ҮЙГЕ ЖАҚЫН, БАҒАСЫ АРЗАН: ӘЛЕУМЕТТІК САУДА НҮКТЕЛЕРІ КӨБЕЮДЕ Избранное

Пятница, 04 Февраль 2022 03:36 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1279 раз

Шымкентте әлеуметтік маңызды өнімдер саудасы бақылауға алынған. Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы мен табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменттерінің мамандары шаһардағы жанар-жағармай құю бекеттері және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларына тұрақты мониторинг жүргізіп тұрады.

176

 

Үкімет қаулысына сәйкес, бағаларды тұрақтандыру бойынша іс-шаралар кешенінде өнімдер арзандатылған бағамен сатылатын дүкендер ашу да көзделген. Осыған орай күні кеше шаһарда кезекті әлеуметтік сауда нүктесі жұмысын бастады. Қазығұрт шағынауданындағы «GraMad» сауда орталығының ашылу салтанатына қала әкімі Мұрат Әйтенов, қалалық мәслихаттың депутаттары қатысты. Сауда орталығының жұмысымен танысқан қала әкімі сөрелердегі азық-түлік сапасы мен бағасын бағамдап көрді.
– «GraMad» сауда желісі – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тұрақтандыру бағдарламасына қатысушы сауда орталығы. Сауда желісіне айналымға 800 млн. теңге қарыз қаражат беріліп, мұнда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары белгіленген орында арзан бағамен сатылуда. Енді жергілікті тұрғындар алыс базарларға барып жүрмей, арзан өнімдерді үйлеріне жақын орталықтан сатып ала алады. Осы мақсатта тек қаланың орталығынан емес, сауда нүктелерін шалғай аудандардан да ашып отырмыз, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Дүкенді аралаған әкім тұрғындарды әңгімеге тартты. Азық-түлік бағасына қатысты ашық әңгімелесті.
– Дүкеннің үйдің жанынан ашылғанына қуаныштымыз. Бұрын базарға баратынбыз. Әлеуметтік сауда нүктесінде баға қолжетімді екен, – десті қариялар.
Айтса, айтқандай, бұл күні дүкенге келген адамның қарасы көп болды. Әдетте базарда кездесетін бағадағы азық-түлік мол сатылуда. Мұнымен қоса касса қызметкерлері сауда жасаушыларға шағын сыйлықтар таратты. Әлеуметтік тауарлар мұнда делдалсыз, тікелей жеткізіледі. Бұған қоса макарон, жартылай фабрикаттар мен кондитерлік өнімдердің бірқатар түрлері осы көтерме сауда желісінің өзінде шығарылады. Бағаны тұрақты ұстап тұрудың негізгі себебі де осы болып отыр.

173


Жалпы, бұл сауда желісінде 12 мыңнан аса тауар түрі тіркелген. Жаңа орталықта 40 жаңа жұмыс орны ашылып отыр. Жауапты мамандардың айтуынша, тұрақтандыру қорының айналым қаражаты есебінен жыл соңына дейін «GraMad» сауда желісінің нүктелерінің санын 80-ге дейін жеткізу жоспарлануда. Кәсіпкерлер енді қаланың шалғай аудандарын да қамтуды көздеп отыр.
– Шымкент мегаполис атанғаны бәрімізге мәлім. Дегенмен, барлық өмір қаланың орталығында ғана емес, шалғай аудандарда да жалғасуда. Тұрғындардың біраз бөлігі осы аймақтарда тұрады. Әлеуметтік бағытта жұмыс істейтін сауда желісі болғандықтан, оған қоса, жерлестерімізге қолайлы жағдай жасау үшін супермаркет, дүкендерді шеткі аймақтардан ашуды қолға алдық. Біріншіден, жақсы сервис, екіншіден, әлеуметтік бағадағы өнімдер, үшіншіден, әдемі әрленген ғимарат – міне, осыларды ұйымдастыру біздің басты мақсатымыз болмақ, – деді «GraMad» сауда желісінің директоры Айжан Наймбекова.
Жалпы, Шымкент қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру мақсатында өңірлік тұрақтандыру қоры жұмыс істейді. Қорға жергілікті бюджет есебінен 7,7 млрд теңге бөлініп, ірі сауда желілеріне, жергілікті тауар өндірушілерге және бизнес субъектілеріне айналымға 5,4 млрд теңге қаражат қарызға берілген. Кәсіпкерлермен келісімшарттар негізінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қаладағы сауда ірі үш сауда желісінің 40-қа жуық нүктесінде белгіленген бағада сатылуда.
Саудагерлерге әлеуметтік маңызды тауарға 10-15 пайыз үстемеден артық баға қоймау түсіндірілген. Бағаны негізсіз өсірген сатушыларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес ескерту жасалып, айыппұл салынуы мүмкін. Айыппұл көлемі шағын кәсіпкерлерге – 10 АЕК, орта бизнес субъектілеріне – 75 АЕК, ал ірі кәсіпкерлік нысандарына 300 АЕК мөлшерін құрайды.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.