Версия для печати

ЦИФРЛЫ ТЕХНОЛОГИЯ ЕҢБЕК ӨНІМДІЛІГІН АРТТЫРУҒА СЕПТЕСЕДІ Избранное

Среда, 26 Январь 2022 04:13 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1142 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде «Алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу қажет. Бұл Үкімет пен әкімдердің алдында тұрған негізгі басымдық екеніне айрықша назар аударамын. Егер нарықта азық-түлік тауарлары мол болмаса, инфляцияны ұстап тұруға ешқандай шара көмектеспейді» деген болатын.

102

 

Осы орайда Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбеков алда тұрған басты міндет үшінші мегаполистің агросаласын заманауи бағытта дамыту екенін айрықша атап өтті. Ауыл шаруашылығы саласының үлесі Шымкенттің жалпы ішкі өнімінің 1 пайызын ғана құрайды. Сондықтан ауыл шаруашылығы үлесін арттыру басқарманың келешектегі негізгі басты жоспарының бірі болып қала бермек. Асқар Сәкенұлының айтуынша, шаһарда ауыл шаруашылығын дамытуға барлық мүмкіндік қарастырылған. Оның ішінде, ең бастысы, Шымшаһардың еліміздің оңтүстігінде орналасуы, яғни, егін шаруашылығын қолға алуға жайлы климаттың болуы. Екіншіден, кезінде мегаполиске Түркістан облысынан өткен елді мекендердің аумағынан егін шаруашылығының әлеуетін арттыруға толық мүмкіндік бар. Содан соң жылжымайтын мүлкі бар азаматтар мүлкін кепілге қою арқылы түрлі бағдарламаларға қатысып, төмен пайызбен несие алып,
шаруасын дөңгелете алады. Бұл ретте ауыл шаруашылығы басқармасы биылға саланы ілгерілету мақсатындағы жоспарларын түзіп, оны іске асыруға белсене кірісуде. Ол қандай жоспарлар? Бұл туралы тақырыпты қозғамас бұрын шаруалардың өткен жылғы жеткен жетістіктері жөнінде аз-кем тоқталып өткенді жөн көрдік.

