ЗАМАН ӨЗГЕРДІ, АССАМБЛЕЯ ДА ӨЗГЕРМЕККЕ НИЕТТІ Избранное

Пятница, 25 Февраль 2022 04:21 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 746 раз

Қазақстан халқы Ассамблеясы – елге керек қоғамдық-саяси институт. Бірақ, оның қызметін түбегейлі реформалау керек. Өйткені, Ассамблеяның осыған дейінгі қызметінің тиімді болмағанын кешегі қаңтар оқиғасы анық көрсетті.
Шымкент қаласына жасаған іссапарында ассамблеяның рөлі мен ұйымның келешегі жөнінде кеңес өткізген ҚХА төрағасының орынбасары, ҚР Президенті әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов осылай деді.

320

 

– Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстандағы жағдай күрт өзгерді. Бұл жағдай елдің бірлігі мен тұтастығына, қазақстандықтардың өміріне төнетін қауіп-қатердің салдарымен күреспей, оның алдын алуымыз керектігін көрсетті. Осы орайда ассамблея ел бірлігін сақтау жолында күресетін негізгі ұйымдардың біріне айналуы тиіс. Ол үшін ассамблеяда құрылымдық өзгерістер жасап, жұмыстың бағыт-бағдары мен әдіс-тәсілдерін де өзгерту керек. Сөйтіп, жаңа уақыттың сын-қатерлеріне жауап беретін әрі халықтың көңілінен шығатын ұзақ мерзімді даму бағдарлама әзірлеуіміз керек, – деді
М.Әзілханов.
Оның айтуынша, бұл мәселені жергілікті ассамблея мүшелері мен қызметкерлерінен артық ешкім білмейді. Сондықтан өңірлерді аралап, проблемалармен танысып, түрлі тың идеялар мен ұсыныстар жинақталып жатыр екен. Осы ұсыныстардың негізінде келешекте реформаның бағыт-бағдары айқындалады.

Әскерге баруға құлықсыз

Қалалық ассамблея жанындағы қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары Б.Жалмұрзаев өз сөзінде кеңестің жұмысын жаңа форматқа ауыстыру қажеттігін атап өтті. Оның ойынша, бұл кеңес қазақстандық патриотизмді күшейу бағытында қызмет атқаруы керек. Себібі, Б.Жалмұрзаев бүгінде әртүрлі этнос жастарының көпшілігі әскери міндетін өтеуге асықпайды. Осы елдің азаматы атанып, осы елде өмір сүре отырып Қазақстан Қарулы күштерінің қатарында қызмет етуге құлықсыз жастардың көбеюі алаңдатарлық жағдай. Ассамблея бұл мәселеге баса назар аударып, дұрыс идеология жүргізе білуі керек.

Қазақ тілін үйрететін орталық болуы тиіс

Түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Л.Асанов бүгінгі қоғамда ассамблея ұйымы өте қажет деген пікірін білдірді. Өйткені, қоғамдағы тұрмыстық бағытта орын алып жатқан әртүрлі кикілжіңдерді болдырмауға және алдын алуға ассамблея да үлкен үлес қосуда. Оның үстіне Л.Асановтың мәлімдеуінше, ассамблеяның халықтың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайын көтеруде, елімізде орын алып жатқан табиғи басқа да апаттар мен қайғылы жағдайлардан зардап шеккен отандастарға қол ұшын созуда, гуманитарлық көмек көрсетуде тындырған ісі көп.

