«АМАНАТ» – ХАЛЫҚ ҮМІТІН АРҚАЛАҒАН ПАРТИЯ Избранное

Пятница, 04 Март 2022 03:48 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2173 раз

Жақында билік партиясының кезектен тыс жиырма екінші съезі өтіп, оған еліміздің түкпір-түкпірінен 393 делегат қатысты. Бұл жиында ҚР Президенті – партия төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен дайындалған партияны қайта жаңғыту бағдарламасы қабылданып, партия атауын «Аманат» деп өзгерту туралы шешім қабылданды.
Осы орайда, бірқатар азаматтарға партияны қандай өзгерістер күтіп тұр, бұл өзгерістер елге не береді деген сауалдарды қойған болатынбыз.

411

 

Ербол БАЙҚОНЫСОВ,
саясаттанушы:

40

–Атауы өзгеріп жатқан билік партиясының қайта жаңғырудағы басым бағыты – сайлаушылармен кері байланысты күшейту және партияның ішкі құрылымын жетілдіру. Бұл – Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен үндесіп жатқан міндет. Яғни, ендігі жерде біздің партия мүшелері, мейлі олар саяси лауазымда, мемлекеттік қызметте немесе өкілетті органда жұмыс істесін, барлығы халықпен тұрақты түрде кездесіп, олардың пікірлері мен талаптарын тыңдап, мәселелерін шешуді өзінің басты міндеті деп есептейді.
Осы орайда, былтырдан бері партияның атынан сайланған мәслихат депутаттарының рейтингісі жасалып жатыр. Рейтингті жасақтау барысында қай депутат сайлаушылармен қанша рет кездесті, тұрғындарды мазалайтын мәселе бойынша мәслихат мінберінен қанша рет мәселе көтеріп, қанша депутаттық сауал жолдады және оның қаншасы оң шешімін тапты деген көрсеткіштердің бәрі негізге алынады. Наурыз айының соңына қарай бұл рейтингтің нәтижесін көпшілікке жариялануы мүмкін. Бұл партияның мәслихаттағы фракциясы қызметінің тиімділігін арттыруға, сайлаушылардың партияға деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жылдың соңына дейін партия төрағалығын тапсыруы мүмкін екенін айтқан болатын. Егер осындай шешім қабылданып жатса, партияның өңірлік филиалдарын да әкімдер басқармауы ықтимал. Мемлекет басшысының бұл бастамасы өте орынды деп есептеймін. Бір жағынан бұл елімізде саяси бәсекелестіктің дамуына жол ашса, екіншіден партияның жергілікті атқарушы биліктен дербестігін қамтамасыз етіп, әкімдіктің қызметіне бақылауды күшейтуге мүмкіндік берер еді. Дегенмен, еліміздегі қоғамдық-саяси жағдай мен халықаралық геосаяси ахуалды ескерсек, мұндай шешімдерді жан-жақты ойластыра отырып байыппен қабылдап, кезең-кезеңімен жүзеге асыру керек.

 

Абай СЫРЛЫБАЕВ,
«Жас Отан» жастар қанаты Шымкент қалалық филиалы төрағасының
міндетін атқарушы:

409

–Халықтың үміті мен сенімін арқалаған партиямыз «Аманат» деген жаңа атауға ие болды. Бұл атаудың, әсіресе, жастар үшін символикалық мәні жоғары. Біз мұны даму мен өркендеуге ұмтылған, дамудың жаңа деңгейіне көтерілуді көздеген еліміздің жастарға, жас ұрпаққа жүктеген міндеті мен арқалатқан аманаты деп қабылдадық.
Ребрендинг жұмыстары барысында партия жастар саясаты мәселелеріне баса назар аударуды көздеп отыр. Алдағы уақытта жастарды мазалайтын мәселелер, олардың өзекті проблемалары ашып айтылып, талқыға салынатын арнайы платформа жасақталмақ. Оған тек белсенді, қоғамдық-саяси өмірге араласып жүргендер ғана емес, жастардың барлық топтарының өкілдері тартылады.
Жастарды қолдау мақсатында «Өрлеу» жобасы мен әскери-патриоттық «Қайсар» жобасы іске асырылмақшы. Жалпы, партия жастардың құқықтық сауаттылығы мен саяси мәдениетін арттыру бағытында көптеген жұмыстар атқаруды көздеп отыр. Бұл қадамдар жас ұрпақтың болашаққа деген сенімін нығайтуға және елімізде белең ала бастаған құқықтық нигелизмді тежеуге мүмкіндік береді.

 

Балжан ДҮРЕН,

Шымкент қаласы Қаратау ауданындағы «Мәртебе» бастауыш ұйымының төрайымы:

410

–Партия қызметінің тиімділігі мен күш-қуаты – оның Мәжіліс пен мәслихатта иеленген мандат санымен ғана есептелмеуі тиіс деп ойлаймын. Себебі, халықтың сенімі бастауыш партия ұйымдарының белсенділігіне қарап та қалыптасады деп ойлаймын. Неге десеңіз, Шымкент қаласында билік партиясының 31 650 мүшесі болса, соның бәрін қамтып, басын біріктіріп отырған ол қаладағы 51 бастауыш партия ұйымы дер едім. Сол себепті атауы өзгеріп, жұмыс бағыты жаңарып жатқан партия бастауыш ұйымдардың қызметін жетілдіруге, олардың бір-бірімен байланысын арттыруға баса мән беріп отыр. Осы орайда, бастауыш партия ұйымдарының рейтинін жасақтау көзделіп отыр.
Екіншіден, партияның сайлауалды бағдарламасын дер кезінде орындаудың маңызы зор. Өйткені, сайлаудың алдында партия сайлаушыларға, халыққа нақты істер мен көрсеткіштерді айта отырып уәделер берді. Сол уәделер дер кезінде орындалса ғана халықтың сеніміне ие бола аламыз. Сондықтан сайлауалды бағдарламаны орындаудың жол картасы әзірленіп, оны бақылаумен айналысатын қоғамдық кеңестер құрылғаны белгілі. Шымкент қаласында сондай 11 кеңес жұмыс істеп тұр. Партияны жаңғырту барысында осы кеңестердің де қызметін жетілдіру көзделіп отыр.