104


Сонымен, 2021 жылдың қаңтар-қараша айларында ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 41,4 млрд теңгені құрады. 2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда былтырғы табыс 6,7 млрд теңгеге артып, нақты көлем индексі 100,3 пайызға жетті. Өткен жылы 230,1 млн АҚШ долларының ауыл шаруашылығы өнімі экспортталды. Бүгінгі таңда агросалада 6,6 мың адам жұмыс істейді. 1 жұмысшыға шаққандағы еңбек өнімділігі – 2 млн 155 мың теңге. Өсім 99,6 пайызға жетіп отыр. Ал ауыл
шаруашылығының негізгі капиталына 10 млрд 182,6 млн теңге инвестиция тартылған. Нәтижесінде инвестициялық өсім 2,3 есеге артты. Әсіресе, қосымша қаражат тамақ индустриясына көбірек тартылған. Яғни тамақ өнеркәсібіне 4 млрд теңгеден астам инвестиция құйылды. Сонымен қатар былтыр диқандар 29,3 мың гектар егістік жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын екті. Тарқатып айтсақ, дәнді дақыл – 12,9 мың, майлы дақыл – 3,8 мың, мал азығы – 8,9 мың, көкөніс пен бақша – 3 мың, картоп 0,7 мың гектар егістік аумақты құрады. Күзгі жиын-терім науқаны барысында шаруалар 85,4 мың тонна өнім жинады. Сондай-ақ, былтыр «Agro Park kz» ЖШС – 5 гектар, «IGM Corporation» ЖШС 4 гектар жерге заманауи үлгідегі жылыжай салып, шаһардағы жылыжай кешендерінің жалпы көлемі 204 гектарға жетті. Ресми статистика көрсеткендей, өткен жылы қалада мал басының саны артып, мал өнімділігі де біршама өскен. Атап айтқанда, 13,5 мың тонна ет өндіріліп, оның өнімділігі – 3,7%, сүт өндірісі 45,3 мың тоннаға жетті, өнімділік 3,2 пайызға артқан, бұған қосымша 142,1 млн дана жұмыртқа өндірілген. Бүгінгі таңда қалада 77,2 мың бас ірі қара, 85,2 мың бас қой мен ешкі, 13,7 мың бас жылқы, 1 106 мың бас құс бар.
— Үшінші мегаполисте агроөнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында 2021-2025 жылдар аралығында 63,3 млрд теңгені құрайтын 50 жобаны жүзеге асыру көзделген. Атап айтқанда, өндірістік жылыжай кешендерін салуға – 11, қайта өңдеу саласына – 7, мал бордақылау алаңдарын құруға – 9, сүт фермасының өнімділігін арттыруға – 4, жеміс-көкөніс сақтау қоймасын салуға – 4, жұмыртқа өндірісіне – 5, балық шаруашылығына – 3, қарқынды алма бауына – 5, мал азығын өндіруге 2 жоба бағытталған. Оның ішінде былтыр «Жол картасы» аясында құны 6,3 млрд теңгені құрайтын 16 жобаны іске қосу, 230 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған болатын. Нәтижесінде жоспар межеден де асып түсті. Яғни 24 жоба іске асырылып, жаңадан 336 жаңа жұмыс орны құрылды. «Жол картасына» енген жоспар 1,5 есе артығымен орындалды, – деді
Асқар Сәкенұлы.
Басқарма басшысы биыл қолға алынатын негізгі жоспарларға тоқталып өтті. «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған» ұлттық жоба аясында биыл шаһарда бірқатар жұмыс атқарылмақ. Мәселен, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 2,7 млрд теңгеге арттырып, 44,1 млрд теңгеге жеткізіледі. 1 жұмысшыға шаққанда еңбек өнімділігі 4,5 млн теңгеге артпақ. Басқарма ауыл шаруашылығының еңбек өнімділігін жаңа технологиялардың есебінен арттыруды көздеп отыр. Мәселен, бүгінгі таңда өндірістік жылыжайлар толық автоматты технологияға көшкен. Яғни бұрын қол күшімен атқарылатын жұмыс қазір компьютердің көмегімен іске асырылады. Осылайша бірнеше жұмыскерге жүктелген еңбекті шаруа бір өзі атқарып, соның нәтижесінде қызмет ақысы да жоғарыламақ. Еңбек өнімділігінің артуы дегеніміз, міне, осы.
Агроөнеркәсіп кешені субъектілері өндірген тауарлардың экспорт көлемі 309,7 млн АҚШ долларына өседі. Сонымен қатар, 29,8 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілмек (дәнді дақылдар – 12,9 мың га, майлы дақылдар – 3,5 мың га, картоп – 0,5 мың га, көкөніс, бақша – 3,4 мың га, мал азықтық дақылдар – 9,5 мың га). Егіс алқаптарынан биыл 90,1 мың тонна өнім жиналады деп күтілуде. Мал шаруашылығы саласында да биыл өсім болады деп болжанып отыр. Өнімділік 6-10 пайызға артып, 14,8 мың тонна ет, 48,2 мың тонна сүт, 156,2 млн дана жұмыртқа өндіру жоспарлануда. Агросалаға инвестиция тарту, қала халқын жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында биыл жалпы құны 21,3 млрд теңгені құрайтын ірі 18 жоба іске асырылып, 708 жаңа жұмыс орнын ашу межесі тұр. Оның ішінде 3 құс зауытының қуаттылығы артып, 1 бройлер етін өндіретін, 2 тауарлы сүт фермасы мен 4 көкөніс-жеміс сақтау қоймасы салынатын болады.