Л.Асановтың айтуынша, қазақ тілі – Қазақ-стандағы әртүрлі этнос өкілдерінің басын қосып, оның бірлігін бекемдей түсетін қуатты құрал. Демек, ассамблея қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге, оның этносаралық қатынас тіліне айналуына ықпал ететін ұйымға айналуы керек.
Әрине, бұл бағытта қазір де ауқымды жүмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, ассамблеяның «Қазақтану» жобасы бойынша қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тілі ретіндегі мәртебесін ілгерілетуде Шымкент қаласында республикалық «Мың жүйрік» жобасы жүзеге асқан. «TILTANYM» онлайн дәрістері YouTube арнасына орналастырылып, қазақ тілін оқып-үйренушілерге тиімді құралға айналып отыр. «Мен қазақша сөйлеймін» бүкілхалықтық челленджі бойынша шымкенттік ассамблея мүшелері 18 бейнеролик әзірлеп, Қазақстан өңірлеріндегі әріптестеріне жолдады. Қазақстан халқының тілдері күніне орай ассамблея алаңында «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» онлайн форумы өтті. Қалалық ассамблеяның тапсырысымен «Бірлігі бекем ел» телебағдарламасы тұрақты эфирге шығып, олардың түсірілімдеріне қазақ тілін еркін меңгерген этнос өкілдерінің отбасылары кеңінен тартылуда. Қала аумағындағы кәсіпкерлік субъектілерінде тіл туралы заң талаптарының орындалуын үйлестіру жөніндегі арнайы жұмысшы тобының құрамына ассамблея өкілдері енгізіліп, кең көлемді түсіндіру жұмыстары атқарылып келеді.
Алдағы уақытта осы жұмыстар жаңаша қарқынмен жүргізілуі шарт. Яғни, алдағы реформа ассамблеяны қазақ тілінің жанашыры мен насихатшысына айналдырып, оның мәртебесін арттыру бағытында жұмыс істейтін қоғамдық-саяси институттың бірі етуі тиіс.

Диалог алаңын ұсынуы керек

Ұйым қызметін реформалау жөнінде ғылыми-сарапшылық топтың мүшесі В.Жариновтың пікіріне құлақ түрсек, ассамблеяны көптеген өзгерістер күтіп тұрғанын аңғаруға болады. Этносаралық мәселелерді зерттеп жүрген сарапшының айтуынша, ұлтаралық байланыстарды республикалық деңгейде бақылауды қолға алу керектігін айтады. Яғни, ассамблеяның негізгі міндеті – түрлі этносаралық, тіпті тұрмыстық деңгейдегі кикілжіңдерді мониторинг жасау және олардың өршіп кетуіне ықпал ететін факторларды алдын ала анықтап, дер кезінде ықпал ету.
Сарапшы қазіргі таңда қоғамдағы барлық жаман әрекеттер, кикілжіңдер алдымен әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсетініне назар аударды. Кейде тараптар байсалдылық танытпаса мұның соңы үлкен жанжал мен қайғылы жағдайларға ұласып жататады. Сондықтан ассамблея қандай да бір жанжал туындай қалған жағдайда, оны асықпай, байыппен шешетін арнайы диалог алаңын ұсынуы керек.

Қағазбастылықтан арылатын уақыт жетті

Сонымен бірге В.Жаринов бүгінгі таңда ассамблеяда қағазбастылық мәселесі алдаңғы орында тұрған проблемалардың бірі екендігін жасырмай айтты. Яғни, ұйымның атқарып отырған жұмысы туралы есепті әр органға әртүрлі мазмұн мен формада жіберу міндетті іске айналған. Сарапшының ойынша, цифрландыру бағдарламасы қарқын алып жатқан дәуірде, еңбектің саны емес нақты нәтижесі көрініс табу тиіс қоғамдық өзгерістер аясында ассамблеяның да уақыт ағымынан кейін қалмай мейлінше қағазбастылықтан арылғаны жөн. Мұнымен қоса В.Жаринов қоғамдық келісім мекемесінде қызмет істейтін азаматтардың айлық еңбекақыларын көтеру мәселесіне де назар аударды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, ҚР Президенті әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат
Әзілханов еліміздің әр өңіріне барып, ондағы проблемалармен танысып, нақты кездесулер өткізіп, айтылған ұсыныстар ассамблея жұмысын жаңа жүйеге көшіру ісінде барынша ескерілетінін жеткізді.
Сарапшылардың айтуынша, осыған дейін ассамблея мәдени, мерекелік іс-шараларға көңіл бөліп келген. Ендігі жерде ұйым қоғамдағы әлеуметтік проблемаларға мән беріп, оларды биік мінберлерде көтерін болады. Соның ішінде ассамблеяның алдағы сессиясы да жаңарған форматта өтеді деп күтілуде. Яғни, әуелі ассамблея мүшелері түрлі тақырыптар бойынша секциялық отырыстар ұйымдастып, онда көтерілген проблемалар Президенттің қатысуымен өтетін сессияда талқыланады.