Версия для печати

ЖАУАПКЕРШІЛІК – КОВИДПЕН КҮРЕСТІҢ БАСТЫ ТЕТІГІ Избранное

Среда, 19 Январь 2022 03:58 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 927 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкентте коронавирус жұқтырған жүкті және босанған әйелдерді емдеуге арналған инфекциялық стационар ашылды. Жаңадан ашылған 100 орындық стационар №2 қалалық аурухана базасында құрылып отыр. Бұл туралы Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырған баспасөз туры барысында белгілі болды. Тур барысында журналистер инфекциялық стационар мен вакцинация пунктінің жұмысымен танысты.

943

 

А жоспары: 800 орын дайын

Ресми деректерге сүйенсек, жыл басынан бері Шымкентте 2438 тұрғыннан КВИ анықталған. Оның 199-ы емделіп, отбасына оралса, 279 науқас стационарда ем қабылдап жатыр. Өкініштісі, 8 науқас індеттен қайтыс болған. Өзгелері дәрігерлердің қадағалауымен үй жағдайында ем қабылдап жатыр.
Шымкент қаласының бас дәрігері Бақытжан Позиловтың айтуынша, қаладағы эпидемиологиялық жағдай күрделі. Өткен тәулікте 343 тұрғыннан ковид анықталған.
— Қазір жансақтау бөлімінде 26 науқас жатыр. Олардың тең жартысы өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Өкінішке қарай, науқастардың басым бөлігі вакцина салдырмағандар. Қала тұрғындарын эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін вакцина қабылдауға шақырамыз. Әсіресе, созылмалы ауруы бар тұрғындар иммунитет қалыптастыру үшін екпе алуы тиіс. Өйткені, қосымша ауруы бар науқастарда коронавирус ауыр өтіп жатыр, - дейді Б.Позилов.
Сонымен қатар, қаладағы эпидахуалды реттеу мақсатында мобильді топтар құрылып, жағдайы күрделі науқастарға таңғы сағат 08.00-ден кешкі 20.00-ге дейін қызмет көрсетуде.
— Бүгінгі таңда Шымкент қаласында А,В,С жоспары бойынша коронавирус инфекциясына стационарлар дайындалып жатыр. А жоспарына сәйкес, 800 орын дайындалды. Егер қажеттілік туындаса, В жоспарына — 2673, С жоспарына, яғни эпидемиологиялық дағдарыс жағдайына 3900 орын жасақтауға дайынбыз. Ал, дәрі-дәрмек қоры екі айға жетеді және оны үнемі толықтырып отырады. Сондай-ақ, вакцинация мен ревакцинацияға екпе жеткілікті. Бүгінде 60 жастан асқан азаматтарға ревакцинацияға Pfizer екпесі салынуда, - деді қаланың бас дәрігері.

944


Б.Позилов жыл басынан бері КВИ шалдыққандар арасында 71 науқастың 18 жасқа дейінгі жасөспірім екенін атап өтті. Осы жағдайды ескере отырып, ата-аналарға 12-17 жас аралығындағы мектеп оқушыларын вакцинациядан өткізуге немқұрайлы қарамауға шақырды.

