БАДАМ-1: ШАЛҒАЙДАҒЫ ШЕШІМІН ТАПҚАН ШАРУАЛАР Избранное

Среда, 09 Февраль 2022 03:56 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1028 раз

Шымкентте халықтың тұрмыстық жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Коммуналды-шаруашылық бағытындағы істер қала орталығында ғана емес, шет аудандарда да жүзеге асырылып келеді. Соның мысалы ретінде Еңбекші ауданын алуға болады. Жуырда Қаратөбе округіне қарасты елді мекендерде болып қайттық.

204

 

Бадам-1 ауылында бес мыңға жуық тұрғын бар. Елді мекеннің қала аумағына қосылғанына биыл 8 жыл толып отыр. Тұрғындар өздері үйреніп қалған әдетімен «ауыл» деп атағанымен, мұнда қала өміріне қатысты игіліктердің барлығы дерлік бар. Алдымен коммуналды қажеттіліктерді дамытуға баса мән берген жергілікті билік жуырда салауатты өмір салтына қажет инфрақұрылымды салуға кірісті. 2021 жылдың соңында елді мекенде еңселі спорт алаңшасы бой көтерді. Футбол алаңы мен жаттығу алаңшасы қатар салынған. Бүгінде тұрғындар игілігін көріп отыр.
– Жас келген соң болар, бұған дейін тізем сырқырап жүретін. Дәрігерге барып, жазып берген уколын салдырсам, қойып қалады да, кейін қайта бастайды. Ал мынау жаттығу алаңына келіп, өзіме ыңғайлы құралмен дене шынықтырып жүргеніме 2 айдан асты, Құдайға шүкір, қазір денсаулығым түзеліп қалды. Әсіресе, тіземнің сырқырағаны басылды. Үйіміз жақын, өзіміз зейнеттеміз – күнде осында келіп, уақыт өткіземіз. Денсаулыққа пайдасы өте көп. Немерелерді алып келеміз, олар доп тебеді. Осы жасап жатқан жұмыстары үшін әкімшілікке алғыс айтамыз. Күтіп-ұстап жүрген ауылдастарға да рақмет, – дейді жергілікті тұрғын Ұлбосын Түртаева.

205


Зейнеткер мұнда 60 жылдан бері тұрады, ауылдың бүкіл өмірі көз алдында өтіп жатыр. Бұрынғымен салыстыруға келмейді дейді қария. Айтуынша, көлік жолдары жөнделген, тротуар да бар. Ауылдасының сөзін Бадамда 1980 жылдан бері тұратын Арысжан ақсақал да қоштады.
– Көшемізге асфальт төселген, орталықтан берілетін суымыз да, жарығымыз бен газымыз да бар. Су мен жарық бұрыннан бар еді, ол кезде біз Сайрам ауданына қарайтынбыз. Ал былтыр әкімшілік су мен жарық жүйесін жаңалап берді. Ауыл тұрғындарының атынан рақмет айтамыз, – дейді Арысжан Диханбаев.
Ақсақалдың өзі су мұнарасына жауапты, күнделікті оның жұмыс істеуін бақылап жүреді. Аудан әкімдігі өкілдерінің айтуынша, сумен қамтамасыз ететін құрылғылар мен сорғылар жаңадан қойылған.
– Бадам-1 елді мекеніндегі электр жүйесі қайта жабдықталып, трансформатор мен өлшегіш құралдардың жаңалары қойылды. Су өлшегіш құралдар да жаңартылды. Осындағы 10 көшенің барлығына асфальт төселді. Орталық көшемен қоғамдық көлік жүреді, сондықтан, алдымен сол көшеге жарық бағаналары қойылып, аялдама орнатылды. Қалған көшелерге жарық жүйесін орнату жұмыстары биыл атқарылады деп күтілуде. Сонымен қатар, өздеріңіз көріп отырғандай, спорт алаңшалары мен воркаут алаңдары салынуда. Осы елдімекенге үш спорт алаңшасы салынды. Биыл да бұл жұмыстар жалғасады, – дейді Еңбекші ауданы әкімдігі Қаратөбе округінің бас инспекторы Самат Жүнісбаев.

206


Жауапты мамандардың айтуынша, шалғай аудандарды абаттандыру жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жалғаса бермек. Осы мақсатта тұрғындардың талап-тілектері ескеріледі.
Айта кетейік, Қаратөбе округіне қарасты 5 елді мекен бар. Олар: Шаңырақ шағынауданы мен Тұрдыабад, Базарқақпа, Абдулабад және Бадам-1 тұрғын алабтары. Жалпы тұрғын саны 24 мыңға жуық. Бұл елді мекендер қала аумағына 2014 жылы қосылған болатын.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.