103


Сондай ақ, жеке «Тепличный рай» агро индустриалды аймағында жалпы құны 5,8 млрд теңгені құрайтын 19,5 гектар өнеркәсіптік жылыжай кешені бой көтереді. Екіншіден, «Бозарық» тамақ индустриалды аймағында жалпы құны 2,1 млрд теңге болатын 4 жоба іске асырылып, 210 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сонымен қатар маусымдық кезеңде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша бірқатар іс-шаралар көзделген. Оның ішінде кәсіпкерлік субъектілеріне айналымға қарыз қаражат беру, делдалдық қызметті шектеу секілді механизмдер қаралған. Бұдан бөлек айналым қаражатын толықтыру арқылы сауда желілерінің санын 115-ке көбейту, әлеуметтік дүкендер санын 30-ға дейін ұлғайту, заманауи қоймаларды дамыту межеленуде. Сонымен қатар қала аумағында азық-түлік жәрмеңкелері бұрынғыдай тұрақты ұйымдастырылады. Жоғарыда аталған іс-шараларды жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсету мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттен салаға 5 613,9 млн теңге қаржы қаралған. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің шығындарын субсидиялауға 8 бағдарлама бойынша 2 847,4 млн теңге бөлінді.
Бұл орайда Президент Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде субсидия мәсеселіне айрықша тоқталған болатын. Оған себеп те жоқ емес. Соңғы уақытта субсидия төңірегінде дау-дамайдың көбейгені шындық. Сондықтан Мемлекет басшысы бұл мәселеге нүкте қоюды тапсырды. «Субсидияны тұрақты беруге қатысты мәселе жиі көтеріледі. Мен бұған дейін субсидиялау тәсілдерін қайта қарау қажеттігі туралы тапсырма берген болатынмын. Бұл жұмыс қысқа мерзім ішінде атқарылуға тиіс. Біз субсидия алуды жеңілдетуге, оның қолжетімді болуын және ашықтығын қамтамасыз етуге тиіспіз» деген еді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
— Президенттің субсидяны реттеуге қатысты тапсырмасын орындау мақсатында бүгінгі таңда Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан тиісті жұмыстар атқарылуда. Субсидия алудың жаңа тәртібі мен механизмдері алдағы наурыз айында жарияланады деп күтіп отырмыз. Дегенмен, басқарма өз тарапынан тисті ұсыныстарын жолдап үлгерді. Ол субсидия алу талаптарын жеңілдетуге байланысты болып отыр. Мәселен, мал бордақылау, құс өсіру шаруашылығында субсидия алудың талаптары жоғары. Мемлекеттен субсидия түрінде көмек қаржы алу үшін мал бордақылау немесе құс өсіру шаруашылығының өндірістік қуаты өте жоғары болуы керек. Сондықтан оған бүгінде тек орта немесе ірі шаруа қожалықтарының ғана шамасы келеді. Ал ұсақ шаруалар талаптың қатаң болуының салдарынан субсидияға әлі күнге дейін қол жеткізе алмай жүр. Сол үшін осы бағыт бойынша субсидия берудің талаптарын жеңілдетуге арнайы ұсыныс жолдадық. Субсидияның тәртібін қайта қарау барысында ұсынысымыз ескерілер деген үміттеміз. Сонымен бірге, қазіргі таңда ауыл шаруашылығы мақсатында жеңілдетілген несие алу тәртібі де оңайлатылған. Бұрын «Аграрлық несие корпорациясы», «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры», «ҚазАгроҚаржы» секілді қаржы ұйымдары қызмет көрсететін. Қазір бұлар бір мекемеге, яғни «Аграрлық несие корпорациясына» бірікті. Ендігі жерде шаруалардың несие қаражатын «бір терезе» қағидасымен алуына болады. Аграрлық несие корпорациясында ауыл шаруашылығы саласының бағытына қарай тікелей қаржы ұйымының өзінен 8 және 15 пайызбен несие ала алады. 15 пайыздық несиенің бір бөлігі ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан субсидияланады. Несие алудағы ең басты шарт, ол, әрине, жылжымайтын кепіл мүлкінің болуы. Сондай-ақ, агросалада бизнес бастағысы келетін азаматтар кәсіпкерлер палатасында білімін шыңдап, содан соң басқарма тарапынан мемлекеттік бағдарламалар бойынша қолдау табуына мүмкіндігі мол, – деді Асқар Сәкенұлы.
Жоғарыда аталған жоспарларды орындаудың нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласы былтырмен салыстырғанда біршама деңгейге көтеріліп, соның нәтижесінде Президент берген тапсырмаға сәйкес азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі мейлінше іске асырылатын болады.