Екі күнде 22 науқас қабылданды

Жүкті әйелдер мен босанған аналарға арналған стационар КВИ жұқтырған науқастар санының өсуіне байланысты жасақталып отыр. Бұл туралы Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Б.Позилов мәлімдеді.
—Қалалық №2 аурухананың COVID орталығы науқастарды емдеу үшін барлық қажетті медициналық жабдықтармен қамтылған. Мұнда дәрігерлер covid-19 ауруының орташа және ауыр түріне шалдыққан науқастарды емдейді. Стационар ашылған екі күннің ішінде 22 науқас қабылданды. Оның 7-еуі босанған, 15-і жүктіліктің түрлі мерзіміндегі әйелдер. Науқастардың денсаулығы орташа-қалыпты. Емдеу уақыты науқастың жағдайына қарай 5-12 күнге дейін созылуы мүмкін, - дейді
Шымкент қалалық №2 аурухананың бас дәрігері Асқар Рахматалиев.
А.Рахматалиев аурухананың эпидемиологиялық ахуалға дайындық барысымен таныстырды. Мұнда оттегі қоры да жеткілікті.
— Аурухананың оттегі өндіру цехы бар. Ол цехта тәулігіне 50 баллонға дейін толтыруға болады. Сондай-ақ, сұйық оттегіне арналған 8 тонналық үлкен цистерна қойылған, - дейді ол.
Баспасөз туры барысында
А.Рахматалиев ауруханадағы ерекше емделуші туралы баяндап берді. Ол туылғанына небәрі 31 күн толған, салмағы 1,7 кг нәресте.
— Жаз кезінде өкпесінің 90 пайыздан астамы қабынған жүкті әйел Асар шағынауданындағы «Инфекциялық орталыққа» түскен. Ол кезде жүктіліктің 8-аптасында болған. 60 күн орталықта емделіп, кейін біздің ауруханаға ауыстырылды. Мұнда 43 күндей бақылауда болып, жағдайы қалыпқа келген соң үйіне қайтарылған болатын. Алайда, шарана 30 апталық болған кезде әйелдің жағдайы күрт нашарлап, жедел жәрдем ауруханасына түскен. №2 ауруханада емделгеніне және науқастың жағдайының күрделілігіне байланысты жедел жәрдем ауруханасынан біздің ауруханаға ауыстырылды. Дәрігерлердің шешімімен сәбиді аман алып қалу үшін әйелге шұғыл кесарь тілігі жасалып, нәресте 800 гр салмақта дүниеге келді. Бүгінде анасының жағдайы қалыпқа келген соң отбасына оралды. Ал, нәресте 1,8 кг салмаққа жеткенге дейін аурухананың сәбилер потологиясы бөлімінің қадағалауында болады. Қазір нәресте 31 күнде 1,7 кг салмаққа жетті, - дейді Асқар Мұратұлы.
Дәрігерлер Шымкент қалалық №2 ауруханасының COVID орталығында ем қабылдап жатқан жүкті және босанған әйелдерге барлық жағдайды жасаған. Тіптен, тиісті маман бөлмелердегі температураны да қадағалап, нәрестелер үшін ерекше жағдай қалыптастырған.

«Бұл – отбасымның алдындағы жауапкершілік»

— Қалалық №2 емханаға 50 мыңдай тұрғын тіркелген. Олардың ішінде 326 жүкті әйел екпе алуы тиіс. Бүгінде 172 аяғы ауыр келіншек екпе алып үлгерді. Жүкті әйелдердің барлығы бірдей екпе ала бермейді. Науқастың жағдайы мен дәрігердің шешіміне байланысты екпе жүргізіледі. Барлығына бірдей вакцина екпеудің бірнеше себебі бар. Мәселен, біреулерінде екпеге қарсы көрсетілімдер болса, екіншісінің әлі қабылдау уақыты келмеген. Ал, үшіншісі, жүктілікке дейін вакцина қабылдағандар. Оларға босанғаннан кейін 42 күн өткен соң ревакцинация жасалады. Емханаға қарасты 1088 әйел босанған. Оның ішінде екпе алуы тиіс 577 әйел бар. Оның 273-і вакцина алды, - дейді қалалық №2 аурухана емханасының акушерлік-гинекология бөлімінің меңгерушісі Г.Әлмаханова.
Баянсұлу Байғали — қалалық №2 емханасына екпе алуға келген жүкті әйелдің бірі.
— Жүктіліктің 22-ші аптасындамын. Учаскелік дәрігер мен гинекологтың шақыруымен екпе алуға келдім. Дәрігер денсаулығымды қадағалап, екпеге жолдама берді. Бұған дейін коронавируспен ауырмадым. Алайда, баламның денсаулығы үшін екпе алуға шешім қабылдадым, - дейді ол.
Ал, Бахрам Газиев ревакцинацияға келіп отырғанын айтты. Сондай-ақ, қызын екпеге ерте келіпті.
— Қызым Мафтуна Сейдахметова — А.Макаренко атындағы №41 мектеп-лицейдің оқушысы. Таяу күндері 12 жасқа толған соң, коронавирусқа қарсы вакцина алуға ертіп келдім. Отбасымызда 12 жасқа толмаған екі баламнан басқасының барлығы екпе алған. Мұны отбасымның алдындағы жауапкершілік деп білемін, - дейді ол.
Айта кетейік, қалалық №2 аурухана емханасында егу бекеті тұрақты жұмыс істеп келеді. Мұнда медицина мамандары күнделікті ковидке қарсы вакцинациялау жұмыстарын жүргізіп отыр.
Ескеретін жәйт, БАҚ өкілдері тур барысында санитарлық талаптарға сай қорғаныш киімдерімен қамтамасыз етілді.