КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫНА ДАЙЫНДЫҚ БАСТАЛДЫ Избранное

Пятница, 25 Февраль 2022 04:30 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 944 раз

Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының таратқан мәліметіне сүйенсек, былтыр 29,3 мың гектарға түрлі дақыл егіліп, 85,4 мың тонна өнім жиналған. Өз кезегінде басқарма тарапы жылдан-жылға ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістік көлемін ұлғайтуды көздеп отыр. Оған мына статистикалық мәліметтер дәлел. Мәселен, биыл егіс көлемін 29,8 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 0,5 мың гектарға, ал 2019 жылға қарағанда 1,9 мың гектарға артық.

3285

 

Басқарма басшысының орынбасары Ә.Жанбатыровтың сөзінше, биыл егілетін дақылдардың ішінде бидай, арпа, жүгері — 13 мың, мақсары, күнбағыс — 3,5 мың, көкөніс пен бақша — 3,4 мың, картоп — 0,5 мың, мал азықтық дақылдар — 9,5 мың гектарды құрамақ.
Бүгінгі таңда 10,4 мың гектар күздік дәнді дақылдар алқабы бар. Бұған қосымша көктемде 2,5 мың алқапқа жаздық дәнді дақылдар, яғни бидай мен арпа егіледі. Дәнді дақылдар жалпы егістік үлесінің 43,6 пайызын алып жатыр.

Басқарма өкілінің айтуынша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер астық тұқымдарымен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, «Оңтүстік-батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-да астық тұқымының 107,7 тонна қоры жинақталған.
— Көктемгі дала жұмыстарына қажетті 1000 тонна жанар-жағармайды арзандатылған бағамен жеткізу ақпан-наурыз айларына жоспарланған. Бүгінгі таңда операторды анықтау жұмыстары жүргізіп жатыр. Өткен жылы көктемгі дала жұмыстарына дизель отыны литріне
157 теңгеден, күзгі жиын-терім науқанына 169-187 теңгеден босатылды. Ал биылғы көктемгі егіс жұмыстарына жанар-жағармай құны литріне 189 теңге болып белгіленіп отыр, - деді
Ә.Жанбатыров.
Осы күнде тыңайтқыштардың нарықтық бағасы екі есеге қымбаттаған. Дей тұрғанмен, биылғы минералды тыңайтқыштар құнын субсидиялау бағдарламасына 122 млн. 146 мың, тұқым шаруашылығын дамытуға 20 млн. 480 мың және пестицидтер мен биоагенттер сатып алуға 600 мың теңге субсидия бөлінді. Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл субсидия құны 12 пайызға артқан.
Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге трактор, тұқым сепкіш, жер қопсытқыш, топырақ өңдейтін агрегаттардың тоқсан пайыздан астамы дайын екендігін айтады.