары мен қасиетті қағидалары бар, қиын-қыстау тұстарда ресми биліктің бұйрығына алаңдамай-ақ мемлекетті, халықты қорғаудың қамына көше алатындай дербес қоғамдық институт ретінде дамуы өте маңызды.
Қазір лаңкестік шабуылдың бетін қайтарғанымызбен, Қазақстанға қарсы ақпараттық шабуыл күннен күнге күшейіп келе жатыр. Олай болса, бізге мемлекеттік тапсырыстың мөлшеріне, саяси топтардың медиа жоспарына алаңдамай-ақ мына ақпарат соғысы дәуірінде мемлекеттің болашағы үшін ұлттың жоғын жоқтап, сөзін сөйлейтін, халықты шынайы ақпаратпен қамтамасыз ететін қуатты журналистика да ауадай қажет.
Қорыта айтқанда, осы міндеттердің үдесінен шыға білсек қана, өркениетті, ашық әрі әділетті қоғам мен мемлекетке айналып, серпінді даму жолына түсеміз. Иә, бізді алдымызда күрделі кезең, ұзақ әрі қиын жол күтіп тұр. Бірақ, халықтың ынтымақ-бірлігі мен ерік-жігерінің және жарқын болашаққа деген сенімінің арқасында бұл қиындықтарды жеңіп шығамыз.